22 наурыз алдындағы тазалық шаралары

22 наурыз алдындағы тазалық шаралары

Көктем – жаңару мен гүлдену айы. Ұлыстың ұлы күні 22 наурызды өзімен ерте келетін көктем әлемге әдемілік пен сұлулықты та ала келеді.  Күн көзі күлімдеп, көк шыға бастағаннан-ақ, тыныш қарап жатпаған ата-бабамыз Наурыз мерекесін күтіп алуға ерте қамданған. Күзден күңіреніп, қыстан қысылып шыққан халық тонын шешіп, күнге еркелеп, ескен таудың салқын самалымен кең тыныстап, ұлы Наурыздан мол ырыс күтеді.

Осы кезде ата-бабаларымыз тозуға жақындаған ескі киімдерін тастап, тазалана бастаған. Жаңа жылдан жақсы үміттер күтіп, бәле-жала осылармен кетсін деп ескі немесе сынық ыдыстардан құтылған. Тіршілік қайта тіріліп, жандансын деп айналаны тазартып, бұлақ көзін ашқан. 22 наурыз мерекесін тазалықта қарсы алу үшін тер төккен.

Қазір де бұл салтымыз көнерген жоқ, көнермейді де. Өйткені Наурыз мерекесі тойланатын жерде мұндай дәстүрдің тұншығып қалуы әсте, мүмкін емес.

Жаңа жылды таза аулада, таза үйде қарсы алғыңыз келсе, мына кеңестерге құлақ түріңіздер.

Егер сіз жер үйде немесе ауласы бар үйде тұратын болсаңыз:

  • қар астында қалып қойған шіріген шөптерді немесе қураған ағаштарды өртеңіз;
  • арықтар мен жылғаларды тазартыңыз;
  • есік алдындағы күл-қоқыстарды шығарып, сыпырыңыз;
  • тал-теректердің діңіне қосымша өскен бұталарды қырқыңыз;
  • ағаш түбін әктеңіз;
  • жас көшет отырғызыңыз;
  • гүл тұқымдарын егіңіз;
  • ескі немесе керексіз заттар сақталған қоймаларды тазалаңыз.


Ал егер сіз көп қабатты үйдің пәтерінде тұратын болсаңыз, үй ішінде жасалынатын мынадай тазалық шараларын ұсынамыз:

  • үй заттарын, көрпешелерді күннің астына шығарып жайыңыз;
  • ауыр жиһаздарды қозғап, орнын тазалаңыз;
  • көптен бері сүртілмеген (аспашам, шкафтар немесе кітап сөрелері) орындарды сүртіп тазартыңыз;
  • айналарды тазалап, жуыңыз;
  • терезелерді ашып, тазалап жуыңыз;
  • перделерді жуып, үтіктеп қайта іліңіз;
  • көптен бері қолданылмай тұрып қалған ыдыс-аяқтарды жуып-шайып, сөрелерге қайта орналастырыңыз;
  • қозғалмастан ілініп тұрған сурет немесе сағатты алып сүртіп, қайта іліңіз;
  • жиһаздарды шаңсорғышпен мұқият тазалаңыз;
  • әжетхана мен жуынатын бөлмені тазартыңыз;
  • еденге төсейтін төсеніштерді қағып, аздап күннің астына жайыңыз.

 Сондай-ақ, әрине үйіңізді мұқият тазалап, сыпырып, едендерді жуып, заттарды орындарына орналастырыңыз. Үйдегі ескі-құсқы заттарды лақтырып, Наурыз алдында бір жеңілдеп, серпіліп қалыңыз! Барлық тазалықпен айналысып болған соң, міндетті түрде, үйді желдету мақсатында терезелерді  ашып, таза ауа кіргізуді ұмытпаңыз! Тап-тұйнақтай болып қалған пәтеріңізді тіпті, өзіңіз танымай қалған боларсыз?

Бәрі де сіздің өз еңбегіңіздің жемісі. Демек, енді сіз  жаңа жылды қарсы алуға 100%-ға дайынсыз! Жаңа Жылда үйіңіз әрқашан таза, ал көңіліңіз мөлдір болсын!

Сурет "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан және uborka-spb.biz сайтынан алынды.

С. А