- Негізгі бет
- НАУРЫЗ 2012
- 22 наурыз. Наурызға...
22 наурыз. Наурызға не сыйлауға болады?
Көктем мезгілінің айтулы мерекелерінің бірі, жылдың басы Наурыз – жүректердің тоғысқан сәті. Ұлыстың Ұлы күні 22 наурызда туыстар мен достар бір-біріне қонаққа барып, тілек айтып, дастарханнан дәм татады.
Ата-бабаларымыз осы күні бір-біріне қандай сыйлықтар сыйлаған? Қандай дәстүрлерді қазір де қолдануға болады?
Жастар 22 наурызда ата-әжелер, үлкен кісілердің үйіне "белкөтерер" апарып, бата алған екен. Бұл - қарт кісілерге арналған жылы-жұмсақ тағамдар. Олар әрі жұмсақ, әрі дәмді, нәрі мол қазы, сарымай, жент, қымыз, ақ ірімшік, бал, тағы сол сияқты тамақтардан әзірленеді. Бұны балалары, көрші-қолаңдар, сыйлас кісілер арнайы дайындап апарады. Бұған риза болған қарттар оларға өздерінің ақ батасын айтады.
Осы күні жас қыздар мен жігіттердің бір-біріне беретін ерекше сыйлықтары: "селтеткізер" мен "ұйқыашар".
Сағат он екіде, жұрт ұйықтап қалмауы үшін жас келіншектер, қыздар "ұйқыашар" деп аталатын дәм тағайындап, өздері ұнатқан жігіттерге апарып береді. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер селт еткендіктен "селтеткiзер" рәсiмiн жасайды. Яғни, қалауынша айна, тарақ сияқты бұйымдарды сыйлаған екен. Бұл салттарды қазіргі заманға сай етіп, Наурыз мейрамында сүйікті жандарыңызға дәстүрлерімізге сай сыйлықтарды тарту етіңіз.
"Ұйқыашар" мен "селтеткізер" қыз бен жігіттің бабалар ғұрпын сақтап, сезім мен сенімге толы салтпен көңіл қосып, екі жастың бір-бірін тауып, қосылуын үгіттеген игі дәстүр. Осы дәстүрді жаңғыртып, бүгінгі заман талабына сай жүзеге асырсақ, ата-баба алдындағы парызымызды өтегеніміз болмай ма? Жүрегіңіз жақын тартқан жанға Наурыз мерекесінде "ұйқыашарға" не дайындауға, "селтеткізерге" не тарту етуге болады деген сұрақтарға жауаптарды осы жерден іздеңіз!
"Ұйқыашар"
Бұл ет, тәтті уыз сияқты дәмді тағамдар. Ұйқыашар қыз-жігіттердің бір-біріне деген сезімі мен махаббатын арттыра түсуге себепші болған. Әдетте "ұйқыашарды" соғымның соңғы етін уызға салып дайындаған немесе ұлттық тағамдардың басқа да түрлерін ұсынған. Ал сіздер, аяулы арулар, "ұйқыашарға" өз қолдарыңызбен заманауи тағамдарды әзірлесеңіздер де болады. Сіз әзірлеген "ұйқыашар" серіңізді селт еткізіп, ол сезімін білдіре отырып, "селтеткізер" сыйлығын тарту етсін! Іске сәт!
"Селтеткізер"
Жігіттердің ұнаған қыз-келіншектеріне Наурызда тарту ететін ерекше сыйлықтары қатарына сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар жатады. Бұл сыйлықтардың мағыналары да ерекше.
Сақина, жүзік немесе білезік – ежелден бері ішкі жан-дүниенің бірлігін, бір-бірін аңсаудың, татулықтың нышаны. Әсіресе, қазақы, күміс зергерлік бұйымдарды, әдемі ою-өрнектермен безендірілген естелік бұйымдарды таңдауыңызға кеңес береміз.
Орамал - сіздің талғамыңыздың жоғары екендігін көрсететін бірден-бір сыйлық. Сәнді орамал тартымдылықтың, әсемділіктің нышаны. Оны заманауи үлгіде таңдағаныңыз жөн болар.
Ата дәстүр бойынша пәктік пен әдеміліктің нышаны болған айна-тарақ сыйласаңыз болады. Бірақ қазіргі заманда арулар үшін қажетті сүрмелі немесе опа-далапты айналар қызыңызды қуантары анық.
Айна- пәктіктің, жастықтың белгісі.
Иіссу – жаңа бүршігін жарған жауқазындай құлпырудың нышаны.
Тарақ - әдемілік пен сұлулықтың белгісі.
Сондай-ақ, бұл шуақты мерекеге өзіміздің дәстүрлерімізге сай кәдесыйлар сыйласаңыз болады.
Суреттер "Қазақтың дарқан дастарқаны", "Қазақтың зергерлік өнері" кітаптарынан және visualphotos.com сайтынан алынған.
С. А