22 Наурыз. Халқымыздың ырым-тыйымдары

22 Наурыз. Халқымыздың ырым-тыйымдары

Қазақ халқы қадым замандардан бері табиғат тағылымдарын кие тұтып, ырым-тыйымдарға сенумен келеді. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғатпен тығыз байланысты зерделі ел жыл басы Наурызды қараңғының – жарыққа, ызғардың - жылыға, қараның – аққа, сордың – баққа, кесірдің – киеге, жоқтың – барға ауысатын талайлы табалдырығы деп таныған. Төмендегі ырымдарды топтамасы  ата-бабамыздың сондай сенімдерінің үлгісі десек те болады.

  • Жыл ішінде мал-жан ауру-сырқаудан аман болады деп ырымдап, Наурызға қарсы ауыл-аймақ тазартылып, адамдар жаңа, таза киініп, шашын алып, бойын тазартып, мойнындағы қарызынан құтылады. Күнәсынан  барынша арылуға тырысып, тәубесіне келеді.
  • Жаңа жылдың алғашқы таңы атып, күн шыққанда, күннің «Құты» дарыған кісі мол ырысты болады деп ырымдалып «Қызыр түнін» күзетіп шығады.
  • Таң бозарып ата бастаған кезде, ауыл-аймақта үлкен-кіші демей биіктеу жерге жиналып, күнге қарап:

«Армысың, Қайырлы Күн - Ана!

Армысың, кеудесі түкті Жер - Ана!

Жаңа жыл жарылқа, жарылқа!» – деп, күнге тәу етіп, бата жасайды.

  • Наурызнамада сойылған Көк өгіздің бауыздау қанымен балалардың маңдайына күн бейнесін салып, «Құты дарысын, сіңсін» - деп ырым етеді.
  • «Көк қаулап өссін, ақ мол болсын» - деп ырымдап, «Құтаю» рәсімі бойынша жаңа бүрлеген шыбыққа ақ бүркеді.
  • Пәле-жала, ауру-сырқау, реніш-қайғы өткен жылда қалсын, отпен жанып кетсін деп «Аластау» рәсімін жасайды.
  • Ұлыс күні жауған қар «Ақшақар», «Нұржауды» деп аталады. Ол басталатын жылдың ырысты болатындығының нышаны.
  • Наурыз күні қарға түскен құмалық батып кетсе, көктем ерте шығады, ал батпай бетінде қар қалса, көктем 40 күн кеш шығады.
  • Ауыл ақсақаладары, көрші-қолаң «Ақ мол болып, көпшілікке бұйырсын» деген оймен бірін-бір «қымыз мұрындыққа» шақырады.
  • «Саумалық» ырымы бойынша, әрбір отбасы Наурыз тойында:

 

Саумалық, саумалық,    

Жаңа келген жақсылық.      

Жаңа келген мереке,      

Жаңа келген береке.        

 Көрмедік пе, көрдік пе?

Саумалық, саумалық,                                                                                     

Сүт көп, көмір аз.     

Өмір көп, өлім жоқ! – деп, үйдегі ескі ыдысты сындырып, «қабақ сынды, қайғы кетті» деп ырым жасаған.    

  • Егер ол түні қой малы қораға алшаңдай басып еркін кірсе, көктем ерте туады.
  • Егер күн шыққанда түсі күңгірт тартып, солғын шықса, ол жылы жауын-шашын көп болады.
  • Егер күн сәулесі шапағын төгіп, рауандап шықса, ол жылы молшылық болады.
  • Ұлыс күні күн оттай қызарып шықса, ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады.
  • Егер күннің түсі сарғыш қызғылт тартып, ыстық лебі бетке ұрып, шақырайып шықса, ол жылы құрғақшылық, далалы жерлерде өрт болуы ықтимал.
  • Шолпан жарқырап шыққан жылдары көк бітік шығады. Көмескіленіп туған жылы шөп те мардымсыз өседі.

 

Қандай тылсым жағдай болмаса да, бәрін жақсыға жори білейік.

Сурет:  yvision.kz.

С. А