22 наурыздағы махаббат оқиғасы: Алтыбақан

22 наурыз талай қызықтарға толы болады. Оған шүбә жоқ. Алайда ертегіге бергісіз дүниелердің де ұшырасып жататыны жасырын емес. Әңгіме біздің оған қаншалықты сенетініміз турасында. Сенетін жұртқа өмірде болған бір қызық оқиғаны ұсынбақпыз. Бұл оқиға 22 наурыз күні болған. Бүгінде сол кейіпкерлер өмірде жасап жатыр.
 

- Мен оны сүйдім бе?  Жоқ. Бірақ, не бірақ... Кеше ғана кездескеніміз ше? Ол маған қарап күлген, мен оған қарап күлгем. Әлгі тербетілетіннің үстінде алғаш танысқанбыз. Ұшырасқанбыз. Әлгі ненің аты қандай  еді?  Әткеншек пе, алтыбақан ба?! Оны қойшы. Бәрінен бұрын сол қызды айтсайшы... Тәтті мұң толы көздері, лебізге толы сөзі, шиедей қызыл еріні, сәбидей аңғал күлкісі.... Ебедейсіз қимылдаған қала баласын икемге келтірген де сол қыз. Тас мүсінге алғаш жан бітірген де сол қыз. Кеудедегі арман-құсын оятқан да сол. Кім?...Көрсем, көрсем  бірден танимын. Танитын шығармын, қалайша? Атын да білмеймін, мекен-жайын да. Тіпті, тіпті телефон нөмірін де сұрап алмаппын ғой. Сонша уақыт тербетіліп тұрып, сыр алыспағаным дұрыс болмапты. Ақылдан алжасайын дегенім шығар. Мүмкін, алжасып болған шығармын? Қалайша кетіп қалғанмын, қалайша?.. Мен оны сүйем. Иә, сенімдімін! Керек болса, қазір барып айтам. Алдымен тауып алайын.  Мен оны сол маңнан іздейін. Ауыл шетіндегі алаң емес пе еді?- Келдім. - Жан-жағыма қарадым. Бүгін жұрт аз сияқты. Тойдың ыстығы басылайын деген. - Тербетілетіннің қасына келдім. Тұрмын. Санаулы қыздар мен жігіттер жүр. Ол теріс қарап тұр екен. Маған қарайтын түрі жоқ. Жүрегім бұлқынып барады. Жүгіріп барып, құшақтап алдым. Құшақтап тұра бергім келді. - "Жібер!"-деп жатыр. Жібергім жоқ. Даусы өзгеріп кетті. Көзіне қарағым келді. - Кешіріңіз! -  Басқа қыз болып шықты. Жүгіріп кетіп қалды. Тұрған жерде қатып қалыппын. 

Іздедім. Жоқ. Табыла қоймады. Тұрдым. Күттім. Ойланып кеттім. 6 жыл бұрын қаланың ең мықты дейтін мектебін бітігенмін. Оқуды да қызылға тауыстым. Ол аз дегендей, 2 жыл магистратура оқып алдым. Жұмысым да дайын тұр. Бәрі бар. Бірақ бұның бәрі кез келген адамның қолынан келеді. Сонда мен...Осынша жасқа келіп тұрып, ешнәрсе бітірмегенім бе? Мәселен, өмірімде бірде-бір қыз болмапты. Өмірімде ешкімді сүйіп көрмеппін. Өмірімде жақсылық жасаудың теориясын ғана меңгеріппін. Өмірімде мейірімділік танытпаппын. Өмірімде...Кеше ғана, бірінші рет өзгеше сезімді кештім. Және айырылып қалғым келмеді. Қалалық инстинкт бәрін құртқан. Себепсіз, ешқандай мақсатсыз, қоштаспастан кетіппін де қалыппын. Ұят болған шығар. Жалғыз қалғанда қандай ойға келді екен. Безініп кеткен шығар. Онда несіне күтіп тұрмын. Келмейтін де шығар!

Кеш қарая бастады, жастар ауыл шетіне жинала бастады. Қызықты ешнәрсе болмады. Кетейін деп тұрғанда, бейтаныс қыз келіп, «Алтыбақан!»-деді.  Мінді. Есіме түсті: «Алтыбақан!»  Кешегі қыздың да аты  Алтыбақан болатын. Бұрын-соңды естімеген есім еді. Кеше таң қалғам. Ол алтыбақанға мінді, мен де міндім. Тербетіле бастадық. Ауада қалқып бара жатырмыз. Әлем екеумізді алақанына салып, аялап жатқан сияқты. Дүние керемет күйге бөленіп тұр. Жоқ, біз бөленіп тұрмыз. Ол екеуміз. Алтыбақан екеуміз. Бағанағы бейтаныс қыз ғашығым екен. Алғашында түсінбей қалғам. Сөйтсем, бәріне себеп алтыбақан екен. Бір ғана алтыбақан. Ол мәңгілік бақыттың бесігі екен. Ғасырлар бойы адам бақытын күтеді екен, күзетеді екен.

Тербетіліп тұрмыз. Менің Алтыбақаным өзгеріп кеткен. Тура кешегідей.  Бет-жүзі күлкіге шомылып кетіпті. Маған қарап күле береді. Ал мен болсам жылап тұрмын, жылап тұрмын. Менде де жүрек бар екен. Мен ғашықпын. Адаммын. Енді мен сүйе алам.  Енді менің екі бірдей Алтыбақаным  бар...

 

Суреттер: kino24.kz