22 наурыз келіп қалды. Қыр қазағының ауылды жерде ат жарыстырып, мәре-сәре болып жататын кезі. Жылқы малының қадір-қасиеті, бағасы да айқындалып, асқақтап қалар сәті. Бәрінен бұрын ауылдағы ағайынға кермедегі аттардың көзге шоқтай басылуы. Оның ішінде аттардың әбзелі де ең бірінші сөз болуы. Жақсы сәнделген аттардың ауыл арасына тарап, талай күнгі қызықтың тұздығына айналуы. Осының бәрінен, ат-әбзел турасындағы қазақ халқының түсінігі, пайым-парасаты, сұлулыққа құштарлығы көрініп тұрады.
Ер қосу, ер жасау атаулары қазірге дейін қазақ ерін жасау үзілмей келе жатқан Монғолия, Шыңжаң қазақтарында жақсы сақталған.
Ер – ердің ағашы, сүйегі, қаңқасы ағаштан жасалады.
Қас – ердің алдыңғы және артқы шошайып тұратын бөліктері. Қазақ ерлерінде алдыңғы қас және артқы қас болады. Алдыңғы қас артқы қасқа қарағанда биіктеу келеді.
Қаптал – ат арқасына үйлесімді етіп жасалған екі қисық ағаш. Ердің алды-артына байланысты «қапталдың алды», «қапталдың арты» болып бөлінеді.
Үзеңгілік – үзеңгі бау өткізуге арналған екі қапталдағы тесік. Үзеңгілік екі қапталдың астыңғы шетін ала тесіледі.
Үзеңгі – атқа міну үшін қолданылатын және аяқтың талмауы үшін жасалған жабдық.
Ер-тоқым тұрманындағы тоқымның өзі ерді жабдықтайтын бірнеше бөлшектерден тұрады: тебінгі тоқым, ішпек, ішкілік, терлік, өң және көпшік, өткерме сияқты төсеніш жабдықтары кіреді.
Тоқым – аттың арқасына, ер батпас үшін салынатын нәрсе. Киізден сырылып, айнала жиегін шұға, барқыт сияқты маталармен көмкеріп жасайды.
Ноқта – атты бұлтарыссыз, тырп еткізбей, толық және түпкілікті бағындыратын жүгенге қарағанда құрылысы қарапайым жабдық түрі.
Жүген – ауыздық, екі сулық, екі шаужай, тізгін, шылбыр, екі жақтау, кеңсірік, екі сағалдырық, желкелік, милық деп аталатын жабдықтардан тұрады.
Жүген – атты басқаруға, асауды үйретуге, адамның ырқына көндіріуге арналған әбзел. Адамзат жылқыны алғаш қолға үйрету кезеңінде шыққан ер-тұрман жабдықтарының ең алғашқысы деп айтуға болады.
Сағалдырық – жүгеннің ат алқымы астынан орап тұратын бауы. Сағалдырық жүгеннің ат басынан сыпырылып түспеуі үшін қажет.
Құйысқан – өмілдірік сияқты ер-тұрманның көне замандардан келе жатқан жабдығы. Салт атты адам еңіске жүргенде, таудан түскенде ер аттың мойнына кетпес үшін тағылатын тұрман.
Қазақтар пайдаланатын ерлер төрт түрге бөлінеді, негізінде ерлер бір-бірінен алдыңғы қастарының әртүрлілігімен ерекшеленеді: көне қазақ ері, жаңа қазақ ері, қоқан ері, бұқар ері.
Cуреттер "Қазақ жылқысының тарихы" кітабынан алынған