Наурызда құрбандық шала ма?

Наурызда құрбандық шала ма?
Фото: zheruiyq.kz

Наурыз – Орта Азия мен Таяу Шығыс елдеріне, осы аумақта жатқан бүкіл мұсылмандарға тән көнеден келе жатқан мейрам. Мұны көбінесе мұсылман қауым атап өтетіндіктен, бір жағынан діни мейрам екен деп те қаламыз. Сондықтан болса керек, наурыз бен діни мейрамдарды шатастыратын жұрт баршылық. Кезінде бұл мерекеде құрбандық шалынған екен деген сыбыс та бар. Ендеше мұның анық-қанығын білуге тырысып көрелік.

Ұлттық мейрам наурыз бен оның дінге қатысы бар деген ой ХХ ғасырдың басында айтыла бастады. Бұған 1925 жылы Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожановтың "Еңбекші қазақ" газетіне берген мақаласы дәлел болады. Мұнда публицист наурыз мейрамының ислам діні тарағанға дейін шыққан, тұрмыс тудырған шаруалар мейрамы дегенді айтады.

"Наурыз мұсылмандықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, оның қалған малы балалап, қарасы көбейіп жатқан, өздері егін шаруасына қам қылып, қасиетті жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенінше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз…" – деп жазады Сұлтанбек Қожанов.

Дәл 22 наурыз күні шыққан сол мақаласында Қожанов мына бір мәселені айта кетеді:

"22-ші март – Наурыз мейрамы. Күншығыс халқына тегіс мейрам қылып өткізу салт болған күн. Мұны көп білгіштер дін мейрамы деп жиреніп, лажы болса, құртып жіберу керек деп сопышылсынып, аңқау елге арамза молдалық соғатын қазақ коммунист жолдастардан бар екен. Наурызға арналған намаз жоқ. Наурызда құрбан шалынып, құран оқылмайды. Наурыз – жыл басы. Наурыз – күн мен түннің теңеліп, күннің асып кетіп бара жатқан уағына дәл келетін мейрам", – деп жазады қоғам қайраткері.

Бұл үзіндіден сол уақытта Наурызды қаралауға тырысып, оған жасырын діни сарын қоспақшы болғандар шыққанын байқаймыз. Құрбандық шалып, намаз мен Құранды оқуды да солар шығарғанға ұқсайды.

Бұдан кейін публицист Наурыздың неге шаруаның, халықтың салтынан туған мейрам екенін дәлделдеуге тырысады.

Қоғам қайраткері, жазушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың "Бабалар аманаты" атты кітабында жазғандай, әсіресеқызыл коммунистердің "арқасында" 1927 жылдан бастап Наурыз мерекесі тойлауға арнайы тыйым салынды. Содан ұзақ үзілістен кейін 1988 жылы халықтық мейрам ретінде алғаш рет Алматыда тойланды.

Қазақ елінің ардақтап асыға күтетін жыл мерекесі, шаруа тойы, табиғат мейрамы осы – Наурыз. Бұл күнге әрбір отбасы қыстан бастап дайындық жасаған. Қысқы соғымның, айтайық, шеке, жамбас, жілік, қазы дегендей, қадірлі мүшелерінен әдейі арнап сүрі сақтайды. "Наурызда ашамын" деп әжелер қарындағы майын, жент, құрт, ірімшік деген секілді тағамдарды алдын ала үнемдеп, қамданып жүреді.

"Шешелеріміз наурыздағы дәмдерді "ұзынсарының сыбағасы" деп те атайтын. "Ұзынсары келетін шақ" деп қазақтар көктемнің көкөзек кезін айтады. Қысқы соғым таусылып, мал әлі төлдемей, айран-сүт, уызға жарымайтын малдың арық уағы. Адамның да өңі өзгеріп, қуқылданып, көзі қарығып, жылы жазды сарыла күтетін кезең. Сондықтан аналарымыз Наурызға деп жоғарыдағы тағамдарды көзден таса жерлерге ықтияттап, тығып жүруші еді", - деп жазады Зейнеп апамыз.

Зейнеп апамыз тағы бір сөзінде "наурыз мейрамында мал соймайды, жалпы қан шығармайды. Өсер төлге, көбейер малға кесірі тиеді, мал басы кемиді деген тыйым бар" дегені де бар.

Қазақта наурыз кезінде құрбандық шалу әдеті болмағанын имамдар да айтады. Халифа Алтай мешітінің наиб имамы Дәулет қажы Қабидолдиннің айтуынша, қазақтың наурыз келгенде қой сойып, ет асатын, наурыз көженің қамын жасайтын әдеті бар. Алайда мұның құрбандық шалуға қатысы жоқ. 

"Мұсылмандарда тек екі мейрам ғана бар. Бірі – ораза айт, екіншісі – құрбан айт. Екеуінің уақыты григориан күнтізбесіне сәйкес, жыл сайын бірнеше күн алдыға жылжып отырады. Егер құрбан айт алдағы жылдары наурыз айына дөп түссе, сол кезде ғана құрбандық шалынады", - деп түсіндірді имам.

Қ. Слямбек