Құрметті оқырман, 22 наурыз - Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы жұлдызды-сұхбатты жалғастырамыз. МузАРТ тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің сұхбаты сіз үшін қызық болады деген ойдамыз.
- Сұхбат беру алдында уақытым тығыз дедіңіз. Шығармашылық процесстердің белортасында жүргендейсіз? Бөліспейсіз бе?
- Сәуірде, Алла қаласа, нақты күнін де белгілеп қойдық, Республика Сарайында есеп беру кешін өткіземіз. Сіздерге бірінші болып айтып отырмын. Біз негізі тек билет сатылымға шыққан күнде ғана журналистерге хабар береміз деп ойлағанбыз. Қазіргі мына жаһандану заманында ғаламтор арқылы тез ақпарат бөлісу мүмкін болып отыр. Бірақ дәл қай күні екенін айтпай-ақ қояйын. Соған дайындықпен жүрміз. Көптеген облыстарға барып концерт өткізіп қайттық. 8 наурыз қарсаңында Астана қаласында болдық. Елбасы құттықтаған әйелдер қауымына арнайы концерт бердік. Иманғали Нұрғалиұлы құттықтаған кезде де атсалысып бірге құттықтадық. Жалпы көсіліп демалуға уақыт жоқ. Қазір Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында эстрада-вокал мамандығының бірінші курс магистрантымын. Оның үстіне Республикалық эстрада цирк колледжінде сабақ беремін. Азды-көпті шәкірттерімізді тәрбиелеп жатырмыз. Қол тимей жатыр, уақыт тапшы дегеніміз осы. Енді тағы да бір жақсы ән дайындап жатырмыз. Сейфуллин Жолбарыстың осы жаңа әнінің аты – «Сені ойлап». Ал сөзі енді жазылуда.
- Кейін шыққан екі әндеріңіз халықтың оңды-солды пікірінсіз өтпеді. Ән қалай таңдалды? Талғамсыздыққа ұрынған жоқсыздар ма?
- Әркім әртүрлі қабылдайды. Мәселен, тіпті «Жайлаукөл кештері» немесе «Іңкәр сезім» әндерін ұнатпайтындар бар. Талғамға талас жоқ дейді. Әркім өз деңгейіне байланысты тыңдайды. Бірақ Құдайға шүкір, МузАРТ қоржынында сөзі келіспеген ән жоқ. Әннің сөзіне, лирикасына аса мән береміз, қадағалаймыз. «Еркеле», «Тамшылар» әндерінің сөзін Талант Арынғали жазса, әнін Арман Бексұлтан жазған. Бұл жерде әннің ойнақылығы мен тойға арналған жеңіл әндермен шатастыратын шығар. Әйтпесе шығыс бағытында жазылған ән болғандықтан, оны ләззатпен орындаймын.
- МузАРТ-тың тыңдарманы ретінде қойғымыз келетін сұрақ: МузАРТ-тан енді не күтуге болады? Тағы қандай жаңалық енгізу ойларыңызда бар?
- Менің ойымша, адам ең бірінші өз ісімен айналысқаны дұрыс. Ал бірақ кейде қолдан келіп тұрған іс болса, неге жасамасқа? Мейрамбек ашқан журнал секілді, немесе продюсерлік орталық демесек те, шәкірт дайындау ойда бар. Мұның барлығы еріккендіктен немесе атақ қуғандықтан емес. Мәселен, ұстаздық етуге Ержан Қосбармақовтан бастап Бибігүл Нұрғалиқызы Нүсіпжановалардың талап-тілегімен бардым. Шақырған соң барып, мен жасаған қателіктерді сол жастар істемесе екен деген оймен тәрбие бергің келеді. Мен студенттеріме жоқ дегенде бір аспапта ойнай алуы керек деп талап қоямын. Ұстаздық мені әрқашан да қамшылайды, қалпымда жүруіме септігін тигізеді. Мен үшін «Өз әнімді білемін, сен тимесең, мен тиме» деп жүре беру әбестік деп білемін. Продюсер болып кетпесек те, жастарды қанатымыздың астына алу, қамқорлық жасау керек деп ойлаймын.
- Әлеуметтік желіде көп көрінесіз. Қоғам үшін оның пайдасы мен зиянын айтсаңыз.
