Осы күні той-жиындардың сәніне айналған «Қара жорға» биінің төңірегінде түрлі алып-қашпа әңгімелерге қарамастан, би халыққа тарап, көпшілікке еніп кетті. Қауым да биді жатсынбай, бірден икемге салып, тойларда мың бұралудан тайсалмайды. Бұның сыры неде екен?
Жалпы қазақ халқы биінің түп-төркіні шамандардан бастау алады дейді ғалымдар. Бұрынғы заманда бақсылар бастарына үкі тағып, денелеріне түрлі шашақты киімдер киіп, дабыл соғып, немесе басқа күй аспаптарын шертіп, билейтін болған. Бақсылардың бейнесі салынған суреттер бұрынғы қазақтар мекендеген аймақтардағы жартастарда кездеседі екен. Ол суреттер шамаман 3500 жыл бұрын (б.з.б. 2000 – 1500 ж) салынған туындылар деп бағаланған.
Шамандар
Дәстүрімізге еніп жатқан «Қара жорға» биінің негізі былай құрылған: бір жігіт жабайы жылқыны ұстап алып, қолма-қол үйретіп, ауылына мініп келеді. Жылқының өңі қара, оның үстіне жорға екен. Осындай табысқа риза болған жігіт жорғаның үстінде ойнақтап, кейін жерге түсіп, билейді. Ауыл адамдарына олжасын көрсетіп, мақтанады. Басты қимылдар иыққа түседі.
Бидің «Қара жорға» деп аталуының бір сыры: қазақта төл дүниеге «қара» сөзі қосарлана жүреді: «қара шаңырақ», «қара өлең», «қара сөз» деген сияқты «Қара жорға» да сол төл мұрамыз, өнеріміз деп аталған деген де ұғым бар. Ал көшпенді қазақтар үшін көшсе көлігі, сауса сүті, сойса еті, кисе киімі болған жылқыны киелі жануар ретінде өте қатты бағалаған. Жалпы алғанда биде шаман іс-қимылдарының элементтері және көшпенді халықтың тұрмысы мен түрлі ерекшеліктері бейнеленген, адамның ой-толғанысын, қуанышын жеткізген. Бұл бидің үш түрлі аты бар: «Қара жорға», «Бақсы биі» және «Буын биі».
«Қара жорға» биі негізін Іле, Алтай аумағын мекендеген халықтардың “Жылқы биі” салған екен. «Қара жорға» биі осы бидің дамыған, басқа нұсқасы деген де деректер бар. «Қара жорға» биі басқа ұлттарда бар болғанымен олардың биленуі қазақ биінен өзгеше екен.
Қазақстанда «Қара жорға» биін қайта жаңғыртқан Арыстан қажы ата осы биді 65 жыл бойы билеп келе жатқандығын айтады. Арыстан қажы атаның әкесі биші болған адам екен. Атадан қалған мұрадан «Қаражорға», «Майдажал», «Телқоңыр», «Аю би» дегендері бар. «Қазірде «Қара жорға» биінің денсаулыққа пайдасы зор екенін мамандар айтып жатыр. Таңғы жаттығуларға осы биді енгізіп, буындардың шынығуына, қан жүгіруіне зор ықпал етеді. Өйткені, бұл биді билегенде, адамның он екі мүшесіндегі бүкіл сүйегі қимылдайды. Бидің қасиеті де осында» – дейді ақсақал. Сонымен қатар, ақсақал «Қазір біз «Сал күрең» күйінің әуеніне билеп жүрміз» дегенді айтады. Шындығында «Қара жорға» күйі өзгешелеу екен. «Сал күреңге» қарағанда байсалды, рухты болып келеді. Алайда, қазақтың «Сал күрең», «Келіншек», «Қара жорға» күйлері бір-бірімен қатты ұқсас. Дегенмен, өз ерекшеліктері бар.
1965 жылы Түркияда түсірілген көпсериялы «Қароғлан» фильмінің «Алтайдан келген жігіт» бөлімінде қазақтар ойнаған. Бізге жаңа жетіп жатқан Қаражорғаны Түркияда қазақтар осы фильмде көрсеткен екен.
"Қароғлан" фильмінен үзінді. "Қара жорға" билеп жүрген қазақ
Қалай болғанда да, қазіргі кезде әуенін сақтап, М.Тұрдақын мен С.Қалиевтің сөздеріне жазылған «Қара жорғасы» елге танылып кетті. Асыл дүниелер халыққа тез таралып, қалып қоятынын уақыт өте келе аңғарып жүрміз. Бидің тарихын қопара бергенше, оған жаңаша леп қосып, дамуына ықпал етіп, дәстүрді қайта жаңғыртқанымыз жөн болар еді.
Сіздердің назарларыңызға "Қара жорға" биін үйрететін бейнебаян ұсынамыз. Бейнебаянда көрсетілген элементтермен қимылдар жасап, биді тез үйреніп алуыңызға болады.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/knJmllftT_U?version=3&hl=ru_RU&rel=0","width":"450","height":"335"});
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/rvJC8_i1f6w?version=3&hl=ru_RU&rel=0","width":"450","height":"335"});
Суреттер: baq.kz, iloveburyatia.ru, kinostan.kz