- Ислам аға, Наурыз мерекесі құтты болсын. Сіз бізге шетелдегі қазақ диаспораларының наурыз мерекесін қалай тойлайтыны жайлы әңгімелеп берсеңіз.
- Рахмет. Біздің білетініміз түркі елдерінің ішіндегі Иран қазақтарының наурыз мерекесін тойлауы. Бір таңғалатыным, Түркия елінің қазақтары наурызға көп көңіл бөлген жоқ. Ал Иран қазақтары Ақтаудан, Атыраудан, жалпы Жем бойынан кеткен қазақтар ғой. Наурызды ұлттық мереке ретінде қабылдап, сәби күнімізден күні бүгінге дейін өте бір үлкен деңгейде тойлап келе жатырмыз. Мәселен, наурызға үлкен дайындық жүргізіледі. Дастархан жаю мәселесі болады, балаларға жаңа киім сатып алынады. Шама-шарқынша ересектер де жаңа киім киюге тырысады. Ал одан бұрын үйдің тазалығын жасайтын күндер өтеді. Құрбан айтта, мәселен, қой құрбандыққа шалынса наурызда ондай жоқ. Көбіне жеміс-жидек, тәттілер қойылады. Иранда наурызды тойлау он үш күнге созылады. Ал Қазақстанда тек 3 күн. Мерекеге бір апта қалғанда ирандықтар «шаршанбы сұри» салтын орындайды. Бұл оттан секіретін түн. Барлық мекемелер бұл күндерде демалысқа шығады. Тіпті ресми түрде 13 күн болғанымен, іс жүзінде 20-25 күнге дейін созылады. Бүкіл ирандықтар бұл күндерде отбасымен бірге табиғатқа шығады. Бойжеткендер жасыл шөпті өріп байлап ер адамдарға сыйлайды. Бұл барлық өмірін аманат еткендігі. Бұл да салт. Ирандағы қазақтар да Иран ұлты секілді 13 күн бойы тойлауды қабылдап алды. Ол жақта ағайын болмасаң да үйге кіріп дәм татып, көңіл көтеруге болады.
- Ал қаңтармен келетін жаңа жыл жайлы не айтасыз?
- Енді мына қаңтармен келетін жаңа жылға тоқталайық. Бір-екі ай бұрын теледидардан да, көшелерде де шыршалар тігіліп дайындық жұмыстары жүргізіле бастайды. Оның зиянымен ешкімнің шаруасы жоқ. Қанша адам арақ ішіп, қаншама шырша кесіліп жатқандығында ешкімнің шаруасы жоқ. Қазақтың психологиясын дұрыс пайдалану керек деп ойлаймын. Мәселен біз бәсекешіл халықпыз. Тал отырғызуды дәстүрге айналдырсақ бұл мәселеде бір-бірімізден асып түскіміз келетін болады. Сонда қаншалықты тал өсірер едік. Тал сатушы орындар көбейіп, бизнес көзі ашылушы еді. қазір адам демалатын орындар некен-саяқ. Осы мәселені үкіметтің көмегімен халықты дағдылардыру керек. Бұдан біз экономикалық және экологиялық пайда табар едік.
- Латын ба, әлде Кирил мен Мифоди ме? Қайсысын қолдайсыз және не үшін?
- Мысалмен жауап берейін. Сізге пышақ керек пе? Керек. Оны күнделікті тұрмыста қолдануға болады, ал бірақ сол пышақпен адамды да өлтіріп жатыр. Мәселенің бәрі үкіметте. Елбасы 2020 жылы барлығымыз қазақша сөйлейміз деп айтты. Елбасыны құрмет тұтып, оның бағыт-бағдарын орындайтын болсақ біз жеті жыл ішінде 97 пайыз қазақша сөйлеуге көше аламыз ба? Жоқ. Себебі тілге жаны ашып жатқан адам жоқ. Қаріп тартысы – артық тартыс, меніңше. Латын тіліне өткенімен де негізгі мәселе шешілмейді. Тіл саяси құралға айналғандай. Мен қатты айтпайын десем де айтайын – бұл дұрыс емес. Ештеме айқын емес. Төрт-бес ғалым шығып халық алдында сөйлесін. Елбасы тапсырмасын орындаушылар өз жобасын ұсынып көрсінші. Латын да, кирил де – пышақ. Оны қалай қолдануыңыз басты мәселе. Біздің бұған дейінгі жіктелуіміз аз болғандай енді осы мәселені де шығарып алдық. Оның барлығын үкімет біліп отыр. Қазаққа жаны ашитын үкімет бәрін де оңтайландырады.
- Салт-дәстүрді интернет арқылы насихаттауға қалай қарайсыз? Интернет бұл жағынан бізге көмекке келе ала ма?
- Баяғы сол Жүсіп Баласағұндар өмір сүрген кезде қоғамға ықпал жасайтын факторлар аз еді. Интернетті пайдамызға асыру үшін жұмыстар жасауымыз шарт. Бірақ бұл факторды сонша асыра үлкейтіп, басқаларды оның көлеңкесіне қалдырмауымыз керек. Ислам дінінде теңдікті ұстауымыз керектігі айтылады. Әрбір затты шеңберінен асырмай, тепе-теңдікті сатап отыруымыз керек. Интернет бетіне көшкен соң біз концерттерді, термелерді, дәстүрді, салтымызды азайтсақ біз ұтыламыз. Ал біз мұны басқа жағынан қарасақ, интернет арқылы сол термелерді тыңдасақ, көрме ұйымдастырсақ, кітап оқуға көшсек, әлбетте, ұтамыз. Бірақ көбіне интернет біз үшін ақпарат алу көзі. Одан бәрібір де кітап оқып өндіре алмаймыз. Интернет біз үшін мақсаттарымызды орындауға арналған құралға айналу керек. Көбіне бұл арқылы насихат, жарнама жұмыстарын жүргізгеніміз дұрысырақ. Бұған да, әрине, үлкен дайындықпен келуіміз қажет.
Дайындаған: Ардақ Құлтай