- Негізгі бет
- НАУРЫЗ 2012
- "Алаш айнасы" Наурыз...
"Алаш айнасы" Наурыз мерекесін атап өтуде
«Алаш айнасы» республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газеті ұжымы Алматы қаласында Наурыз мерекесін кеңінен атап өтуде. Төрт қанатты киіз үй тігіліп, ақ дастархан жайылды. Барлық қонақтар ұлттық тағамнан ауыз тиіп, Наурыз көжеден дәм татты. Газет ұжымы ұйымдастырған дүбірлі тойға бірқатар әдебиет қайраткерлері мен өнер адамдары келіп, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен күллі қауымды құттықтап, игі тілектерін білдірді.
Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының студенттері ұйымдастырған шағын қойылымнан кейін белгілі ақын-сықақшы Көпен Әмірбек ақ батасын беріп, мерекелік іс-шараның шымылдығын ашты.
Аты алашқа ғана емес, алты құрлыққа белгілі «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мен «Алдаспан» тобы халық сазгерлері мен авторлық шығармаларын орындап беріп, «V-Alem», «Алаш ұлы» топтары мен жас әнші Ермек Балжігіт сияқты өнер иелері әсем әндерін шырқады.
«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі:
«Ұлтымыздың мерейі асқақтайтын Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесі баршымызға құтты болсын! Әр шаңырақ шаттық пен риясыз қуанышқа, ырыс пен берекеге толсын. Аспанымыз ашық, еліміз аман, жеріміз тыныш, төрт құбыламыз тең болсын! Наурыз мерекесін атап өтіп отырған «Алаш айнасы» газетінің ұжымына алғысымызды білдіре отырып, шығармашлық табыстар тілейміз!»
«Алдаспан» тобы:
«Келіп жеткен ұлы мереке Наурыз құтты болсын! «Алаш айнасы» газеті ұйымдастырып отырған үлкен мерекеде баршаңызға амандық пен бақ-береке тілейміз!»
«Жастар жырлайды» бағдарламасында бой көрсеткен айтыскер ақындар қос ішекті қағып жіберіп, айтысқа түсті. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған ақындар мүшәйрасы қорытындысы жарияланып, жүлдегер ақындар марапатталды. Наурыз мерекесінде ұлттық ойындар ойнатылып, салт-жоралғылар ұйымдастырылды. Жұмекен Нәжімеденовтың жары «Алаш айнасы» газетінің «Өркениет» бөлімінің тілшісі, журналист Айнұр Сенбайдың қызы Айшаның тұсауын кесті.
Шара соңында жиналған қауым «Қара жорға» биін биледі. Бір жыл бойы тойланатын Ұлыстың Ұлы күні Алатау бөктерін ән мен күйге кенелтіп, қауымды жаңа күннің қуанышына бөледі...
Ғ. Ұзақ