Түркі халықтарының төл мерекесі саналатын Ұлы Наурыз жақындап келеді. 22 наурыз - қазақтың жаңа жылы. Өткенімізбен бүгінімізді байланыстыру үшін бабалар сөздерін үнемі жадымызда ұстауымыз керек. Босағамызды аттағалы тұрған жаңа жылдың құрметіне ұлы шешендеріміз айтып кеткен өнегелі шешендік сөздерді ұсынғалы отырмыз.
АЛЫСТА - НЕ АЛЫС!
Байдалы қартайып үйден шықпай күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінің ішінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.
— Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой!—дей беріпті.
Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады.
— Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? — депті Байдалы.
— Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілік пен алысып жатыр екен деймін дағы,— депті Мұса.
— Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші!—дейді қарт. Мұса «айтыңыз» деп тыңдайды. Байдалы қарт сонда:
— Алыста не алыс?
Жақында не жақын?
Тәтті де не тәтті? — дейді.
Мұса ойланып отырып:
— Жер мен көктің арасы алыс,
Кісіге туыс жақын,
Бала тәтті, депті.
Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:
— Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, жан шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында — ажал жақын,— депті.
ҚОНАҚ НЕШЕ ТҮРЛІ БОЛАДЫ?
Есентемір Бөленді Асау шешен қонаққа шақырып отырып:
-Е, бөле! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? — депті.
-Е, шырағым, сұра! — депті Бөлен.
-Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп «мынау тағы келе жатыр ма?»—дейді. Бұл неткені? — депті Асау.
-Ол келіннің ырысы кеткені,— дейді Бөлен.
-Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күтуден ерінеді. «Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?»— дейді. Бұл неткені?
— Ол балалардан ерік кеткені.
— Бөле! «Қонақ-қонсы» дейді қазақ. Қонақ деген кім, қонсы деген кім?
— Қонақ деген мына мен, жылына бір рет шақырту- мен келемін. Қонсы деген мыналар,— деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне пәлен келіпті, барып амандасайық деп келеді.
— Ал, Бөле! Қонақ неше түрлі болады?
— Қонақ төрт түрлі болады:
Арнайы қонақ,
Құдайы қонақ,
Қыдырма қонақ
Қылғыма қонақ.
Енді Бөлен Асаудан:
— Жігіттің неше жұрты бар? — деп сұрайды.
— Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын,— дейді Асау:
Қайын жұрты — міншіл,
Өз жұрты — күншіл,
Нағашы жұрты — сыншыл.
Сонда Бөлен:
— Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз. Ол — елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді- ау! — депті.
БАЛДАН ТӘТТІ НЕ БАР?
Бауадат дейтін жігіттің сұрақтарына Назым деген қыздың берген жауаптары:
— Балдан тәтті не бар, қылыштан өткір не бар?
— Балдан тәтті бала бар, қылыштан өткір тіл бар. Удан ащы — әдепсіз адамның аузынан шыққан сөз бар.
ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН МЕН ҚАРАКӨЗ АЙЫМ
Әз Жәнібек жаяу мал қарап жүрген балаға кез болады.
— Шырағым, елсіз жерде неғып жүрсің? — деп сұрайды.
— Жалғыз түйемнен көз жазып қап, соны іздеп жүр едім,— деп жауап береді бала.
— Түйеңді тұсап қойсаң болмай ма?
— Түйемнің тұсауы өліп қалып еді,— дейді бала. Ол әкем өліп қалып еді деген сөзі екен.
— Балам, біз қай үйге қонамыз?
— Бір қой жеймін десеңіздер, қай үй болса да қона бересіздер! Екі қой жеймін десеңіздер, біздің үйге қонасыздар,— дейді бала. Ханның қасындағылар:
— Мынау бір мырза бала екен, осының үйіне қонайық,— дейді. Келген соң бала бір буаз саулықты жетектеп келіп «иллаһи амин!» дегенде: «Шырағым, бойдақ қой жоқ па? — деп ескертеді хан.
— Мен бойдақ қойдың жоғын мана далада айтпап па едім? Екі қой жесеңіздер, біздің үйге қон дегенім осы емес пе еді? — дейді бала.
Қонақтар жауабына қайран қалады.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: vse-skazki.ru