- Негізгі бет
- НАУРЫЗ 2014
- Түркі әлемінің мәдени...
Түркі әлемінің мәдени астанасында Наурыз мейрамы өтті
Түркияның Ескішеһир қаласында барша түркі тілдес халықтың басын қосқан Наурыз мейрамы өтті. Шараға отыздан астам ұлт өкілінен 300-дей өнерпаз қатысты.
Ескішеһир қаласы 2013 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанған болатын. Бұл қала бір жыл бойы бауырлас халықтардың басын жиып, жалпыға ортақ жобалардың ұйытқысы бола білді. Салтанатты шарада «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі Татарстанның Қазан қаласына табысталды.
Шара барысында әртүрлі ұлт өкілі өнер көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты. Әр елдің биі биленіп, кеш көркі қыза түсті.
Қаланың орталық алаңында наурыз оты жағылды. Ежелгі аңыз-дастан бойынша адамдар алаудан аттап, өздерін пәле-жаладан тазартып алады деп есептелген. Одан кейін ежелгі наным бойынша отта балқыған темірді соғып, көктем келгені хабарланды.
Халықтың мерекелік көңіл-күйі жоғары болды. Бір-бірін мейраммен құттықтап, достық пен ынтымақтың үлгісін көрсетті.
Салтанатты шарадан фоторепортаж ұсынамыз:
Жергілікті TRT AVAZ телеарнасы мерекелік шараны тікелей эфирде таратты.
Ескішеһирдің орталық алаңында түркі халықтарының ауылы тігіліп, байрақтары ілінді. Жоғарғы жақтан орын тепкен қазақтың киіз үйінің салтанаты ерек. Іші де жақсы жабдықталған.
Мұқағали Мақатев өлеңдерінің және Абайдың қара сөздерінің түрікше аудармасы тегін таратылды. Аударған Зафер Кибар оқырмандарына қолтаңба беру үстінде.
Арнайы Массагет үшін Ескішеһир қаласынан: Шерхан Талапұлы
Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы
Ш. Талап