Қадірлі Массагеттің оқырмандары! Айтулы 22 наурыз мерекесі де есігімізді қаққалы жатыр. Мейрам жақындаған сайын, әркімнің кеудесінде ерекше шаттық сезімі туып жатқан шығар. Сол шаттық ұзағынан болсын.
Бүгін осы мерекеде жастар арасында ерекше ықыласпен ойналатын ойын Алтыбақан туралы айтпақпыз. Әлбетте, ойнаймын дегендер кез келген уақытта сылтау тауып, алтыбақанды құрып жіберіп, қызықтай берген ғой. Дегенмен, күн мен түн теңесіп, ел-жұрт ерекше қуанышпен той тойлап жатқан кезде ойналған ойынның жөні бөлек болса керек.
Қарапайым тілмен айтсақ, алтыбақан - кәдімгі бәріміз бала кезден теуіп өскен әткеншек. Бірақ құрылымы сәл басқашалау. Екі жерден үш бақанды (ағаш, сырық) үшбұрышты пирамиданың пішінін беріп, бір-біріне қосып байлап орнатады. Содан соң, сол екі пирамиданың басын бір сырықпен қосады. Осы сырыққа 2 немесе 3 арқан байланып, оған адамның тұруына немесе отыруына ыңғайлы тақтай орнатылады.
Тақтайдың екі жағынан екі адам орын алып, жерде тұрған үшінші адамның көмегімен тебеді. Бұның бәрі ел арасында кең таралған әндермен жалғасып отырады. Әдемі әзіл, қызықты әңгімелер - бәрі-бәрі жиынның көркін келтірері сөзсіз. Жай күндері қызына "қырық жерден тыйым" салып, үйінде ұстайтын ата-аналар бұл күні ұл-қыздарына бөгет болмайды. Жастардың да өз қызықтары, өз сырлары болуы керек қой.
Осы алтыбақанның айналасында талай қызықтар орын алып, талай жандар бақытын тауып жатқан. Негізінен жастар арасында ойналатын ойындар мен шаралардың түп негізі жүректердің бір-бірін тауып кетуін мақсат тұтқан деген ойға келеміз. Ең болмағанда, жаңа достар тауып немесе адамдардың жақынырақ танысуы үшін жақсы себеп қой. Осы ойынның арқасында екі жастың жақынырақ танысып, арасында пайда болған сезімнің ұшқыны туралы оқитын боласыз. Мерекеде Массагеттен көз жазып қалмаңыз!
сурет: newskaz.ru