- Негізгі бет
- НАУРЫЗ 2012
- 22 наурыз. Мерекелік...
22 наурыз. Мерекелік фильмдер - Әбілқайыр хан
Мерекелік фильмдер сериясын жалғастырамыз.
22 наурызда көріп шығуға ұсынылатын келесі фильм - Әбілқайыр хан. Картина 1993 жылы режисер Виктор Пусурмановтың жетекшілігімен түсірілген. Оқиға желісі Тахауи Ахтановтың "Ант" драмасының негізінде құрылған. Сценарий авторы - Ермек Тұрсынов. Фильмде Әбілқайыр хандық құрған 18 ғасыр бейнеленеді. Қазақ халқының жан-жақтан дұшпандардың езгісіне ұшыраған кезі. Башқұрттар, еділ қалмақтары, ойраттар елге көз алартып, тәуелсіздігімізге қауіп төніп тұрған кезең. Бұның барлығы орыс халқымен тығыз дипломатиялық байланысқа итермеледі. Осындай саяси оқиғалардың фонында ұлы ханның махаббаты бейнеленеді.
Фильмде Тұңғышбай Жаманқұлов, Жанна Қуанышова, Асанәлі Әшімов секілді талантты актерлар өнер көрсетеді.
Әбілқайыр - он сегізінші ғасырда өмір сүрген, қазақ халқының тарихын қалыптастыруға әсер еткен адамдардың бірі. Ол ес білгелі Қазақ хандығының дұшпандардың езгісіне төтеп берумен өмір сүріп келген елдің қиын халін көріп өсті. Себебі, он сегізінші ғасырдың басынан бастап Жоңғар хандығының ықпал ету аймағы кеңейе түскен еді. Нақты айтсақ, Алтай, Шығыс Түркістан, Ертістің ортаңғы және жоғарғы сағасы мен Есілдің ортаңғы сағасы.
Жастайынан жаугершілікті көріп өскен ол ірі айқастарға да ерте шығып, батырлығын паш етті. Тарихи деректер оның Ташкентті, Сайрамды, Түркістанды жоңғарларлардан қорғау шайқасына қатысқандығын көрсетіп отыр.
Кейінірек Әбілқайыр кіші жүздің Ресей халқына қосылуына ықпал етеді.
Олай болса, 22 наурызда тарихымызға көз салып, өткенімізді зерделеудің ыңғайы келіп отыр.
Фильмді толығымен мына жерден көруге болады: ӘБІЛҚАЙЫР ХАН
сурет: sch1-rudny.narod.ru