Оралхан Бөкейдің шығармаларын оқи отыра, махаббат туралы өзге қиялға тап боласыз, тереңнен ой қозғайсыз. Пікіріңіз толық өзгеріп кетпегенімен, шын мәнінде қалай еді деген ойға қалдырады. Повестері мен романдарында махаббат туралы көзқарасын бірінде кейіпкерінің аузына салып берсе, бірінде автор атынан айтады. Үзінділерді оқып, қызықтырса, шығармаларының толық нұсқасын іздеп оқып көріңіз. Екі бай құда болса, арасында тайпалған жорға жүреді, екі кедей құда болса, арасында бұлтыңдаған дорба жүреді, егер бір бай, бір кедей құда болса, қыржыңдасып зорға жүреді, деп отырушы еді Омар ақсақал. Қазір соның бірі де жүрмейді жоралғыға, екі жастың махаббаты ғана жүреді. Мынау Кеңгір бабамның жанында жер томпайтып қана жатқан жұбайыңыз Гүлияның басына қызыл кірпіштен қалап, мүрдехана тұрғызбақ ойыңыз қандай керемет. Міне, елу жыл өшпеген махаббаттың айғағы. Адам баласында дәл осындай балталасаң да, ажырамас махаббат боларын және оның мәңгілік екенін соңғы кезде ғана саналаған-ды. Махаббат табиғат өзі берген құдіретті сезім. Махаббат абстрактылы, сондықтан да теориялық жағы дами береді де, нақтылы мәнін жоғалта бермек. Негізінде, сезім дегеніміз адамға ғана тән қасиет, бірақ ол айнығыш. айнығыш болатын себебі адамзат өзінің жаратылысынан еш нәрсені қанағат тұтқан емес, арман мен қиял, үміт пен мақсат осының қай-қайсысы да тек бір ғана ұмтылыс ұғымымен шектелмейді, тапқан дүниеңнің, шыққан биігіңнің аздығы мен аласалығын айғақтап, үнемі бір тың, басқа, жаңа да жақсы белгісіз бірдеңелерді көксеумен күн кешеді... Өзімнен де бар, хатымда Абдрахманның Шұғаға жазған хатынан өлең келтіріп, өзім жаздымды аңғартқам. Оны сезген қыз: Өлең ұрлаған адам махаббатты да ұрлайды деп жауап жазып жіберіпті. Бұл махаббат дегеннің өзі ұстараның жүзінде тұра ма деймін. Жүрек сырының кілтін ол жоғалтып алған жоқ, жастығын да, махаббатын да, өмірінің бар базары мен арманын да майданға ала кеткен жарына сыр сандығының кілтіне қоса беріп жіберген екен. Арман, мақсат, махаббат деп кеңірдек жыртып айғайлайсыңдар, ал өздерің осындай қасиетті ұғымдар үшін күресе білмейсіңдер. Менің түсінігімде, қандай да болмасын арман мен махаббат еңбек нəтижесінде ғана жүзеге аспақ. Махаббат деген, сайып келгенде... қыз бен жігіттің бір-біріне үздіге қарауы емес, екі жастың бір мақсатқа бірігіп қарауы екенін мен айтпасам да білетін шығарсыздар. Ақындар жанын текке қинайды, Махаббат өлеңге сыймайды. Сүйіскеннің бəрі махаббат, құшақтасқанның бəрі адал дос емес. Адамзатпен бірге жаратылып, азаматпен бірге өлетін мəңгі тақырып Ұлы махаббат туралы миллион рет жазылған шығар. Бірақ ол аз. Жер бетінде төрт миллиардтан астам адам болса, жердің астында қаншасы... Солардың əрқайсысында өзінің дара махаббаты бар екен. Бəрі де майдан! Махаббат дегеніміз де мəңгі аяқталмас майдан! Атамыз қазақ: Азапсыз махаббат арзан махаббат, деп бекер айтпаған ғой. Махаббат ол да бір бақыт құсы ғой. Қадірін білмесең не ұшырып аласың, не өлтіріп аласың. Шын ардақтының ақыры жоқ, оны мәңгі жасату адамдардың айнымас махаббатына саятынын парықтай бермейтін едік. Ақшоқының үстіне шығып алып: Уа, әйел заты! Сендер ерлер алдында мәңгі борыштысыңдар, ол борыштың өтеуі тек қана, бір ғана адал махаббат! деп жар салғым келді. Өлгім келмегені сені сүйгендіктен емес, іштегі күнәсіз нәрестені қимағандықтан. Егер сол бала бүгінде жер басып жүрсе, өзіңе деген махаббатты тірі бейнеде көрер едің, ал адамдар абстракты сезімге әсте де сенбесе керек. Біз, жігіттер, кейде өз құрбы-құрдастарымызбен адал дос бола алмаймыз, қыздармен тек жеңіл-желпі сезім төңірегінде, махаббат тақырыбында болмаса, заман тынысы, уақыт лебі жайлы толғамды сырласуға өреміз жете бермейді, жеткен күннің өзінде арзан әзілге шаптырып жібереміз.