Жұмбақ: Сегіз әріп, бір арман. М-дан басталып Т-дан аяқталады. Массагет?! Бұл тек редакцияның ішінде өтетін әзіл. Қане, ойланып көр, біліп тұрсың ғой негізі. Қосу-алу, шығарып сап, тосып алу ма? Дұрыс айтасың. Махаббат. Қос ғашықтың арасындағы риясыз диалогтар осы ұлы сезімнің әсерінен жазылады. Сырттай ғана ұнату сезімі уақыттың жеңгетайлығымен жақсы көру, сүю, бақытты болуға әкеледі. Махаббат дүйім дүниенің ең асыл, жалпақ жалғанның ең кіршіксіз сезімі. Махаббатқа адал, сертке берік болған ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген тарихи кейіпкерлер, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу бүгінде шынайы махаббаттың символы. 15 сәуір ғашықтар күні. Бұл мерекені тойлауды қарапайым халық өз арасында 1999 жылдан бастап кетті. Ал, 2011 жылдан бастап бұл күн ғашықтар күні болып бекітілді. Massaget.kz сайты осы мерекенің қарсаңында жыл сайын қоғамдық сауалнама жүргізеді. Өткен жылдарға қарағанда, уақыт өте халықтың бұл мерекені атап өтуге деген құлшынысы артып келе жатқаны байқалады. Ал, сіз бұл мерекені тойлайсыз ба?