- Негізгі бет
- НАУРЫЗ 2013
- 22 наурыз. Қазақ...
22 наурыз. Қазақ халқының салт-дәстүрлері
Адам адамға, ағаш ағашқа қарап өседі деп білген қазақ халқы «Қызың жақсы болсын десең – қылықтылармен ауыл бол» дейтін халық даналығын берік ұстанып, қыз балаларды ес біліп, етек жаба бастаған кезде-ақ өнерлі, текті, тәрбиелі, адамгершілігі жоғары кісілермен барыс-келіс, алыс-беріс жасап, олармен көрші отыруға, бір жүруге құлшынған әрі ресми тәрбие жүргізе бастаған. Мұнда білікті аналар сәби қыздарын бір тізерлеп отыру, қалай болса, солай отырып-тұрмау; үнемі «сіз, біз» деп сөйлеу, тасыр мінез, кеселді сөзден аулақ болу; кісі бетіне, әсіресе ер адамдардың бетіне қылымсып немесе тіке қарамау, үлкенді сыйлау, ересек кісілердің жолын кеспеу, үлкен адамдар келгенде, тұрып жол беру, аман-сәлем жасау, ата-анамен үлкен кісілер арасында отырғанда білермендік істемеу, сөзге қыстырылмау, «шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» дейтін халық даналығын есте берік сақтау, көп ортасында жыртақтап күлмеу, арын таза сақтау, ата-анадан рұқсатсыз қыдырмау сияқты істерден егжей-тегжейлі тәрбие жүргізеді.
Ұл тәрбиесінде, ұлдарға болашақ ел мен жұрттың қорғаны, отбасының ұйытқысы, халыққа бақыт-байлық жаратушы екендігін шынайы ұғындыру басты мақсат етіледі. Ер жігіттің қалай болу керектігі, ел-жұрт, үлкен-кіші, кәрі-жас алдында өзін қалай ұстап, әйелдер мен балаларға қалай қамқорлық жасау, отбасы мен ел-жұртына қалай үлгі-өнеге болу, қиын сәттер мен ел басына күн туған сын сағаттарда қалай ерлік көрсетіп, қалай азаматтық таныту секілді істердің барлығы мұқият бір-бірлеп үйретіледі.
Ендеше, назарларыңызға сонау ықылым замандардан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді ұсынып көрмекпіз.
Сәлем беру, сәлем ету. Алыс жолдан келген жолаушы немесе сол елдің адамы ауыл ақсақалдарына немесе белгілі адамдарға әдейі іздеп келіп сәлем беру – қалыптасқан ұлттық дәстүріміз. Кейде «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» дегендей жөн білетін ақсақалдарымыздың өзі амандасуды да ұят көрмеген. Егер сәлем ер азаматтарға байланысты болса, сәлем берді деп айтылады.
Сондай-ақ, ақ жаулық тағып, келін деген асқақ атты иемденген нәзік жандыларымыз да үлкендерге сәлем салған. Ондайда, жанындағылар үлкендерге «пәленшенің келіні сәлем беріп жатыр» деп жеткізеді. Мұндайда көне көз қарияларымыз «Көп жаса, бақытты бол» деп бата қайырған. Егер сәлем әйел затына қатысты болса, сәлем етті деп айтылады.
Ат тергеу. Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі – ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайынсіңілсінің атын атамай, өзіне лайықты ат қойып, «мырза, қайнаға, бай атам, би аға, жалқы бала, тентегім, еркем» әйел болса, «шебер шешей, ақ әже, сырғалым, шашбаулым, күлімкөз деп атайды. Мұның бәр шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар да өзінен үлкендерді «ата» әке, Ереке, Аха, Жәке, Сәке деп құрметтеген. Ат тергеу – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көрегенділік, кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады.
Асар. Ауылға асар жасататынын хабарлайды. Бір жанұяның қолынан келмейтін жұмыстарды атқару үшін бір ауылдың адамдары «асарға» шақырылады. Мысалы: үй көтергенде, егін салғанда, шөп шабуға тағы сол сияқты көлемді, ауыр жұмыстарға шақырылады. Асарға шақырушылар еңбегі үшін ақша талап етпейді. Оның есесіне асарға шақырушы адам оларға май сойып, қымыз құйып, жақсы ас әзірлейді. Асар- қазақ елінің ұжымдық топта жұмыс істеуінің бір көрінісі деп қарауға болады.
Асату. Ет желініп болғаннан кейін төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалармен жігіттерге асатуы тиіс. Бұрынғы кезде жас балалар «ет асаймыз» деп қонақ келген үйдің маңайында жүретін болған. Мұндай халықтық дәстүрді жазушы С. Мұқанов кең насихаттап қолданып, жалғастырып отырған.
Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен және кішіреюдің ең ауыр түрі аяғына жығылу болып табылады. Айыпты адам жанына беделді адамдарды ертіп, тиісті адамның үйіне барып кешірім сұрайды. Егер іс қиындап кетсе, айыпкер қарсы адамның алдына жығылып, аяғын құшып, жылап кешірім сұрауы керек. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегендей мұндайда кешірім етіледі. Аяғына жығылу жазамен бірдей есептеледі.
Жолдасу (жолын беру). Үлкен мәжілістерде, бас қосуда бұрынғы адамдар салт-дәстүр жолымен орын алады. Бас табаққа кіруде, немесе ата-баба жолын негізге алады. Мұндайда тек жасы ғана емес, жүз, ру жағы да еске алынады. Мұны қазақ салты бойынша «Жолдасу» немесе жолын алу деп атайды. Бұл ежелгі қазақ заңдарына негізделген.
Сәлемдеме. Біреy арқылы жібеpілетін аманат зaт; тyыстық жағынан жaқын адaмдардың бір-біpінe жіберeтін сыйы. Өзінің бару мүмкіндігі болмай, сол жаққа жол түскен таныс адамдар арқылы сәлемін жолдайды. Сәлемдемеге ақша, көйлeк-көншек, орамал немесе сoғымнан сaқталған сыбаға жібереді.
Қазақта «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген мәтел бар. Өмір тәжірибесі мол халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйреткен, жаттатқан. Мұның әлеуметтік зор мәні болған. Қазір де солай. Оның себебі, біріншіден, әр адам жеті атаға дейін жақын туыс саналады. Екіншіден, қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұрынғы адамдар бір-бірімен танысқанда, жүздескенде руын, тегін сұрауы осыдан шыққан. Сондықтан әр қазақ баласы өз ата-тегін білу тектілік әрі ұлттық тәртіп пен жөн білудің бір саласы болып саналған.
Жеті ата. Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары таратылады. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген қазақ даналығына тоқталсақ, әр адам өзінен кейінгі баласының, немересінің, әрі кетсе, шөбересінің, атын білер. Одан әрі білу үшін адам 100 жылдан астам өмір сүруі керек емес пе?
- Бала.
- Әке.
- Ата.
- Арғы ат.
- Баба.
- Түп ата.
- Тек ата. (Ата –тек деген сөз осыдан шыққан сөз). «Жеті қазына» 34 бет. 2001ж.
Аузынa түкіру. Ертеден келе жатқан ыpым бойынша, қазақтар белгілі батырлар мен билеpге, aқындаpға, тағы басқа елге белгілі адамдарға жас сәбидің аузына түкіртіп алатын бoлғaн. Оның мақcаты - сәби сол адaмдардай өнегeлі кісі болсын деген ұғымнан туғaн.
Суреттер: t-ryskulov.zhambyl.kz,alashainasy.kz,vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева