Қазіргі заманда да, ертеде де жыл басы - Наурыз келе салысымен, күн жылынған шақта, екі жастың басын біріктіріп, олардың шаңырақ көтеріп, өмірлерін қызыққа толтыру мақсатында қазақ халқы ұлан-асыр той жасап, сауық құрған. Жастар ат жарыстырып, күреске түскен. Ал жігіт пен қалыңдықтың өмірі қызыққа, қуанышқа толы болсын деген мақсатпен түрлі ойындар ұйымдастырған. Осындай ізденістердің нәтижесінде қыз қуу ойыны пайда болды. Көнеден тойланып келе жатқан Наурыз мерекесінде, біздің заманымыздан бұрынғы VIII—VII ғасырларда қыздар тамаша шабандоз болған кездерде ойнатылған бұл ойынның «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деген де аттары болған.
Жарысқа түскенде, егер жігіт қызды қуып жете алмаса, өзіне қойылатын талапты ақтай алмағаны үшін оның қызбен некелесуге құқы болмаған.
Сонымен қатар, ертеден келе жатқан аңыз-әңгімелерде жарысқа екі рудың қыз бен жігіті түскен. Жігіт жеңілген жағдайда, айыппұл салынып, астындағы аты тартып алынған, ал бұл өз кезегінде жігіт үшін үлкен кемістік болған. Ал қыз жеңілген деп табылса, ешқандай қалың малсыз ол жеңген жігітке тұрмысқа шыққан.
Бертін келе «Қыз қуу» көңіл-көтеру, сауықтыру шараларына кіріп, түрлі бәйгелерде ойнатылып тұрады. Жарыс 400-500 метр ара-қашықтықты құрайтын ашық алаңда өтеді. Қыз екі атқа ілгері тұрып, жарысқа түседі. Мәре сызығына жеткенге дейін жігіт қызды қуып жетсе, жеңімпаз ретінде қызды құшып, бетінен сүюге мүмкіндігі бар. Ал егер жете алмаса, қайтар жолда қыз жігітті қамшымен бір ұрады. Ойынның шеберлігі үш белгі бойынша айқындалады: аттың құлағында ойнау шеберлігі, көркемдігі, яғни орындау мәнері және жүйріктігі. Көбіне бұл ойын 22 Наурыз - Ұлыстың ұлы күні тойланғанда ойналады. Қатысушылар әдемі ұлттық киімдерді киіп, ең жүйрік аттарын бәйгеге қосады. Сол себепті жиналған қауымға әдемі көрініс сыйлайды.
Сурет: azattyq.org
Дайындаған: Анар Мұстафина