Наурыз – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың ерекше бір түрге бөленіп, жаңаратын кезі. Араздасқан ағайындардың барлығы наурыз күні бір-бірімен көрісіп, құшақтасып, реніш-өкпелерін ұмытып, наурыз көже ішіп тарқасады. Түрлі жарыстар, бәйгелер ұйымдастырылады. Қазақтың қазақ екенін дәлелдейтін бірден-бір мейрамның бірі осы – Наурыз. Ендеше Ұлыстың ұлы күнімен еліміздің өнер жұлдыздары құттықтайды.
Лұқпан Жолдасов, әнші:
- Еліміз көркейе берсін. Дамыған елдердің қатарына қосылып, басып оза берейік. Табиғи байлығымыз сарқылмасын және өзімізге бұйырсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – жақсылық, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен қуаныш тілеймін. Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік сыйласын!
Меруерт Түсіпбаева, әнші:
- Наурыз мейрамы барша мұсылман бауырларға, қазақстандықтарға байлық, береке, ынтымақ, дәулет, жақсылық, бірлік әкелсін. Жылқы жылы қазақ елі үшін табысты, жеміс, жеңісті жыл болсын. Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт - береке сыйласын. Баршаңызға амандық, саулық, дастархандарыңызға молшылық тілеймін! Денсаулықтарыңыз зор болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Азамат Сатыбалды, актер, тележүргізуші:
- Біз үшін мерекелердің төресі – Наурыз мейрамы. Өзге мерекелердің орны бір бөлек болғанымен, Наурыз мейрамының орны бір бөлек. Сондықтан да, жалпы мұсылман халқы үшін, қазақ халқы үшін ерекше мейрамдардың бірі. Менің өзім де, отбасым да бұл атаулы мейрамды асыға күтеміз, ерекше дайындаламыз. Бала кезімізден «наурызкөжені» ішіп, бір жас қостым деген балалық сезім жадымда сақталып қалған. Күн мен түннің теңескен кезі Наурыз мейрамымен барша мұсылман халқын, қазақстандықтарды құттықтаймын. Ең бастысы – Жаңа жыл елімізге сәттілік әкелсін. Мейрамды қалай қарсы алып, наурызкөжені қалай ішіп, қалай қауышып, жақсы тілектер айтсақ, бір жылды солай өткізейік.
Әңгімелескен: Өмірбек Сансызбай
Сурет: horde.me, facebook.com,vk.com