Наурыз мейрамы 1995 жылы Түркияның сол кездегі премьер-министрі Тансу Чиллер ханымның тікелей араласуымен Республиканың ресми мейрамдарының қатарынан орын алған еді. Наурыз мейрамы Түркияның түкпір-түкпірінде «Сұлтан Наурыз», «Наурыздың тоғысы», «Наурыздағы мұз бұзылысы» және тағы да басқа атаулармен өткізіледі. Оңтүстік Анадолыда 22 Наурыз – «Сұлтан Наурыз» деп аталады. Жергілікті халықтың сенімі бойынша күн теңелетін түні белгісіз уақытта аяғындағы білезікті сыңғырлатып, кесте тоқи отырып, ғажап сұлу қыз батыстан шығысқа қарай аспанды кесіп өтеді. Кейбір аңыздарда құс киімін киген жігіт деп те айтылады. Сұлтан Наурыз уақытын көрген адамдардың тілегі қабыл болады деген сенім қалыптасқан.
Ежелгі түрік аңызына сүйенер болсақ, бұл күні түрік халқы қоршаудан аман-есен шыққан. Сондықтан да, Наурызды түрік халқы «Жыл басы» деп есептейді.
Мереке қарсаңында ұлттық тағамдар пісіріледі. Күллі жамағат таза киімдерін киіп, бір-бірлерінің үйіне барып, мерекемен құттықтайды. Бұл күні бейіт басына барып, дұға оқытылады. Қала көшелерінде мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Мереке күндері қалың жұрт көңіл көтеруге міндетті. Араздасып қалған жағдайда дереу татуласып, бар өкпе-реніштерді ұмытуы тиіс.
Әрине, Түркиядағы Наурыз мерекесі Қазақстандағыдай жоғары дәрежеде тойланбайды. Оның саяси, әлуметтік жағдайларға байланысты себебі бар. Әйткенмен Түркі дүниесіне ортақ мейрам ескерусіз қалмасы анық.
Түркиядағы қазақтар биылғы Наурыз мейрамын Конья қаласында тойлатын болып шешілген. Былтыр да Конья қаласында Ыстамбұл мен Анкарада білім алып жатқан қазақ жастарының қатысуымен кең көлемде аталып өтілген болатын.
Бүгін, яғни 18 наурыз күні Анкара қаласында Түркиядағы қазақ елшілігінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы өтіп жатыр. Сонымен қатар, 21 наурыз күні Түркі мәдениетінің астанасы – Ескішеһир қаласында түркі тілдес халықтар бұл мейрамды кең көлемде атап өтпекші. Жергілікті TRT AVAZ телеарнасы мерекелік кешті тікелей эфирде таратады. Гази университетінде оқып жатқан қазақ студенттері аталған мерекеге байланысты концерттік бағдарлама дайындау үстінде. Бұдан бөлек Түркияның өзге қалаларында да мерекелік шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: oguz-news.net, altaynews.kz