22 наурыз: Асық ойнау

Қазақ халқының ұлттық ойындар қатарында асықтардың алатын орны ерекше. Асық ойындары ерте кезден бері кішкентай бүлдіршіндердің сүйіп ойнайтын ойындар қатарына жатады. 22 наурыз күні асық ойнау ерекше қарқынмен өріс алады. Асықтардың салт-дәстүрімізге енгені соншалықты, оларға байланысты ата-бабаларымыздың айтқан сөздері де бар. Мысалға алатын болсақ, "асығың алшысынан түссін"- "ісің оңды, жемісті болсын," дегенді білдіреді. Өзіңіз көріп тұрғаныңыздай халқымыз асықты құрметтеп, оларға қатысты ойындарды да шығарған. Ерте заманнан келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің оты суымасын деген ниетпен, біз сізді бір асық ойынымен таныстырғымыз келіп тұр. Сонымен, "үш табан" атты асық ойынының ережесіне құлақ түрсеңіздер.

Бұл ойынды үш-төрт баладан топтап, екі-үш жерде ұйымдастыруға болады. "Үш табанның" шарты бойынша, әр ойыншыға бір-бірден асық, бір-бір сақа беріледі. (Осы жағдайда ойын жылдам әрі қызықты өтеді). Көмбеге бір-бірден асық тіккен әр топтың ойыншылары өз алаңдарында жеке-жеке сақаларын иіреді. Сақасы алшы түскен бала бірінші болып, одан кейінгілері рет-ретімен (тәйке, бүк, шік түскен) «ұшуға» кіріседі. Ұшу дегеніміз - көмбеден алшақтау жерге барып сақа иіру. Сақасы алшы түскен ойыншы бірден көмбедегі тігіулі асықты атуға жолдама алып, өз шеберлігін көрсете бастайды. Осылай болмаған жағдайда, асық ату бәрі ұшып болған соң, бастапқы кезек бойынша жалғасады. Алысқа ұшқан мергендер тигізе алмаса, көмбеде қалған ойыншыға кезек тиеді. Көздеген асығына дәл тигізіп  және оны көмбеге жиегін алып өлшегенде үш табан артық қашықтыққа ұшырған ойыншы қашан келесі асыққа тигізе алмай қалғанша атуды жалғастыра береді. Болмаса, атқан асығы үш табаннан аспай қалғанда ғана ойын тоқтатып, өзінен кейінгі ойыншыларға кезек беруге мәжбүр болады.

Ереже бойынша, ұтылған бала ойыннан шығып қалады. Сөйтіп, айналасы екі-үш айналымның ішінде, әр көмбеден бір-бір жеңімпаз шығып, олар енді орталық көмбедегі ақтық (финал) сайысқа түседі. Бұл шешуші жарыста бірінші және екінші орынға ие болған мергендер сынға түседі. 

Асық иірудің өз атаулары бар.

АЛШЫ ШІК

 

БҮК ТӘЙКЕ

Кәне, "Үш табан" ойнауға кім дайын?

Сурет мұрағаттан