Көктем келді дегенше, махаббатқа бөленетін шақ келді дегейсің. Шаттық пен қуанышқа бөлейтін Ұлыстың Ұлы күні - 22 наурызбен бірге ғашықтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін білдіретін, жүректердің лүпілін сездіретін ерекше мүмкіндік келеді. Жас жігіт сүйіктісіне "селтеткізер" жасайтын, қыздар да көңілі қалаған жігітіне «ұйқыашар» тарту ететін сәт туады.
22 наурыз күні, күн мен түн теңескен уақытта, жұрт ұйықтап қалмауы үшін жас келіншектер, қыздар "ұйқыашар" деп аталатын дәм тағайындап, өздері ұнатқан жігіттерге апарып береді. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер селт еткендіктен "селтеткiзер" рәсiмiн жасайды. Сыйлықтар да сол кезеңге сай, айна, тарақ сияқты бұйымдар болған. Осы күні дәстүрімізді жалғастырып, 22 наурызда сүйген қызыңыз «ұйқыашармен» қуантса, селт еткен жүрегіңізді тарту етіп, "селтеткiзер" сыйлаңыз. Ал оған не сыйлауға болатынын біз меңзеп жіберейік:
Сақина, жүзік немесе білезік. Талғаммен таңдалған әшекей бұйым қыздың көңілінен шықпай қоймасы анық. Ұлттық мейрам болғандықтан, қазақы ою-өрнектермен көмкерілген, күміс зергерлік бұйымдарды сыйласаңыз жаңылмайсыз.
Моншақ. Әлемде қыз бен жігітке тән барлық зат өз болмысын өзгеріп жатса да, моншақ әрдайым қыздардың бұйымы болып қала бермек деп сенеміз. Қарапайым моншақтың өзі қыз көңілін бір серпіп тастары сөзсіз.
Орамал, шарф. Көктемнің салқын лебінде мойнына орап жүретін, сәнді орамал сыйласаңыз, оған деген қамқорлығыңызды білдіресіз. Осы күні дүкендерде сәнді шарфтардың түр-түрі бар.
Маникюр жиынтығы. Қыздар өз-өзін күтуде алдына жан салмайды. Тері күтімін, иіссуларды таңдауды қыздың өз қалауына қалдырып, оған тырнақ күтіміне арналған маникюр жиынтығын сыйлаңыз.
Ғажайып қобдиша. Сіз сыйлаған, не өзі жинаған түрлі әшекейлерін салып қоятын әдемі қобдиша да таптырмас сый болар еді.
Ас-үй жабдықтары. Сүйіктіңіз осы бастан тамақ дайындап, ас үй шаруашылығында машықтана берсін десеңіз, ас үйге арналған жабдықтарды сыйласаңыз болады. Мейлі ол оқтаулар жинағы болсын, не нан пісіргіш құрал болсын, таңдау өз еркіңізде.
Суреттер: redvelis.ru, redvelis.ru, body-life.ru, vse.kz, cinemas.su
Дайындаған: Анар Мұстафина