"Massaget.kz" оқырмандарын танымал тұлғалар 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтайды
Қалың қазағым!
Қазағымыз «Жаңа Жыл жарылқа, Ескі жыл есірке» деп жатады. Бір жылды артқа тастап, тарих қойнауына тағы бір жыл қосылғалы тұр. Санаулы сәттен кейін табалдырығымыздан Әз Наурыз, яғни жаңа күн, жаңа жыл аттайтын болады. Бар өкпе-реніш пен уайым-қайғы ескі жылда қалып, жаңа жыл күллі қауымға жақсылық нұрын төксін! Әр шаңырақ риясыз қуаныш пен шаттыққа толсын! Халқымыз аман болып, жеріміз тыныш болсын! Аман-есен жылдан-жылға, Наурыздан-Наурызға жете берейік! Әумин!
Ізгі ниетпен, «Аруана» әжелер ансамблі
Құрметті халайық!
Ұлыстың Ұлы күні Әз Наурыз мерекесі құтты болсын! Жыл басы Наурыз мерекесінде күн мен түн теңесіп, тіршілік жаңарып, өмір жаңғырып, пейіл түзеліп, көңіл көтеріліп, тілек-дұғалар қабыл болады.
Наурыз мейрамы баршамызға құт-береке, ынтымақ-бірлік, татулық пен тыныштық әкелсін! Еліміз аман, жеріміз тыныш, аспанымыз ашық болсын, ағайын!
Шын жүректен, «Парасат» тобы
Ассалаумағалейкум, әлеумет!
Наурыз - табиғат әлемі жаңарып, тіршілік атауына жан бітіп, күн мен түн теңелетін ғажап күн. Жыл басы Наурыз мейрамы баршаңызға бақыт пен береке, молшылық пен ырыс, тыныштық пен татулық әкелсін! Әр шаңырақта шаттық пен жақсылық атауы орнап, керегелер күлкі мен қуанышқа толы болсын! Үміт-тілектеріңіз ақталып, арман-мақсаттарыңыз жүзеге ассын! Басымыз аман, бауырымыз бүтін, төрт құбыламыз тең болсын, бауырлар!
Жарқын өмірдің бастауы саналатын Әз Наурыз мерекесі құтты болсын!
Игі тілектермен, Нұрлан Албан