22 наурыз. Ат әбзелдері

22 наурыз  да келіп қалды. Ұлыстың ұлы күні жақын ағайынның жүзін көріп, құттықтап қайту - салт-дәстүрдің бағзыдан келе жатқан озық үлгісі. Қыстан жүдеп шыққан адамның, көңілге серпін, жүрекке медеу іздейтіні анық. Қаланың тас қабырғасын тастап, талай адамның  ауылға барары да осы кез. Ауыл өмірінің базары кіріп, ажары ашылатын, той-думанға ерік беретін күндер. 22 наурыз мерекесі! Дүбірлі той... Естен кетпес осы күндердің еншісінде талай қызық мәңгі есіңізде қалардай болып сақталады.  Соның ішінде атқа мініп, ауыл аралаудың өзі талай күнгі әңгімеңіздің тұздығы боларына сенімдімін. Тұлпардың түрлері туралы айтып өткенбіз, бүгінгі айтарымыз ат әбзелдері жайлы...

Ер-тұрманды да, үзеңгіні де алғаш ойлап тапқан - грек те, парсы да, қытай да емес, ол - көшпенділер. Осының айғағы ретінде, Берелден тамаша сақталған ер-тұрмандар да табылған. Мұның бәрі қазақтың жылқы мәдениетіне қосылған теңдессіз байлығы саналады.

Қыр өмірінің қызығы көктем мен жаз. 22 наурыздағы ауылда өтетін бәйге қандай?! Ауылда өскен қазақтың кез келген баласы ат құлағында ойнайды десек, артық айтқандық болмас. Қанымызда тулап жатқан қасиеттердің бірі әрі бірегейі. Алайда, қала өміріне бейімделем деп, көп нәрсені ұмытып қалуыңыз да мүмкін. Ауылға барып тұрып, атқа мінбеу деген де болмайды. Үлкендердің бәрі үйде әңгіме айтып жатқанда, атқа мініп, серуендеп қайтыңыз. Ендеше, атты ерттеудің жолдарын ұсынамыз.

 

Ер тоқымның құрамына: терлік, киіз тоқым, қайыстан өрілген айыл-тартпа, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік және көрпеше мен қанжыға кіреді. Осының бәрі ағаштан ойылып жасалған қаңқаны толықтырып, ер-тоқым атауына ие болады.
Терлік - аттың арқасына жабылатын көлемі тоқымнан сәл үлкен терді сорып тұратын материалдан даярланады. Қазіргі кезде бұл материалдың рөлін одеяло ойнап жүр. Тоқым - көлемі терліктен кіші ердің қаңқасының екі қапталына өлшеніп қиылған киіз.Төрт бұрышты болып келеді. Бұл аттың арқасын ағаш ер жауыр қылмау мақсатында төселеді. Терліктің үстіне тоқымды қойып, терліктің артық қалған бөлігін киіздің үстіне қайырып қоямыз (алдыңғы жағынан қайырылады «связка» ретінде). Бұлардың үстіне ағаш ерді қоямыз. Ағаш ердің үстіне көрпеше төселеді. Кезек айыл тартпаға да келді. Ер тоқым әрі бері жылжымас үшін және екі қапталға ауып кетпес үшін ойлап табылған қайыс баулар.айыл ердің үстіндегі көрпешенің үстінен жіберіліп аттың алдыңғы қабырғаларының тұсынан байланады. Ал, айыл ердің қапталының артқы жағына байланған бау. Бұл аттың артқы қабырғалары тұсынан байланады.



Үзеңгі - атқа жерден тез міну үшін ойлап табылған тепкішік немесе ілмек. Бұлда ердің ағаш қапталына қайыспен байлану арқылы ердің бір бөлігіне айналады.
Құйысқан - бір ұшы аттың құйрығына ілініп, екінші ұшы ердің екі қапталына бекитін құрылғы.Бұл ер тоқымның алдыға қарай жылжып кетпеуі үшін қажет. Мысалы, таулы жерден еңіске қарай түскенде аттың мойнынан ауып түспес үшін.
Өмілдірік - керісінше аттың кеудесінен (төсінен) ердің алдыңғы екі қапталына бекитін құрылғы. Бұл ер тоқымның артқа жылжымауын қамтамасыз етеді. Көбіне шоқтығы биік жылқыларға қолданылады.

Суреттер: anatili.kz