22 наурыз. Массагет оқырмандарын өнер жұлдыздары құттықтайды

22 наурыз. Массагет оқырмандарын өнер жұлдыздары құттықтайды

Наурыз - табиғат атаулының тіріліп, өмірге жаңа құлшыныспен қадам басатын шағы. Осынау ғажайып шақпен қатар келетін Наурыз мейрамының орны бір бөлек.

ап

Бағдат Самидинова, әнші, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

- Елімізде береке болсын. Әлемде орын алып жатқан жамандық атаулы елімізге жоламасын. Қардың қалың түсуі – биыл егініміздің мол болуына септігін тигізсе екен. Дүрліктірген девальвация халықтың көңіл-күйін түсіргені анық. Алайда бұл өткінші дүние. Әлі-ақ еліміздің хал-ахуалы бүгінгіден жақсара түседі деген сенімдемін. Қуанышты, жеңісті, жемісті күндер көп болсын. Қазақ елі осындай сыйға лайық ел. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

ап

Нұрлан Абдуллин,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші және тележүргізуші:

-Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын, бақыт әкелсін! Елімізде бейбітшілік болсын. Еліміз әлемдік аренада өзге елдермен терезесі тең болып, үзеңгі қағыстырып жүре берсін. Жүректе иманымыз берік болсын. Ынтымағы жарасқан елге ешкім де іріткі сала алмайды. Ынтымағымыз жарасып, ырысымыз мол болсын. Келіп жеткен әз Наурыз әрбір қазақстандық отбасының шаңырағына шаттық сыйласын.


Нұржан Тұтов, актер, пародист, шоумен, жүргізуші:

- Көктем - жаңару мезгілі, жаныңа жылылық ала келетін кез ғой. Қақаған қыстан аман шыққан халық алдағы күндерден үлкен жаңалық күтетіні анық. Адам өзіне жаңа мақсаттар қояды. Жаңа армандарын күтеді. Жалпы мынау компьютерге Windows орнатқан секілді дүние ғой. Көктеммен бірге келіп жеткен мейрам құтты болсын. Жаңа басқан қадамдарыңыз, істеріңіз берекелі болсын. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Жемісі жоқ еңбектің нәтижесі де, мағынасы да жоқ. Баршаларыңызға, соның ішінде Массагет сайтының оқырмандарына жаңа армандар тілеймін. Арман – адамды алға жетелейді. Арман жоқ жерде адам да өмір сүруін тоқтатады. Күнделікті қу тіршілікте бір-бірімізге сый-сыяпатымыз мол болсын. Қазір өмір қатал болып кетті ме, әлде адамдар қатал болып кетті ме, әйтеуір біреуден бір дүние сұрай қалсаң, қабақтарын түйіп шыға келетін сәттер болады. Мұндайдан аулақ болайық. Бір-бірімізді құрметтеп, зейін аудара білейік. Сүйіңіздер, ғашық болыңыздар. Өмірге деген, иманға деген, жалпы жүректеріңіздегі махаббаттарыңыз сөне көрмесін, жоғалмасын. Әрқашан күліп жүрейік!

Әңгімелескен: Өмірбек Сансызбай

cуреттер: abdullin.kz, kaznmu.kz, vk.com

О. Сансызбай