22 Наурыз. Семейліктер Тайқазанның көшірмесін жасап шықты

22 Наурыз. Семейліктер Тайқазанның көшірмесін жасап шықты

Семейлік шеберлер келе жатқан 22 наурыз мерекесіне дайындықтың аясында Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде тұрған Тайқазанның көшірмесін жасап шықты.

"Наурыз Тайқазаны" деп аталатын бұл этнографиялық композиция қаланың орталық алаңына қойылмақ.

Айта кетелік, тайқазан түркі халықтарының бірлігі мен қонақжайлығының символы болып табылады.

Түркістандық қазанның диматері 2,45 метрді құрайды. Ал оның салмағы 2 тонна. Оны Қарнақ қаласында 1399 ж. Тебриздік шебер Абд ул-Әзиз ибн Шараф әдДин 7 металл қоспасынан құйып жасаған: Темір, цинк, қорғасын, қалайы, қызыл мыс, күміс, алтын. Қазанға алпыс шелек су сияды. Ыдысқа құйылған су қасиетті деп есептеледі. Қазанның бүйіріне өсімдік кейпіндегі өрнектер салынып, араб әріптерімен оюлап құйылған жазулары бар. Түркістан тайқазаны 1935 ж. Санкт-Петербургтегі Эрмитаж басшыларының өтініші бойынша 3-халықаралық конгреске көрсету үшін әкетілген еді. Эрмитаждың төменгі қабатында 48-залда 54 жыл тұрып, Қазақстан үкіметінің талап етуі бойынша 1989 жылдың 18 қыркүйегінде қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі өз орнына қойылды. Оның қайтарылуына Ө.Жәнібеков көп еңбек сіңірді

"Семейде орнатылатын қазан жеңіл металдардан жасалған. Ол сонымен қатар, ылғалға, аязға, ыстыққа төзімді. Бұл қазан Түркістандағы Тайқазанның толық көшірмесі болып табылады", - деді қала архитекторы Қалдыбек Қақиланов.

Сәулетші сонымен қатар, қала тұрғындары бұл жұмысты жоғары бағалайды деп үміттенетіндігін жеткізді. Экспонат 22 наурыз мерекесінен кейін қаланың өлкетану мұражайына табыс етіледі.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

Материалды дайындау кезінде "Отырар" энциклопедиясындағы ақпараттар пайдаланылды

сурет: empire.kz

Massaget