Бұл дәстүрдің шығу төркіні тым ерте замандардан басталса керек. Көшпелі сақтар мен массагеттердің құт-береке, молшылық құдайы – Анайтис атты әйел жарылқаушысы болған. Ал ежелгі түркілердің мифологиялық көне түсінігі бойыншы жақсылық жаршысы - аспан шамшырағы, Күн бейнелі Ұмай Ана.
Мұнымен жаңа түскен жас келінге «жағың түскенше жамандық көрме, осы абыройлы ананың жолын берсін» деген ырым көзделеді. Аттан түсіп, жеңгесімен бірге келген ауылдан хабар күтіп тұрған келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығып, шашу шашады. Шымылдықты келіннің бетіне жауып, бет-жүзін үлкендерге көрсетпей, қайын атасының үйіне алып кіргізеді. Келін үлкен шаңырақтың босағасын оң аяғымен аттай кіріп, тізе бүгіп сәлем береді. 3 рет иіліп сәлем берген келінге атасы: «Көп жаса қарағым, бақытты бол!» деп бата береді. Сонан кейін келінді от басына төселген тулаққа отырғызады. Ол «жаңа түскен жас келіннің мінезі иленген тулақтай (тері) жұмсақ, биязы болсын» деген ырым. Келіннің қолына әйелдердің біреуі ішінде май құйылған ыдысты ұсынып, отқа май құйғызады. «От-Ана, Май-Ана, шапағатыңды жаңа түскен жас келінге тигізе көр, жарылқа!» дегізеді.
Осы рәсім орындалып болған соң, келінді өзіне арнайы тігілген ақ отауға енгізіп, күйеудің шешесі тиын ақша, құрт, ірімшік аралас шашу шашып, бата береді. Осы ізгі ниетті ақ тілеудегі «От-Ана» - қазақтардың мифологиялық кейіпкері. Үт бикеш те, ал «Май-Анамыз» - Ұмай Ана. Ата-бабаларымыздың ұғымынша, «Күн», «Ана», «Құт-береке», «Молшылық», «Мейірім» - барлығы да бір ұғымға сиятындықтан, қыз бен жігіт тартысында Жаңа Жылдың, Қасиетті Күннің құрметіне қыз баланың жеңгенін мақұл көрген.
Отқа май құю ғұрпы тек қана қыз баласына қатысты қолданылып қоймай, күйеу жігітке де бағытталады. Қыз әкесi үйiнiң оң жақ iргесiне күйеуге арнап қымбат матадан тiгiлген төсек салып, шымылдық құрып қояды. Күйеу табалдырықтан аттап кiргенде үш рет тәжiм етедi. Табада тұрған шоққа қолына ұстатқан темiр ожаудан майды құяды. Бiр кемпiр сұқ қолын әуелi шоққа қарсылап, одан өзiнiң маңдайына, кеудесiне сұқ қолын басады. Бұдан соң күйеудi төсекке отырғызады. Өзге жұрт шығып кетiп, жеңгесi тамақ бередi (Ы.А).
Бұл жөнiнде Ш. Уәлиханов өзінің мақаласында былай деген: "...От әулие (киелі) болып саналады... Қарғыс... Отқа түкіруге, ошақты басуға болмайды. Жаңа түскен келін (күйеуінің) әкесінің үйіне кіріп, сәлем жасап, «аруақ» разы болсын» деп тағзым етіп, отқа бір қасық май құю керек. Жас келін сәлем еткенде, аруақ разы болсын деп, тізе бүгіп, еңкейіп, маңдайын еденге тигізеді. Отқа тамызған май жанып жатқанда, жас келіннің енесі немесе әйелдердің бірі алақанын отқа қыздырып, келіннің бетін сипайды. Үлкен үйдің отының құрметіне деп, қалыңдық атасының иығына шапан жабады, отағасы жас келінді: «Иін қандырып илеген терідей, мінезің жұмсақ болсын, қарағым», - деп бата беріп, тулаққа, қой терісіне отырғызады. Жан беру (ант) беру үшін, екі жерден от жағып, адам сол екі оттың арасынан өтіп, кісі өлтірген мылтықтың ұңғысын сүюге тиіс.... Барлық шамандық салттың iшiнде отқа табыну қазақтарда әлi күшiнде. Қазақтар отты әулие деп санайды. Аса жоғары құрметтеудiң белгiсi ретiнде, қазақтар моңғолдар сияқты отты ана деп атайды. Отта тазартушы қасиет бар деп түсiнедi, екi оттың арасынан өткiзiп тазартады. Оны "аластау" дейдi. Қыстаудан көшкенде көштi екi оттың арасынан өткiзедi".
Суреттер:www.alashainasy.kz,turkacadem.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева