Наурыз – сонау ежелгі заманнан бері қалыптасқан жылдың бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша наурыз айының 22-сі күн мен түннің теңелу кезіне тура келеді. Көне парсы тілінде наурыз сөзі «Жаңа күн» деген мағынаны береді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы «Халықаралық Наурыз күні» қарарына сәйкес 2010 жылдан бастап 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні қылып қабылдады.
Қазақ елінде наурыз мерекесі бір ай бойы тойланады. Наурызды Қазақстаннан басқа түркі тілдес мемлекеттер де тойлайды. Мысалы, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Тәжікстан. Атаулы күн Иранда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурызда, Әзірбайжанда, Тәжікстанда және Қазақстанда және басқа Орта Азия елдерінде 22 наурызда аталып өтіледі.
Әзірбайжанда наурыз қалай тойланады?
Әзірбайжан елі өзінің ұлттық салт-дәстүріне жоғары құрметпен қарап, оларды атаусыз қалдырмайтын елдердің бірі.
Наурыз мерекесін олар "Новруз-байрам" деп атайды. Наурыз мейрамын көктемді тойлаудың ең ежелгі және құрметті мейрамы деп түсінетін әзірбайжандықтар оны табиғаттың жандануының белгісі деп те қабылдайды. Әзірбайжанда наурыз мерекесіне дайындық ерте басталады – үйлер көркейтіліп, ағаш отырғызылады, жаңа киім тігіледі, жұмыртқалар боялады, тәтті-дәмділер мен ұлттық тағамдар дайындалады. Әрбір үйде міндетті түрде үстел үстінде бидай тұқымынан әдейі өсірілген жасыл өскіндер тұрады, мейрамға дейін төрт апта бойы сейсенбі сайын от жағылып, олардың үстінен балалар секіріп ойнайды, майшамдар жағылады. Мейрамның алдында туған-туыстар жақын-жуықтарының зираттарына барады. Әзірбайжанда Наурыз – отбасылық мейрам. Мейрам күні кешке барлығы отбасылық ошақ басында жиналады. Жаңа жыл бай және жемісті болу үшін үстелге көптеген әр түрлі тағамдар қойылады. Мейрам 3 күнге созылады және көпшіліктің серуенімен аяқталады. Адамдар ұлттық киімдерді киіп, халық әндері мен билерін орындайды, спорттың ұлттық түрлері бойынша жарыстар өткізіледі.
Иранда қалай тойланады?
Наурыз – ирандықтардың ежелгі мейрамы. Иран мәдениетінде Наурыздай кең тараған ұлттық мереке сирек кездеседі. Зерттеуші ғалымдардың сенімінше, осы ежелгі салт пен мейрам көп қырлы әрі мифологиямен байланысты болып келеді. Ол біртіндеп ұлттық сенім мен әдет-ғұрыптардың үлкен бөліміне айналып, кейінірек діни сипат алды. Әрине Наурызға қатысты салт-дәстүрлердің бірқатары мән-мағынасы мен қолданысынан айрылған. Бірақ кейбір маңыздылары әлі де болса сол күйінде қалған және оның барлық дәуірдегі тектілігін көрсетеді. Мысалы, Наурыз мейрамынан қасиетті заман, өмірге келу, өсіп шығу, мәдени қаһарман, тазару элементі сияқты мифологиялық қырлар байқалады. Ирандық данышпан Омар Хаям өзінің "Наурызнама" атты кітабында наурыз күн тізбегінің негізін Жәмшид қалады деп, аты аңызға айналған осы қаһарманның ізін тарихи рауаяттарға түсіреді. Олар Наурызды көктемнің алғашқы күні деп біліп, оның келуін егжей-тегжейлі символикалық рәсіммен тойлайды. Осы көзқарас бойынша, табиғаттың өмірі ирандықтар үшін ерекше маңызға ие болған.
Тәжікстанда қалай тойланады?
Наурыз мейрамы Тәжікстан халқы үшін ерекше орынға ие. Тәжіктер Наурызды достықтың кілті және тіршіліктің оянуы деп санайды. Оны «Хадир айиам», яғни «үлкен мереке» деп атайды. Тәжікстанда да Наурыз дайындығы басқа түркітілдес елдердегідей Жаңа жыл басталардан бірнеше апта бұрын басталады. Наурыздан бір апта бұрын балалар көктемнің келе жатқанын «Гол гардани» рәсімін өлеңдетіп орындау арқылы білдіреді. Бұл рәсімде балалар таныстарының үйлеріне көктем гүлдерін апарып, үй иесі оларға сыйлық беріп, сый-сияпат көрсетеді.
«Хане текани» - үй тазалау; арнайы тәтті-дәмді тағам әзірлеу; кең «Һафт син» дастарханының әртүрлі тағамдарын дайындау да Наурыздың дайындық жұмыстарының құрамына енеді. Сонымен қатар, Тәжікстан халқы Жаңа жылдың алғашқы күндері қала алаңдары мен парктерінде әткеншек теуіп, жұмыртқа ойынын ұйымдастырып, күресіп, әтеш төбелестіріп шаттық пен қуанышқа бөленеді.
Ауғанстанда қалай тойланады?
Наурыз – Ауғанстан тарихы мен мәдениетінде тамыры тереңге кеткен мереке. Аталмыш мейрам осы елдің әдебиеті мен өнерінен, фольклоры мен отбасылық және қоғамдық рәсімдерінен көрінетін өмір, табиғат пен адами құндылықтарды құрметтеудің нышаны болып табылады. Ауғанстанның әртүрлі ауылдары мен қалаларында жалпы халық – әйелі мен ер азаматы ерекше рәсімдерді өткізу арқылы Наурызды қарсы алуға барады. Осы күнді ұлықтау үшін үстеріне жаңа ақ түстен тігілген киім киеді. Олар дастархандарын тәтті-дәмді тағамдарға толтырып, «Һафт син» дастарханын жаяды. Қаланың сыртындағы арнайы алаңдардағы табиғат аясында көңіл көтеріп, шаттыққа бөленеді. Күрес, ән айту, халық билерін орындау, әтеш төбелестіру сияқты көңіл көтеретін шаралар осы күні орындалатын рәсімдердің қатарына жатады.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: hameleons.com