22 наурыз. Қазақ халқының салт-дәстүрлері: Той дәстүрлері

22 наурыз. Қазақ халқының салт-дәстүрлері: Той дәстүрлері

Жас жұбайлар некесін 22 наурыз мерекесі қарсаңында қидыруға тырысқан. Себебі, 22 наурыз мейрамы - ұлтымыздың жаңа жылы. Сондықтан, 22 наурыз - Ұлыстың ұлы күні алдында сіздердің назарларыңызға той дәстүрлерін ұсынамыз. 

Қыз айттыру

Әр ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ерте іздейді. "Анасын көріп, қызын ал" деген қағиданы ұстанады. Яғни болашақ құдасын орынды жерден, жақсы кісілерден, аталы ауылдан қарайды. Тұқымында ауруы бар отбасының қыздарына сөз салмайды. Лайықты деген адамдардың аулына әдейі барып, балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды. Өздерінің құда болу ниетін білдіреді. Мұны "қыз айттыру"дейді. Қазақтың ертеден белгіленген заңы бойынша, жеті атадан бері қыз алыспайды. Некелік ережеде әйел күйеуден 8 жас, еркек әйелден 25 жас үлкен болса, қосылуға рұқсат етілмейді. 

Қыз алып қашу

Кейбір жігіттер өз сүйген қызын алып қашады. Тарихтан белгілі болғандай, Қалқаман Мамырды, Кебек Еңлікті алып қашып қосылған. Қыз алып қашудың түрлері көп. Мысалы, бірін-бірі сүйген жігіт пен қыз қашып кетіп қосылады. Ал кейбір жігіттер қыздың келісіміне қарамай, зорлықпен алып қашады. 

Құда түсу

Жігіттің әкесі немесе жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі, яғни бойжеткен қызын сұрайды. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам саналады. Қыз әкесі келісім берген соң, құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. 

Киіт

Құдалықтың негізгі белгісі - киіт және олардың арасында жүретін, соған лайықталған сый-сияпат, мал, киім, мүлік. Ол құдалар дәрежесіне, дәулетіне байланысты әртүрлі болып келеді. Бұрын құндыз жағалы тон, қасқыр ішік, кілем тағы басқа қымбат бұйымдар, киімдер мен заттар, жүздеген мал берілген. 

Құйрық-бауыр

Бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанымен, қазақ дәстүрінде ерекше орын алады. Екі жақ келісіп, құда болған жағдайда, оларға "құйрық-бауыр" арнайы сый әкеледі. Әкелуші әйел "бауырдай жақын, құйрықтау тәтті болыңдар" деген тілек айтады. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық-бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі - құжат болып бекітілген.

Төркіндеу

Төркіндеу ұзатылған қыздың өз еліне арнайы баруы. Бұл кезде қыздың барлық туған- туысқандары оны қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп, аттандыруы тиіс. Төркіндеу - әр қыздың парызы және ол бір-ақ рет төркіндеп баруға қақысы бар. Дәстүр бойынша, қыз - төркіндеп, күйеу - қайындап, жиен - нағашылап барады. 

Неке қияр

Неке - қасиетті ұғым, беріктік шарты. Қазақ халқы мұны "ақ неке" деп ардақтайды. "Ақ некелі жарым" деп мақтанады. Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде некесі қиылады. Ол көпшілік алдында жасалады. Қосылған, бірақ некесі қиылмаған адамдарды халық "некесіз" деп сөккен және оларға салқын қараған. Олардың балалары да "некесіз туған"деген жаман атқа қалған. Рәсім барысында өлеңше ұйқасқан сөздер айтылып, содан соң, неке суы ішіледі. Бұдан кейін олардың некесі қиылып, ерлі-зайыпты адамдар болып саналады. Үлкендер жақсы тілек тілеп, қол жайып бата береді. 

Сурет: mnogo.kz 

Р. Роза