- Негізгі бет
- 15 сәуір – 2018
- Жауапсыз махаббат жаныңызды...
Жауапсыз махаббат жаныңызды жараласа...
Махаббат – адам бойындағы асыл сезімдердің бірі. Ғашық жан үшін дүниенің мәнін осы бір құдіретті күш уысында ұстап тұрғандай көрінеді. Ал махаббат жауапсыз қалса ше?
"Махаббат деген қасиетті күш. Дүниеде махаббат болмаса, адам баласы қуаныш пен қайғының, бақыт пен бақытсыздықтың не екенін білмей өтер еді", - дейді жазушы Ілияс Есенберлин. Расымен солай ма? Баянды махаббатың болып, аяулы арманың орындалып жатса, бақыт пен қуаныш емей немене? Ал махаббатың жауапсыз қалып, жан жүрегіңді жараласа не істемек керек? Жауапсыз махаббат – қайғы мен бақытсыздық па?
Махаббаттың түрі көп. Оның ішінде ғашықтық сезімнің ғаламат ғазалын жүрек үніне қоспаған пенде кемде-кем. Махаббаттың баянды болуы – қос жүректің бір-бірін үнсіз ұғысқаны. Осы тұста жазушы Ілияс Есенберлиннің тағы бір сөзін айта кетуге болады: "Адамның көңілін жеңілдетер, жанын жібітер махаббаттан артық күш жоқ. Қызды сүйген жігіт қандай азапқа болса да көнуге бар, ал баласын жақсы көрген ана баласы үшін жан қиюдан тайынбайды. Бұл – табиғат заңы. Махаббатты осындай құдіретті етіп, дүниедегі ең ұлы күш – жаратылыстың өзі жаратқан. Сондықтан да, махаббаттың алдында кім болса да әлсіз, амалсыз".
Махаббат құдіреті алдында әлсіз, амалсыз болсақ та, ескерусіз қалғанда таңырқап, жауапсыз қалғанда жабырқап кетуден сақтанған жөн. Себебі сезімнің сергелдеңімен сенделіп, күйзелістің жалынына күйіп қалуыңыз мүмкін. Махаббат жауапсыз қалғанда, бақытыңа балаған жан теріс айналғанда арқаға асылған күйзелісті жеңе білу керек. Мұны өмірдегі бір ғана сәтсіздік немесе сынақ ретінде қабылдаған жөн. Бұл сезім күйзелісінен шығу – адамның өзіне байланысты. Мұндайда отбасы мен достарының қолдауы маңызды. Сондай-ақ психолог мамандармен кеңескен жөн.
1. Жауапсыз махаббаттың емі – уақыт. Иә, уақыт өте келе сол бір жанды жақсы көргеніңізді күліп қана еске алуыңыз мүмкін. Ал «ол маған қарамады, үміттендіріп жүрегімді жаралады» деген бос ой ғана. Себебі жауапсыз қалған сезім жауапсыз қалды. Ал бір-бірлеріңді ұнатып, болашаққа жоспарларың бір бола тұра айырылысу болса, онда оның шері бір басқа.
2. Жауапсыз махаббаттан айырылу - бұдан кейін ғашық болмаймын деген сөз емес. Бұл сезімді басынан кешірген жақындарыңыздан мән-жайды сұрастырып көріңіз. Олар алғашқы махаббаттарын әлдеқайда ұмытып, қазір есіне алса, күлетінін айтады.
3. Ұмыту – оңай да болмас. Сол үшін достарыңыздың көмегіне жүгініңіз. Олар тыңдап, көмектесуге әзір тұрады. Кезінде сүйіктіңізге бола оларды ұмытып кеткен болсаңыз, кешірім сұраңыз. Көп уақытыңызды отбасыңыз бен достарыңызға арнаңыз.
4. Өзіңізді күтіңіз. Сізді ұйқысыздық мазалауы мүмкін. Бұдан арылу үшін бар болғаны күндіз шаршауға тиіссіз. Ал күйзеліспен күресу үшін жаттығулар жасаңыз.
5. Сырт келбетіңізге мән беріңіз. Ішкі жан дүниеңдегі арпалысты сырт келбетіңе өзгеріс енгізуден бастаған жөн. Шаш қию стиліңізді өзгертіңіз, жаңа киімдер алыңыз, спортпен шұғылданыңыз, мүмкін болса гаджеттеріңізді де ауыстырған дұрыс-ақ.
6. Өзіңізге ұнайтын істі қолға алыңыз. Жауапсыз махаббаттан кейін қалған тау қопарып, тас жара алатын күш-қуатты өзіңіздің керегіңізге жарата біліңіз. Бұл арқылы күйзелісті жеңіп қана қоймай, өнімді жұмыс жасайсыз.
7. Жаңа сезімдерге есік ашыңыз. Уақытыңызды оны ойлаумен құртқанша, болашағыңызды қалай жалғастыратыныңызды ойлаңыз. Ол мен туралы не ойлайды деген ойдан аулақ болыңыз.
О. Сансызбай