22 наурыз Астанада

22 наурызды Астана халқы ерекше шабытпен атап өтуде. Шағын қаланың кез келген жерінен Наурыз мерекесінің иісі аңқып, төл мейрамның мәртебесі сезіледі.

Үкімет үйінің алдына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мейрамды тойлаған халыққа Наурыз көже ұсынылды. 

Ұлттық нақыштағы бұйымдар сатылып, ою-өрнекпен әрленген қолөнер туындылары, суреттер назарға бірден ілінеді.

Маңайдан ұлттық киім киген сымбатты жігіттер мен әдемі қыздарды жиі кездестіруге болады.

Алтыбақан тебу үшін кезекке тұрған жұртты көріп, еріксіз сүйсінесің.

Халық киіз үйлердің алдында өтіп жатқан кішігірім концертті тамашалау үшін бала-шағасымен бірге келіп, ерекше көңіл-күйге бөленген.

Басты шара өтіп жатқан «Қазақ елі» монументі жаққа барар жол жабылғандықтан, ол жаққа қарай жаяу баруға тура келді. 

Бұл жақта мереке қызып жатыр екен. Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары сахнаны жандырып жіберді. Бас қаланың бас көшесінен ұлттық бояудың иісі, Ұлыстың ұлы күнінің лебі есіп тұр.

Мәртебелі меймандарға арналған орындықтар өз иелерін күтуде.


Қызыл гүлдермен көмкерілген кең жасыл алаңда би биленіп, күй тартылды. Роза Рымбаева әсем әндерімен халықтың көңілін көтерді. 

Астананың халқы концерт өтіп жатқан жерлерге лек-легімен ағылып, Наурыз думанынын дүркіретіп тойлауда. 

Сурет massaget.kz