Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Оразақын Асқар Наурыз тақырыбына бір топ цикл өлеңдер арнаған. Сонымен қатар, ақынның ел аузынан жинап құрастырған наурызға байланысты бата-тілегі бар. Ендеше ақсақалдың ақ батасын қабыл алыңыз!
Наурыз өлең (Ел аузынан жазып алып құрастырған Оразақын Асқар)
Көктемде сең жүреді астан-кестен,
Бауырын ақ түйенің арқан тескен.
Ұлыстың ұлы күні бас қосқанда
Құрбыжан, өлеңінді айт қатар өскен.
Қарасу есік алды бойлағаным,
Жалғанның қызығына тоймағаным.
Кетер ме көмілсем де көкейімнен
Қалқаммен ұлыс күні ойнағаным.
Ұлы істің ұлы күні наурызда
Дос түгіл татуласар жауыңыз да.
Жер баптап, бұлақтардың көзін ашып,
Көшет ек, бақша-бауыңызға.
Етегі Қаратаудың көктегенім,
Үлкеннің алдын кесіп өтпегенмін,
Ұлыстың ұлы күні таңдап тапқан,
Өзіңнен асқан сұлу жоқ дер едім.
Қаратау жазда менің жайлағаным,
Көгалға жылда бие байлағанмын.
Ұлыстың ұлы күні кездесіп ек
Сен болдың ала жаздай ойлағаным.
Саласы Қаратаудың күздегенім,
Құрбыңның білші күдер үзбегенін.
Ұлыстың ұлы күні танысып ек
Сен болдың жиын-тойда іздегенім.
Қойнауы Қаратаудың қыстағаным,
Өзіңсің таңдап тауып ұстағаным.
Ұлыстың ұлы күні жауабыңды айт
Жүзіндей қалпылдамай ұстараның.
Тамсанып наурыз көже таттық дәмін,
Халықтың тартып күйін, айтып әнін.
Көрсетіп алуан өнер қыз, бозбала
Ал кәне келтірейік тойдың сәнін.
Наурыз бата
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шашыңның барлық талындай.
Санасы өсіп адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.
Қатыгездік жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Кірісіміз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей.
Аллаһу акпар!
Дайындаған: Ардақ Құлтай