Мереке күндері Алматы мен Шымкент арасында қосымша жолаушылар пойызы жүретін болады. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі "Жолаушылар тасымалы" АҚ-сына сілтеме жасай отырып хабарлады.
"Жолаушылардан көптеп келіп түскен өтініштердің себебінен мереке күндері "Алматы 2 - Шымкент" бағытында №61 және №62 тағы екі қосымша рейс ұйымдастырылады", - делінген тартылған ақпаратта.
Пойыз "Алматы-2" станциясынан 7 және 21 наурыз күндері 23.30-да шығып, Шымкентке 8 және 22 наурыз күндері 12.56-да жететін болады. Кері бағыттағы пойыз 8 және 22 наурыз күндері 17.05-те жолға шығып, "Алматы-2" станциясына 9 және 23 наурыз күндері 6.55-те жетеді.
Айта кетелік, пойыз 14 жолаушылар вагонынан тұрады. Олардың 4-еуі купе, 10-ы плацкарт вагондар.
Массагет бұған дейін Наурыз мерекесінде қазақстандықтар айдың 21-інен 25-іне дейін, яғни 5 күн демалатындығын айтқан болатын. Сонымен қатар, 8 наурыз күні де азаматтар бір күн демалысқа шығады.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: vk.com