- Негізгі бет
- НАУРЫЗ 2013
- 22 Наурыз. Қазақша...
22 Наурыз. Қазақша тіскебасар - құрт
Ұлыстың Ұлы күні - 22 наурыз мейрамын дастарханның сәнін келтіретін, қазақтың ұлттық тағамы - құртсыз елестету мүмкін емес. Осы күні көптеген ұлттардың сүйікті тағамына айналып үлгерді. Бір рет дәмін татқан соң қазақстандықтарға тапсырыс беріп жататын шетелдіктердің оқиғаларын жиі естуге болады. Құрттың ең жақсы қасиеттерінің бірі ұзақ уақыт сақталуға бейімділігі. Ал құрамындағы ақуыз бен кальций дәрумендері жайлы айтпаса да, түсінікті.
Пісіліп, майы алынған айранды қайнатып, арнайы дорбада сүзіп, тұздап, кептіріп сақтайтын тағам түрі - құрттың қазақы дастарханда алар орны ерекше. Қазақтар ырымдап, кеппеген құртты жеуге, алуға болмайды деген. Егер кеуіп үлгермеген құртты алып жесе, жауын жауады деген ырым бар. Сабада жиналып пісілген іркітті майы алынғаннан кейін түбіне май жаққан үлкен қазанға құйып қайнатады.
Құрт – жеке тіскебасар ретінде ғана емес, ұнтақталған күйінде езгенқұрт деп аталып, сорпаға, тұздыққа және басқа да тағамдарға қоспа ретінде пайдаланылады. Байқағандарыңыздай, құрт құрылымына қарай бірнеше түрге бөлінеді: сүзбеде тұрған құртты сары маймен жентектеп бастырма ретінде дайындалған түрін жасқұрт деп атайды. Кепкен құртқа, бауырсаққа тісі өтпейтін қарттар үшін жақсы тағам.
Қайнап жатқан құрттың қалқып алған бетін көбік дейді. Майлы, тойымды ас ретінде балаларға, қарттарға қалқып береді. Бұрын құрт қайнатқан үйден көбік жалаймыз деп ауыл балалары жиналған.
Құрттың шипалы қасиеттері де жоқ емес. Қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішсе өкпе ауруларына, суық тиіп ауырғанда жақсы ем болған, бұны ыстық құрт дейді.
Ашыған айранды қапқа құйып, сүзіп, тұздап, әртүрлі үлгіде бөлшектеп кептірілетін құртты сықпа құрт деп атайды. Сықпа құрт та бастырма ретінде пайдаланылған. Бұрындары мұндай құртты жайған әйел ауыл балаларына дөңгелек жасап, жіпке тізіп мойындарына іліп қуанту салты болған.
Езілген құрттың таусыншақ түйіршіктері малта деп аталады. Жұмсақ болып келетін бұл тіскебасарды ұзақ сапарларда ауызға салып суын жұтып, әрі сусын, әрі қорек еткен.
Езген құрттың ең соңғы шайындысын ақ малта дейді. Оны сұйық күйінде ішеді және өте сіңімді тағам болып саналады.
Арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді ұнтақ құрт деп аталады. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.
Құрт-май деген сары майға батырып, кепкен сықпа жалпақ құрт. Кейде құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындылары да құрт-май деп аталады.
Қазақтардың сорпаға, көжеге құрт езіп ішкен. Мұны құрт-көже дейді.
Құрт ішек микрофлорасын ретке келтіріп, иммунитеттің жақсы болуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, сүтке қарағанда тез қорытылатын, сіңімді тағам. Құртты қазіргі уақытта үй жағдайында да дайындауға болады. Оның жасалу әдісімен таныс болып, Ұлыстың Ұлы күні қонақтарыңызды өзіңіз дайындаған құрттан дәм таттырыңыз.
Суреттер: kz.otyrar.kz, facebook.com, vk.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina