- Негізгі бет
- НАУРЫЗ 2012
- 22 наурызда сәнді...
22 наурызда сәнді киініңіз!
«Ең әдемі киім – ұлттық киім» демекші, қазақ халқы да төл киімдерін ұмытпай, ұлттық нақышын жоғалтпай сан ғасырлардан бері сақтап келе жатыр. 22 наурыз мейрамы осындай ұлттық нақыштағы киімдерімізді сандықтан шығарып, жұртқа паш ететін тамаша мүмкіндік.
Ұлттық киімдердің мәнерлі де ерекше бөлігі, халықтың эстетикалық талғамының көрсеткіші ол әрине – баскиімдер. Осы күні дүкен сөрелерінде тақиялардың сан түрлері қаптап тұр. Соның біреуін сатып алып, немесе атадан балаға қалған тақияны сән үшін киіп алсаңыз болады. Тақия ерлердікі және қыздардыкі болып бөлінеді. Қыздарға бұл тұрғыда талғамға сай небір түрлі баскиімдер ұсынылған.
Ерлер тақиясы
Қыздар тақиясы
Көктемнің суық лебі әлі кете қойған жоқ. Басыңызды жылырақ ұстап, сәнді қалпақ, не бөрік киіп алыңыз. Бөріктің де қыздарға арналған түрі болады. Негізінде қыздарға талғамдарына сай түрлі баскиімдерді таңдау мүмкіндігі бар. Көңіліңіз қаласа, әдемі қасаба киіп алыңыз, ал келіншектер 22 наурызда кимешек, не жаулықпен сәнденсе болады.
Қыздар 22 наурызда үстеріне бүрмелі көйлек киіп, сыртынан бешпент, не камзол киіп алса, тіпті тамаша. Бүрмелі көйлек табылмай жатса, қарапайым көйлектің сыртынан сәнді камзол киіп алуға да болады. Бешпент пен камзолдың айырмашылығы бешпенттің етегі тізеден сәл жоғары болып келетін көйлектің сыртынан, шапанның ішінен киілетін киім. Ал камзол қысқалау келген, күнделікті тұрмыста киілетін жеңі шолақ, дене бітімін көркемдей түсетін киім. Камзолмен әдетте тақия киген. Камзолдың жеңді түрлері де, ұзын түрлері кездеседі.
22 наурыз күні суық боп, көктемнің салқын ызғары жеңіл киінуге жол бермесе, сыртынан шапан киіп алыңыз. Шапан - қазақтың ең көп тараған, аса қастерлі, кәделі сырт киімдерінің бірі. Әдемі, мықты маталардан жасалатын шапандардың әйелдерге де, еркектерге де арналған түрлері бар. Ежелде шапанға қарап, адамның әлеуметтік-қоғамдық "дәрежесін" анықтаған. Алайда осы күні шапанды тек әншілер болмаса, қарапайым халық кие бермейді. Осы Наурызда сондай бір шапанды иығыңызға жауып, ел аралауға неге шықпасқа? Құдайға шүкір, тойларда небір шапандар сыйға тартылады.
Аяғыңызға ең көп таралған мәсі, оюы бар етік, саптама киіп, 22 наурыз мерекесін тойлауға шықсаңыз болады. Саптама - қонышы ұзын, киіз байпақпен шалбардың балағын ішіне салып киетін етік. Оның қыстық, жаздық түрлері бар.
Әлбетте ұлттық киімдерді тек 22 наурыз мерекесінде кию керек деген қағида жоқ. Оны қалаған уақытыңызда кие аласыз, ең бастысы ниет болса болғаны. Жалпы тек осы мейрамда ғана емес, жиын-тойларда ұлттық киімдерді кию дәстүрін енгізсек, тіптен керемет болар еді. Қазіргі уақытта ұлттық киімдер қолжетімді, сән үйлері де ұлттық нақышта киімдер тігіп, кейбірі қарапайым тұрмыста киілетін сәнді бұйымдарға айналып үлгерді. Бәрі тек талғам мен ниетке байланысты.
Суреттер "Қазақ халқының ұлттық киімдері" кітабынан және turan.info, meshit-kokshe.kz, vkoem.kz, writers.kz, caspionews.kz сайттарынан алынды.
A. Mustafina