- Мен осы мәселеге байланысты бір досыммен сөзге келіп қалған жайым бар. Ол әлеуметтік желілерді «қып-қызыл өсекші» дейді, «өсекші адамдардың тірлігі» дегенінде енді қарсы шықтым. Мен ол кісіге Серікзат Дүйсенғазиннің айтқан әңгімесін осы әлеуметтік желіден көрсеткенімді, Балғынбек Имашевтың керемет өлеңін оқытқанымды айттым. Қазіргі әлеуметтік желілердің тиімділігі - көп уақытыңды көп алмауында дер едім. Жасыратыны жоқ, егер компьютер алдында отырар болсаң, жоқ дегенде сегіз сағатыңды құрбандыққа шаласың. Бірақ оны тиімді етіп пайдалану әркімнің өз ісі. Ақпарат алып, оған деген ойыңды білдіресің. Мұрат Әбенов ағамыз айтқандай, менің туиттерде 5000-нан астам оқырманым бар, ендеше мен газеттің немесе бір журналдың бас редакторымын. Менің ойым мен сауатымды, қандай пікірде екенімді сол 5000 адам оқи алады. Бірақ бұл жерде көрінген дүниені: кеткен жеріңді, келген жеріңді, не ішеріңді салып отыруға болмайды. Көбіне өзекті, маңызды нәрселерді жазуға тырысамын. Мәселен, қайбір жылы Алматыға келген ағылшын азаматы әуежай есігіндегі орыс тілінде «От себя» деген жазуды «Өзіңнен» деп аударылғанын осы әлеуметтік желіде мәселе етіп көтерген болатын. Осындай қателіктерді біз түземесек, кім түзейді? Әлгі ағылшынның көтерген мәселесін КТК арнасы да көрсетіп, дауға айналған соң, әуежай өз қателігі үшін кешірім сұрауға дейін барды. Мен де әуежайда бір қателікті көріп, «Шыгу» деген жазуды түзеткенім бар. Әуежай менен қандай рейс, қай ұшақ екенін сұрастырып бұл қателігі үшін де кешірім сұрап, дереу арада түзеген болатын. Тағы да айтар болсақ, еліміздегі қонақ үйлерде неге қазақ телеарналары көрсетпейді деген мәселені қарадық. Бірақ мұны бәлеқорлық деп емес, намысты болу деп түсінуіміз керек. Сол сияқты өзекті мәселелерді түзетуіміз дұрыс деп есептеймін. Оқырмандарымда да осы әлеуметтік желілерде маңызды дүниелер жазуға шақырамын.
- Қазір "Халық әртісі" деген атақты "Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері" деп ауыстырды. Енді еңбек сіңірген әртістер қалып қойды. Мысалы Дильназ Ахмадиева еңбек сіңірген қайраткер, яғни халық әртісіне тең де, Майра Ілиясова, Бағдат Сәмединова, Бақыт Шадаевалар бұрынғы атақпен қалып қойған секілді. Бұған қалай қарайсыз?
- Толықтырулар мен өзгертулерсіз-ақ, әркім өз дәрежесінде қалар еді. Меніңше, бұл жүйе бұрынғы күйінше, яғни "Қазақстанның Халық әртісі" деген атақпен қалуы керек еді. Бұдан сонда халықтың шын махаббатына бөленген басқа әнші жоқ дегенді ұғуымыз керек пе?
- Атақ жайлы не ойлайсыз? Қаншалықты дұрыс қабылдайсыз?
- Егер ештеңеге де лайықты болмасаң, оның түкке де қажеті жоқ деп ойлаймын. Атағыңнан ат үркіп тұрса да, Заттыбек сияқты халықтың махаббатына бөлене алмайсың. Ал жалпы атақ адамға тек стимул беретін шығар.
- Ток-шоуларға қатысуға қалай қарайсыз? «Екі жұлдыздан» кейін көрінбеген сияқтысыздар?
- Маған қатысы бар дүние болса, ол өзекті болса, баруға тырысамын. Қазақ эстрадасының адвокаты болуға барамын. Себебі эстрада әншілерін қаралайтындар өте көп. Дәстүрлі ән мен эстраданы қарсы қоятындар да бар. Сондықтан да өзімді, өнерді, қала берді жастарды қорғауға әрқашан дайынмын. Бірақ сол маған қатысы аздау ток-шоулар өте көп шақырады. Біреулердің ажырасуы, автокөлік жөндеу, сыбайлас жемқорлықпен күресу, тамақ пісіру деген секілді жеңіл дүниелерге бара бермеймін.
- Ұлыстың ұлы күні келе жатыр. Сіз бұл мерекеге қалай дайындаласыз? Қандай жұмыстар жүргізілуде?
- «Еларна» тапсырысы бойынша түсірілім жасағымыз келді. Жаңа жылдың кезіндегідей қазақтың наурызында неге шоу жасамасқа деп ойладық. Бірақ түсірілім уақыттары дұрыс болмай қалып, жоспар орындалмады. Бірақ Наурыз әрқашан да біз үшін ең сыйлы мейрам. Сондықтан да барша қазақстандықтарды осы бір халықтық мерекемен құттықтағым келеді.
- Рақмет!
MASSAGET.KZ