22 наурыз. Киіз үй - көшпенділердің өнер туындысы

Әне-міне дегенше Наурыз да келіп жетті. 22 наурыз. Жыл басы. Жаңа жыл. Бағзы заманнан келе жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған. Әз Наурызда әдемі киіз үйлер тігіледі. Иә, төл киіз үйлерімізді жылына бір рет Ұлыстың ұлы күнінде ғана көруге болады. Қазақ халқының, яки түркі әлемінің құтты ордасы да осы. Бақытын да, қуанышын да  бөлісіп келген құтты ұя.  22 наурыз қарсаңында көптің қуанышын ортаға салатын жер. 22 наурыз қарсаңында шалқып та қалатын киіз үй.

Қазақтың киіз үйі - әрбір шаңырақ иесінің, әрбір қазақ баласының қоғамдағы орнының, ел ішіндегі беделінің, тұрмыстағы байлығының көрінісі десек, қателесе қоймаспыз. Киіз үй көшпелілер үшін табиғаттай сұлу, кеңістіктей үйлесімді шағын әлем болған десек дәл айтқан болармыз.

Киіз үйдің маңдай алды міндетті түрде шығысқа қаратылып тігілген.

Киіз үй - қазақ үшін адамгершіліктің ұясы, қасиет тұтар орда болған. Ұзатылған қызына да, бөлек шығарған ұлына да қазақ халқы үй көтеріп беретін болған.

Қазақтың киіз үйі - әр қазақ  үшін тәуелсіздігі мен бостандығының, байлығы мен барлығының, рухани кісілігі мен қоғам алдындағы міндеттілігінің символы. Үй тігіп беріп шығарылған ұл санаққа кіреді. Өз алдына жеке салық төлеп қоғам байлығына үлес қосады. Киіз үй сәулет өнері тұрғысынан қарағанда керемет үйлесім мен жарасымдылықты танытса, философиялық ойларға әлемдік жаратылыс тұрғысынан жауап бере алады. Кез келген баспана, адам баласы үшін өмір. Ал киіз үй болса, қазақ халқының эстетикалық тәрбиелушісі, қол өнерінің мұражайы ретінде де қымбат. Қазақ киіз үйі өзінің архитектуралық пішімі жағынан да өзіне тең келер нұсқасы жоқ дүние.

Көшпенділерге көшіп қонуға ыңғайлы етіп 4, 5, 6, 7, 8, 10 қанатты және сән-салтанат құру мақсатында 12, 14, 16 қанатты етіп жабдықталатын болған. 22 наурыз мерекесінде киіз үйдің түр-түрі тігіледі.

Кейбір деректерде, ауыз әңгімелерде 24, тіпті 30 қанатты киіз жасалғаны туралы айтылады. 1253-1255 жылдары Қазақ жерін басып өткен Француз елшісі Рубруктың айтуынша "кейбір киіз үйлерді тарту үшін арбаға 22 өгізге дейін жегіледі екен", - деген сөздері дәлел.

Қазақтың киіз үйлері жоғары лауазымды, мемлекет басқарған адамдардың дәрежесіне сәйкес: Алтын Орда, Ақ Орда, Хан Орда, Орда, деп аталып, сол аттарға лайық жасақталатын болған. Киіз үй иелерінің рулық, тайпалық түсініктегі мансабына байланысты: Үлкен үй, Кішкене үй, Отау, Кіші отау деген аттармен мәртебеленген.


Киіз үй - көші-қонға ыңғайлы етіп жасалған көшпелі елдердің сәулеттік ғимараты.

Қазақ халқы өзінің қасиетті мекеніне жалпы киіз үй деп ат таққанымен, оған қоса ағаш үй, шаңырақ, қара шаңырақ секілді атулармен де атай береді. Алтын Орда, Ақ Орда секілді сөздер мен елеусіздеу ғана үлкен үй, жабасалма, күрке секілді аттар да сол киіз үй аттары.

Сурет : saken.wordpress.com, blog.travelpod.com