Ұлыстың ұлы күні- наурыз мейрамы құтты болсын!!! Назарларыңызға XIX ғасырдың 80 жылдарында орын алған Жамбыл мен Құлмамбет арасындағы айтысты ұсынуды жөн көрдік. Өрелі өнердің құдіретін тағы бір мойындап, тұма бұлаққа қанып ішер күн туып отыр.
Құлмамбет:
Құлмамбет менің атым — Құлан аян,
Менің құлан екенім тәңірге аян.
Албан, Дулат жиналып бата берсе,
Кеңес айтып жырлайын етіп баян.
Қара күңнің баласы Ысты бақыр,
Кім өлсе соған түсер заманақыр.
Жамбыл деген бар дейді бір немесі,
Ақын болса, ол неме қайда жатыр?
Бүгінгі күн елеусіз қалғанменен,
Ертеңгі күн шаужайдан алар ақыр.
Сейтбаттал, Ерәлінің соғысындай.
Не болса да болайын, жылдам шақыр!
Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды,
Еркек қойдай құйрығын салмақтайды.
Ақын болса, қайда отыр ол немесі,
Көрелік оны неге ардақтайды?
Құдеке, кісі жібер Жамбылыңа,
Жамбылды болар ма екен алдыруға?
Албан, Дулат тобында мен бір жорға,
Менімен жарар ма екен шалдыруға?
Тең жорға төрт аяғым бірдей шалыс,
Менімен жарар ма екен салдыруға?
Топтан озған о дағы жүйрік болса,
Кешікпей шапшаңырақ шақыр мұнда!
Жамбылды Құдайберген алып келді,
Жиылған халайықтың бәрі көрді.
Жамбылды ол Құлмамбет көргеннен соң,
Жамбылға сүйкенісіп сөйлейді енді.
Сондағы Құлмамбеттің сөзі мынау,
Арам тер талай ақын болды бұлау.
Жамбылға сонда тұрып былай деді,
Басқасы болмаған соң аяқ ылау.
Болғанда жол ағадан, тон жағадан,
Арлан бөрі соғады тау сағадан.
Бас қосып бағландармен қалмақ үшін
Ізденіп келіп тұрмын Қарқарадан.
Аузыңда сәлемің мен иманың жоқ,
Үлгісіз көргенім жоқ сендей надан.
Жүрмегін омақасып орға түсіп,
Өмірі кішілікке баспай қадам.
Өлеңші толып отыр көбелектей,
Тоғыз ақын толғанып төңіректей.
Тоғыз тұрмақ ақының он бір болса,
Немене бәріңді де басып өтпей.
Қамалып қам теріге бүрмеленбе,
Қысты күн қар астында қалған шептей.
Мені шын жеңемін деп желікпей-ақ
Қойыңдар абиырды шашпай-текпей.
Апырмай, Құлмамбеттің, келді кезі,
Қалай теріс болады айтқан сөзі.
Албан, Дулат бәрі кеп атқа мінсе,
Шапырашты дегенің немене өзі
Шапырашты дегенің некесі жоқ,
Бай болады диқаншы тамағы тоқ.
Албан, Дулат бәрі кеп атқа мінсе,
Дегенін, Үштақбалы керегі жоқ.
Албан аға болғанда, Дулат іні,
Сөзінде Құлмамбеттің бар ма міні;
Албан, Дулат бәрі кеп айғай салса,
Шапыраштының не болар көрген күні.
Домалақтың төрт ұлы есен болса,
Сірә, жеңбей қоймаспын бүгін сені.
Кенеліп жүйткуші ем жөнсіз жерден,
Мен жауға алдырмаушы ем әлсіз жерден.
Мылтыққа түтеп тұрған қарсы шауып,
Асықсаң ажалыңа, келші бермені
Болғанда мен ақсұңқар, сен бір тауық,
Сен әтеш айғайлағыш ауық-ауық.
Болмаса аты шыққан Сүйінбайың,
Басқасын қою керек жылы жауып.
Ажал туртіп жүрмесін аңғармастан
Оқтаулы ақ беренге қарсы шауып.
Жамбыл-ау, Албан да ағаң, Дулат та ағаң,
Не қылса да артық дүр сенен бағам.
Жылқысын Нұрқан байдың мен қаптатсам.
Қырылар Шапырашты бұзау, танаң.
О, Жамбыл бүгін болар ұрын тойың,
Ертеңгі күн болады дәл шын тойың.
Тобықтай түзу жерден жол таппайсың,
Бабанын, мен қаптатсам қалың қойын.
Аңлашы, Албан бай ма, Дулат бай ма?
Сенің байың Шолақбай, Дулаттай ма?
Қалың жатқан келейін Майлыбайға,
Мұнан соң мен барамын Бектембайға.
Тарпаң мен Тоқсейіттей бегің қайда?
Жүз мың теңге сандықта шіріп жатыр,
Баласы Ниязбектін, Сәрсенбайда.
Дәме еткен сары майдан кеудең қайда.
Жамбылым, енді келдің, құлар сайға.
Ойың бар айтыспаққа меніменен,
Түбінде кімге зиян, кімге пайда.
Баласы Өтегеннің, Нұрақан бай,
Қарайды хан Шайбегі жатыр былай.
Көбікбай, Қарабаймен алыс жатыр,
Сатыбалды, Қанайды қайтесің-ай.
Және бар Тілеуқабыл, Үсембайым,
Сөйлейді шаршы топта бұлбұлдайын.
Алма тартқан кісіге ат береді,
А Жамбыл, білуші ме ең, мұның жайын?
Тағы бар Жайылмаста молда Сәтім,
Бақ пен қыдыр іздеп кеп жалғасатын.
Дәулеті Сегізбектің серке болды
Салмағы қорғасындай қол басатын.
Бай болған Ормақайға қыдыр дарып,
Смайыл келген еді қажы барып.
Солардың үлгі көрген ұрпағы еді,
Соғайын ер Мөңкені ауызға алып.
Алпысбай, Мәлікпенен тағы да бар,
Қалай, айтсам сыйғандай шағы да бар.
Ыдырыс қос тотым мен ер Шұманақ,
Кең бейіл, кетпес дәулет, бағы да бар.
Аманжол Қасқарауда, бек Ноғайбай,
Түп-түгел мал мен бастың бәрі де сай,
Ерте жатып, кеш тұрған өңшең сабаз,
Ішкені шай бұлардың, жегені май.
Атасы қыдыр шалған Малдыбайдан,
Пірім медет тіледім Әжібайдан.
Күйкі тұғыр немені алып келдің
Әйтеуір біреумізден төгілді айран.
Шапырашты сейлесең, жаманың жоқ,
Шүу десең, бәрің жүйрік шабаның жоқ.
Кіріп келіп есіктен үндемейсің,
Үлкенге сәлемің жоқ, аманың жоқ.
Үндемей кіріп келдің тайпақ қара,
Өзің, қандай, мен қандай байқап қара.
Үлкенге сәлемің жоқ, аманың жоқ,
Не басыңа күн туды дүзі қара?
Ей, Жамбыл, үндемейсің дертің бар ма?
Үндемеске қылған бір сертің бар ма?
Шапқанмен сырың мәлім Шапырашты,
Ұстасар меніменен еркің бар ма?
Мен айтсам, айтам қалың байлығымды,
Дулаттан жиып жүрсің шайлығыңды,
Албан, Дулат жиылып бата берді,
Бұзбайды жандарал да жарлығымды.
Ашулансаң, аспанды тастап жібер.
Сен де аянбай қимылда барлығыңды.
Ж а м б ы л:
Қызғанша айғай шығып, едім салғыр,
Сөйлесең, әр немені тілің шалғыр;
Келген жерден сөйлейсің тура тістеп,
Қалайша шайқақтайсың, тәңірі алғыр?
Сөйлесем өлеңімді түптен бермен,
Құйылар сөз нөсері көктен, жерден.
Мылтықта түтеп тұрған мен бір оттық.
Асықсақ ажалыңа, келші бермен.
Шүу десе, жүйрік озар мынау жолдан,
Демей көр, ескі аруақ алып қолдан.
Қарасай дем бере гөр, менің бабам,
Сөйлейін будақтатып оң мен солдан.
Құлмамбет, сен жақсы да, мен жаман ба?
Ақында сен жүйрік те, мен шабан ба?
Қарасайлап қосылсам бір бүйірден,
Ақырында кетерсің бас аманға!
Ұша алмай қара бүркіт қалықтамай,
Құлмамбет, сөз сөйлейсің анықтамай
Айтатұғын кісінің өзіне айтқын
Делбе сүзек кісідей шалықтамай!
Ерлігім ерлігіңе дөп келеді,
Байлығыңа байлығым еп келеді.
