Айтыс – қазақтың халық ауыз әдебиетінің әлеуметтік жүгі мол, кең өрісті үлкен бір саласы. Ол суырып салып айтатын тапқырлық, өткірлік мазмұнымен де дараланады. Осындай әлеуметтік мәні зор бір алуан айтыстарды сол кездегі ел өмірінің көркем шежіресі деуге де болар еді. Одан халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси-шаруашылық тұрмысы да, мәдени дәрежесі де, замана идеологиясы да, әдет-ғұрпы да, жалпы әлеуметтік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да көрініс тауып жатады. Заманына лайық өрбіген тартыстың неше бір формалары әлденеше тарау болып, тармақталып кетеді.
Айтыс жанрынан ең мол сақталғаны - XIX ғасырдағы айтыстар. Бұл айтыстарды Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасынан кездестіруге болады. Олардың көбі әлі күнге дейін баспа бетін көрмеген.
XIX ғасырдың айтыстарын жасаушы ақындардың көпшілігі тарихқа мәлім. Мәселен, Орынбай, Шортанбай, Серәлі, Тоғжан, Сақау, Шөже, Балта, Кемпірбай, Тезекбай, Қалдыбай, Жамшыбай, Жанақ, Ақан сері, Біржан т.б.с.с.
Айтыс - "айт" етістігінен туған зат есім, өз мағынасымен алғанда "айтыс" екі кісінің сөйлесуі. Бұл сөйлесу қазақ арасында көп ұшырасады. "Айтыс" кейде "талас" мағынасында ұғылып, біреу мен біреу таласса, жанжалдасса "пәленше мен түгенше айтысып қалыпты" деп те айтады.
Айтыстың арғы шығу тарихын осынау қазақтың жарыс құмарлығынан, әсіресе ат, жүйрік құмарлығынан іздеген дұрыс. Екіншіден, айтыскердің үлкен білімі, дүние, табиғат танымы мол, адам мінезінің білгірі және адамдық парасат, ақыл, ой, мәдениет, сыпайылық қасиет дегендер міндетті түрде болуы керек. Біздің қазіргі айтыстардан оны таба алмайсың. Егер айтыс біздің тозбас өнеріміз болып, көркейсін десек, осы шарттарды нысана етіп қою керек. Әлгі сол көп қызықтап, ұзақ дабырайтудың аяғы апарып тастай салуға, уақытша қызыққа соғады.
Жазба әдебиетінің тарихы әріден келе жатқан, мәдениетке ерте суарылған елдерде (грек, рим т.б.) "айтыс" поэзиясы ұшыраспайды. Тек ескі мәдениетті елдерде "айтыс" бар ел - араб елі. Арабта біздің "айтысқа" ұқсас өлеңмен сөйлесу (мұғаллиқат) бар, бірақ зерттеушілердің сөзіне қарағанда, "мұғаллиқат" көбінесе арабтың көшпелі тұқымы - Бедуиндер арасында ұшырасатын көрінеді. Жазба әдебиеті ескіден келе жатқан басқа елдерде "айтыс" поэзиясы бары бимағлұм.
Қазақ әдебиетінің тарихына көз салсақ, ақындар айтысы жанр ретінде бірден қалптаспағанын байқаймыз. Ақындар айтысы бұрын әдет-ғұрып айтыстары болғанын білеміз. Әдет-ғұрып айтысы іштей әр түрлі тарауға бөлінеді. Олар:
1. Жар-жар - айтыстың көне түрі. Ескі заманнан және бір қалыпта өзгермей, трафарет болып келген сияқты. "Жар-жар" қызды ұзатар алдында болатын айтыс. Той тарқар кезде бозбалалар ұзатылар қыз отырған үйге келіп, үзіктің жабығын түреді де, өлеңмен қоштасады. Бозбаланың қоштасып айтқан әрбір айтқан өлеңіне ұзатылатын қыз жауап береді.
2. Қайымдасу. Айтыстың бұл түрі - қыз бен бозбаланың өлеңмен әзілдесуі. Бұл айтыста көбіне бұрын ел аузында айтылып жүрген өлеңдермен құралып, айтыс үстінде, тақырыбына қарай кейбір шумақтары я жолдары жаңадан шығарылып, өзгертіп отырады.
3. Жұмбақ айтыс. Айтыс жанрындағы кең саланың біреуі - жұмбақпен айтысу. Бұл айтыс екі түрлі болады. Біріншісі - екі ақын жұмбақсыз айтысып отырады да, екіншісі - айтысты жұмбақпен бастап, жұмбақпен бітіреді.
4. Дін айтысы. Қазақ халқының ислам діні Орта Азияның өзге елдерінен көп артта қалған. Мұны Шоқан тамаша дәлелдеп берген. Оның айтуынша, ислам дініне дейінгі қазақтың ұстанған діні - шаманизм. Исламға бағынғаннан кейін де шаман дінінің салдары қазақ ұғымынан шықпай, тіпті, революцияға дейін келді.
Шаман дінінің әсері қазақтың әдебиетінде де зор. Мәселен, бақсының сарыны, тістің ауруын өлеңмен шақыру; жылан шаққанда өлеңмен емдеу, бәдік айтысу, өлікпен сөйлесу т.б. Осы негізде діни ұғымдарды үгіттейтін айтыстар туды. Соның бірі - бәдік айтыс.
"Бәдік". Шаман дінінің адамдары: малға, адамға тиетін індет ауруының иесі, құдайы бар деп түсінген және оны "бәдік" деп атаған.
Шаман дінінде жұрт жиналып алып, ауру адамды ортаға қойып, екі ақынды айтыстырған. Ауру жылап, жалбарынған. Содан ауруынан толықтай айығып кеткен. Бертін келе ислам діні кең тарап, "бәдік" айтысы маңызын жойды да, бозбалалар арасындағы ойын-сауыққа айналған.
5. Ақбала-Боздақ айтысы. Боздақ дейтін жігіт Ақбала дейтін қызға ғашық болып, жолаушылап кеткенде, Ақбала қайтыс болады. Боздақ шыққан жолынан оралып қайтып келе жатса, жолында жас қабірі кездеседі. "Ақбала өлген болар ма", - деген қауіппен Боздақ қабір басында өлең айтады. Оған Ақбала болып өзі өлеңмен жауап береді.
Суреттер voxpopuli.kz, daniart.ru сайттарынан алынған
Құрметті Массагет сайтының қолданушылары! Жүрегі жырға толған қазақтың әр баласы ақын. Әр баласы жырқұмар. Бәріңді бүгіннен басталып, 14 сәуірге дейін бір ай бойы жалғасатын дүбірлі Айтыс додасына шақырамыз!