Ғашықтар күнін жүрек пішінімен сәйкестендіретініміз рас. Қыздарға тәтті тағамдар көбірек ұнаса, ер адамдар тойымды тағамды жөн көреді. Қыздарға да, жігіттерге депицца ұнайды десек қателеспейтін шығармыз. Сондықтан сүйіктіңізге пісіріп беруге болатын жүрек пішінді бәліш пен пиццаның дайындалу жолын ұсынамыз. Әрине, бастысы тағамның дәмді болғаны дұрыс. Алайда, сонымен қатар, оның арасында түріне де ерекшелік пен романтика қосқан жөн. Қамырына қажетті азық-түліктер: - 1 стақан су;- 1 ас қасық құрғақ ашытқы;- 1 ас қасық қант;- 1 шай қасық тұз;- 20 г өсімдік майы;- ұн. Салындысына қажетті азық-түліктер: - 1 шұжық;- 300-400 г ірімшік;- томат немесе кетчуп;- дәмдеуіштер. Алдымен қамыр дайындап аламыз. Ол үшін жылы суға қант пен ашытқыны салып, араластырамыз. Содан соң жұмсақ қамыр болғанша ұн саламыз. Соңынан қамырға өсімдік майын құйып, тұз салып, 10 минуттай араластырып тұрамыз. Дайын қамырдың бетін жауып, 30 минутқа жылы жерде қалдырамыз. Шұжықты жіңішке дөңгелек етіп тураймыз. Ірімшікті үккіштен өткіземіз. Томатқа немесе кетчупке аздап дәмдеуіштер (жалбыз, розмарин, базилик) қосамыз. Оған қалауыңызға қарай майонез де қосуға болады. Қамырдың жартысын төртбұрышты етіп илейміз. Оған томатты жағып, үстіне алдымен шұжықты, содан соң ірімшікті салып шығамыз. Қамырды рулет етіп ораймыз. Противеньге пергамент қағаз жайып, оған оралған қамырды жүрек тәрізді етіп қоямыз. Қамырды суреттегідей қайшымен қиып, ішін аздап сыртына қайырамыз. 180 градуста қыздырылған пеште 30-35 минут піседі. Сүйіктіңізге арналған махаббат рулеті дайын! Қамырдың қалған жартысын жіңішке етіп илеп, пергамент жайылған противеньге салып, жүректің пішінін келтіреміз. Содан соң қамырдың шеттерін аздап орап қоямыз. Бұл жолы да жоғарыда көрсетілген әдіспен азық-түліктерді қойып шығамыз. Бетін зәйтүнмен безендіруге болады. Пиццаны 180 градуста қыздырылған пеште 10-15 минут пісіреміз. Жүрек пицца дайын!