Кісіні дым білмейтін тапқандай-ақ,
Есіріп көрген жерден ентеледің.
А, Құлмамбет, Құлмамбет,
Ағып жатқан сумен кет!
Сумен кетсең, ел ішер,
Судан шыққан бумен кет!
Онда да кесірің тиеді,
Қызарып батқан күнмен кет!
Күн де қайтып шығады,
Оттан шыққан күлмен кет!
Күлден ауру жұғады,
Қараңғы түнек түнмен кет!
Түн де қайтып келеді,
Асқаралы таумен кет!
Тауды да халық мекендер,
Кесірің жұғар, Құлмамбет,
Қу пәлекет арман кет!
Таз Құлмамбет сен болсаң,
Мен де алдыңа тартайын
Мақтан қылар жайымды,
Арқаларсың уайымды,
Ел байлығын қаптатсам,
Болатын әлі-ақ тойың бар.
Жылқысынын, бір шеті
Алматының, өзінде,
Бір шеті Қарақыстақ,
Кәстектің кемерінде,
Несі болмас құданың берерінде?
Бұған қайтып жетесің,
Жалған сөйлеп не керек,
Айтайын сөздің төтесін.
Жылқысының шетінен
Жарамды атпен сабаулап,
Он күнге әрең етесің.
Құлмамбет:
Осыны түлен түртті ғой, құдай тағала,
Жапанда жалғыз қурай болмас пана!
Ерлік пенен байлықтан сөз қозғасам,
Көткеншектеп қашарсың, байғұс бала.
Қалайша боп отырсың ырғай мойын.
Аз кідірсең болады сенің тойың.
Жалпы Дулат бұл жақта жата тұрсын,
Бабаның қаптатайын қалың қойын.
Тұра тұр тағы айтайын көптігімді,
Көптікті айтсам үзем шеттігіңді.
Шапырашты күйіңмен байлық айтып,
Ерлікпенен көрсетпе ептігіңді.
Ж а м б ы л:
Мен барайын төменгі
Асыл менен Шыбылға,
Мықты болсаң, Құлмамбет,
Күрескеннен жығылма!
Бұ жақтағы Дулатты
Тастай бере асығып,
Бабаға барып тығылма!
Бабан, қойын бу қылып
Аруаққа ұрынба!
Еш нәрсе қанша айтқанмен ете алмайсың,
Бұлтарып мен тұрғанда кете алмайсың.
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап сандалмай, жөніңе қайт!
Құлмамбет:
О, жазған, Албан бай ма, Дулат бай ма?
Бабаны айттым, тұрсын деп Дулат жайға.
Сенің елің адамы байғұс екен:
Қазынаны ойлаған Дулаттай ма?
Жеті мың қой қорада шулап жатыр,
Бес мың құлын желіде тулап жатыр.
Он түйеге көшкенде жамбы артады,
Абекемнің тіккені жібек шатыр.
Бұл жерден сені жеңбей кетемін бе?
Ақшаға толтырамын етегіңді.
Албан жағы тоқтасын мұныменен,
Қасқараудан салайын Өтегенді.
Баласы Өтегеннің Нұрақан бай,
Білемісің мың жылқыны жатыр қандай.
Сатыбалды, Естемес, Алмақ, Салмақ,
Бәрін бірдей айтамын біржолата-ай!
Шенет қалды тағы да бұ жағында,
Жаратқан оны да артық патша құдай.
Ж а м б ы л:
Керек болса, ақшаны
Көн қапқа салып алдырған.
Ел көшкенде қазынасын
Алпыс нарға арттырған
Асыл кілем жаптырған,
Жібектен арқан тарттырған.
Әлемді алып байлығы,
Әсемдігін арттырған
Олай болса өктемдеп,
Алатауды бөктерлеп,
Бұдан да сырғып өтейін:
Қалай айтсаң, олай айт,
Құлмамбет, саған төтейін.
Бұдан шығып аяңдап,
Кәстекке барып жетейін.
Ол Кәстекті жерлеген,
Ересі судай өрлеген,
Сұраншы, Саурық батырым,
Шеніне дұшпан келмеген.
Ақ кіреуке жамылып,
Ат кетпеген кермеден.
Садағын белге байланып,
Жауға қылыш сермеген.
Қамын ойлап халқының,
Тар кезеңде бармеген,
Тоятын тілеп алыстан,
Тұғырда тұрып жем жеген.
Барайын енді аяңдап Сыпатайға,
Айтпай оны кетпеймін тегі жайға;
Ұлы жүздің тірегі батырым ғой,
Бір болмаған ығай мен сығайыңа,
Қайыры қарашыға сондай жақсы.
Қандырар сусындатып қант пен шайға,
Байлық, бақыт тек оның ерлігінде,
Ерлікпен ел намысын берді кімге?
Өңкей сасық байларың сен мақтаған
Қолдарынан түк келмей жүр өмірде.
Кімің бар Сыпатайдай төңіректе,
Арғымақ мінгізеді ат керекке.
Түгендеп бір жұмада бола алмайды,
Көсілтіп қамшы басып көксерекке,
Ерлігі, жомарттығы жаннан асқан,
Пайдасы тиіп жатыр күнде кепке.
Кім мақтамас қайырымды ер Сыпатайды,
Дәулетімен ораған Алатауды.
Қанша халық аралап жүрсем-дағы
Жалғанда көргенім жоқ ондай жанды.
Бұл сөзді мұнда тастайын,
Сабыр қылып саспайын.
Теріскей тұрсын жайына,
Күнгей жақтан бастайын.
Ол күнгейді жерлеген,
Желмая мініп желмеген,
Өрге салсаң өрлеген,
Жер жәннәтін жерлеген,
Байтелі, Қумен, Дәулетті,
Жапек пенен төртеуі
Бәрі ерлер әулетті.
Өнері асып әр жаннан,
Түзеген кешін сәулетті
Асықпай тыңда, Құлмамбет,
Беремін кезек нәубетті.
Онан бері асайын,
Теріскейге қадам басайын,
Жоғарғы шеті Мырзабек,
Бәрі де өңшең қаракөк.
Арғы атасы Кашке — қарадан хан болған,
Қылған ісі Әбілпейіске таң болған.
Аруақты ер болып,
Алқабымен ел болып,
Сондай-сондай жан болған.
Төменгі шеттен айтайын:
Әлі менен Нұрабай —
Ер Кашкенің тұқымы,
Атасы жауға аттанып,
Жауды көрсе шаттанып,
Ат құйрығын бұлады,
Елінің басын құрады.
Онан былай өтейін,
Көзіңді сенің көр қылып,
Көлденеңдеп кетейін.
Ертерек жүріп, ентелеп
Серектасқа жетейін.
Серектасты жерлеген,
Байлығы тасып көл деген
Қилыбай ұлы Қожбанбет
Көк берендей түтеген.
Көкірегіне құдайым
Тоқымай нұрды бітірген.
Айға білеп азуын
Аспанға қолын сілтегем.
Кетерілсе талайым,
Түстік жерге тоқтамай,
Орынсыз мылтық оқтамай,
Өтеген, Қазбекке барайын.
Сол жерде жатқан Өтем деп,
Атамыз қылған мекен деп,
Ыбырайымның алты ұлы,
Алтауы да арыстан.
Дұшпандарын жанышқан,
Қазақтың қамқор ерлері,
Қарулымен қағысқан,
Азулымен алысқан.
Уа, Құлмамбет, сөз тыңда!
Байларым деп салмақтап,
Не қыласың құр мақтап
Өңкей надан есекті.
Елдің сиқын кетірген
Кәсіп қып өтірік-өсекті.
Мен сөйлесем, қаларсың,
Ашылмас тұман ескекке.
Баймын деп сендей тасыман,
Кедеймін деп жасыман!
Берекелі елді айтам,
Ел тұтқасы ерді айтам,
Басымнан сөз асырман!
Құлмамбет:
Барайын Қасқарауда Бекет байға,
Тарпаң мен Тоқсейіттей байың қайда?
Саралалы кеп жылқы өзінде бар
Қожамберді атасы Телдітайда.
Сұлтан жатыр Шоқпардың қайқысында,
Жазған-ау, өлер жерді өзің ойла.
Барайын Жолсейітте Шоранбайға,
Шомалақ пен Шәкейдей байың қайда?
Шапырашты басыңмен байлық айтып,
Сен кезікпей жатырсың құлар сайға.
Қалай-қалай сөйлейсің, байғұс шолақ.
Сары майдан дәметкен кеудең қайда?
Өлеңді мен соғайын түйдегімен,
Әжібайлап тиейін бүйрегіңнен.
Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді,
Сен тұрмақ үміт көрмен үйдегіңнен.
Шапырашты мақтанба, кеп белгілі,
Әркім-ақ тұрған шығар беп-белгілі.
Құладыңды қайырып қуға салсақ,
Тышқан алған керуші ек бөктергіңі.
Салғалы отырсың ба көптігіңді,
Тіпті керек қылмаймын септігіңді.
Айыл жіптеп тартып кел көпшігіңді,
Ерегіссең, үземін шеттігіңді.
Ж а м б ы л:
Сыпатайдың артында Қақаман бар,
Қақаманның артында Тақаман бар.
Кіжіктің үлкен үйін көріп пе едің,
Тоқсан тұлып алтын боз жасаған бар.
Екейден мен айтайын Байсалбайды,
Тек жорға төрт аяғым, тайпалмайды,
Аңырып әніме аңдар қалатұғын,
Өлеңді бүйтіп жыршы айта алмайды.
Апиыншы Албанды сонша мақтап,
Құлмамбет неменеден сайтандайды.
Біздің елдің адамы өнері асқан,
Өнерімен талайдың көңілін басқан.
Жерді керген, ел керген, қала барған
Бір кем емес байыңнан асып, тасқан.
Алматының шәһәрінде
«Көк күмбез» үйді салдырған,
Қарасаң, кезді талдырған.
Арғы шетін айтайын:
Қызылжар мен Семейден,
Мына шетін айтайын:
Ташкент пенен Наманған,
Әндіжан мен Марғұлан,
Ақша деген немеңді
Қапқа салып алдырған.
Жігіттер бар жетілген,
Орыс, қазақ ұйым боп
Тізе қосып бекінген.
Бұларды айтсам мақтанып,
Жерім бар ма шалдырған.
Құлмамбет:
Ертеде өтіп кеткен Ыбырайым,
Шүу десе кек бестідей зымырайын,
Есқожаға тығылған жаман екен,
Бір сапарға еліңде жоқ па байың?
Айтасың Шапырашты ерлігіңді,
Шыр айналып соқтырдым белдігімді;
Саурық пен Сұраншының жаудан өлген,
Көзіме де ілмеймін ендігіңді...
Ж а м б ы л:
Жақсылық, жамандықты тексереді,
Кім жүйрік, кім шабаны екшеледі.
Елімнің ерлігімен мақтанамын,
Сырт дұшпан көрген бізді сескенеді.
Жалғыз-ақ сен болмасаң, таз Құлмамбет,
Қай ақынға бұл Жамбыл дес береді.
Батыр Саурық, Сұраншы жаудан елген,
Халық үшін шәйіт боп жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не?
Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген.
Қожалық қып кетіп ед Мақсұт ағаң
Ағайынмен ұрысып даудан елген?
Шапырашты, Дулаттың бәрі куә,
Шытыр жеген өгіздей аунап өлген.
Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ,
Төңіректің төрт бұршын жалмап өлген.
Түлен түртіп отыр ма, таз Құлмам6ет,
Керікқұл мен Сақаудан аз, Құлмамбет.
Алақандай басыңнын, бір қылы жоқ,
Боласың неменеге мәз, Құлмамбет?!
Құлмамбет, мен білемін, түбің Уақ,
Арқадан кісі өлтіріп келдің шұбап.
Басыңды осы арада кесіп алсам,
Кісі жоқ қылмысыңнан алар ақтап.
Үстіңе жайдың оғын жайлатармын,
Екі қолыңды артыңа байлатармын.
Арада кісі өлтірген қашқын жүр деп
Жұртыңа здавайттап айдатармын.
Құлмамбет, ақын Шаншар Суанды алдық,
Нашар едің, бұл күнде жуандадық.
Сенің кеп мақтанатын жайың да жоқ,
Қуарып үш бешпентпен қуаңдадың.
Құлмамбет, Суанмен, Албанменен,
Албандай бай болмадың алғанменен.
Байғұс-ау, қай жеріңмен мақтанасың,
Есің жоқ шашың жұртта қалғанменен.
Арқадан ауып келген ақтабансың,
Елді алдап, ақынмын деп мақтанасың.
Албанның таз баласы Құлмамбет деп,
Дүйсенбай, Сәт, Мәңкелер ақтап алсын.
Асыл сөздің иелері және олардың айтып кеткен сөздері алдағы таңда үлкен сабақ болар деп ойлаймыз. Көл-көсір мұра мен ақтаңдақ тарихты біліп жүргенін абзал, жас ұрпақ!!!
сурет:krasny.ru
Дайындаған: Фараби Арыстанбек