Наурыздағы қазақы ырымдар

Наурыздағы қазақы ырымдар

Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – түркі жұртының мерейлі мейрамы. Орталық Азия халқында 5 мың жылдан бері тойланып келеді.

Наурызға қатысты халық танымында түрлі салт-дәстүр, наным-сенім мен әдет-ғұрып бар. Жыл басынан жақсылық күтіп, әр істі жақсы ырымға балайды. Бүгінгі айтпағымыз да осы наурыздағы наным-сенім мен ырымдар жайлы болмақ.

Қазақ халқы наурыз мейрамынан бір күн бұрын үйлерін қағып-сілкіп тазалайды. Мереке күні киетін сәнді киімдерін әзірлейді. Кірлерін күн ілгері жуады. Наурыз күні кір жуса үйден "құт үркеді", бастан бақ таяды деп түсінген.

Қазақ наурыз күні жаңа шыққан күннің жүзіне қарап бетін сипайды. Онысы жаңа күннен басыма бақыт дарысын дегені.

Наурыз күні алғаш жауған жаңбырға басын тосып, жақсылық күту нанымы да бар. Аспаннан нұр жауады деп біледі. Осылай істесе жылдар бойы басым ауырмайды, жолым жеңіл болады деп сенеді.

Қазақ наурыз күні үйіне қарлығаш ұшып кірсе, ерекше қуанады. Жыл құсы кірді, шаңырағыма құт кірді деп ырымдайды.

Қазақ наурыз күні тырнақ алмайды, шаш қиғызбайды. Олай етсе бақ кесіледі, жол тосылады деп ырым етеді.

Қазақ наурыз күні ыдыс-аяғын сылдырлатпайды, құт қазанда тұрады деп ырым етеді. Ыдыс-аяқ сылдырласа құт үркеді деп сенеді.

Қазақ наурыз күні отқа сүйек тастап күйдірмейді. Олай жасаса ата-баба әруағы шамырқанады деп ырым етеді.

Қазақ наурыз күні қыдырып келген баланы құр қол шығармайды. Бала бақыт, бала бал, баламен бірге үйге бақыт кіреді. Бала үйден өкпелеп шықса, бақыт баламен ілесіп кетеді деп нанады.

Қазақ наурыз күні алыс сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтайды. Онысы жолаушы аман келсін, мереке дәмі береке, осы берекелі астан ауыз тисін дегені.

Қазақ наурыз күні малы төлдесе, оның төлін басқа біреуге сыйламайды. Себебі жыл басындағы құтымыз басқаға ауып кетпесін дегені.

Қазақ наурыз күні сауысқан үй төбесіне қонып шықылықтаса жақсы ырымға балайды. Олжадан, жақсылықтан сүйінші келеді деп сенеді.

Қазақ наурыз күні үйіне дуалы ауызды адамды шақырып батасын алады. Барлық іс батадан басталса баянды болады деп сенеді.