Франц Кафканың махаббат хикаясы

Франц Кафканың махаббат хикаясы
Фото: vk.com

Кафка неміс тілді тарихтың ең ұлы жазушылардың бірі. Алайда, жазушыларға тән тұйықтықпен қатар, ол оғаштау жан еді. Айналасымен көп араласпайтын, ұяң, тіпті, өзіне сенімсіздеу, бірақ аса сезімтал, мейірімді әрі жұмсақ еді. Ол шығармашыл тұлғаларға сай, сыртқы әлемнен оқшауланып, үнемі сан қилы кейіпкерлерінің арасында, ішкі үрей мен беймазалықта өмір сүрді.

Франц Кафка Фелица Бауэрды 29 жасында Макс Брод есімді жолдасының үйінде кездестірсе керек. Алайда, Фелица жазушы жігітті сүйсіндіре алмады. Ол қыздың көрінісінен алған әсерін былай жеткізеді: «Жақ сүйегі арсиған, беті қуыс еврей әйелі». Соған қарамастан, алғашқы таныстықтан біршама уақыт өте, екеуі бір-біріне хат жаза бастайды. Үнемі үнсіз жүретін, тіпті, жасықтау десе болатын Кафканың бастапқы хаттарында ол өте батыл, өзіне сенімді болды. Өмірдегі шынайы Кафкаға ұқсаймайтын еді. Қызға өзінің парасатты ақылын айтып, терең ойлы әзілдер де жазатын. Өзіне деген сенімсіз жігіттің жазғандары өзіне кереғар келетін. Әдебиетке қызықпайтын әрі Кафкаға мүлдем ұқсамайтын қызды ол ішкі кемшіліктеріне қарамастан, сымбатты келбетімен, терең ойлылығымен қызықтырса керек. Ал қоғамнан қорқып, одан алшақ өмір сүретін қаламгер қыздың ажарына тәнті болмаса да, өзіне ден қоятын, ішкі сырын тыңдайтын жан тапқанына қуанғаны рас сияқты.  

Сонымен, олар ұзақ уақыт тек қағаз бетінде тілдесіп жүріп, жарты жыл өткенде ғана екінші рет жүздеседі. Оның ізін ала, Франц Фелицаға сезімге толы хатын жолдап, онда  «Сенің жаныңда бола алсам, шексіз өмір сүру қабілетіне ие болуды қалар едім» деп жазады. Ал өзіне арналған мұндай сөздерден қуанышы көкке жеткен еврей қызы мұны отау құруға ұсыныс деп ұғады да, оған тезірек келісім беретінін жеткізеді. Мұндайды күтпеген Кафка дереу басын ала қаша, бойындағы кемшіліктерін тізбектеп, өзінің Фелицадай аруға лайық жар бола алмайтынын айтуға асықты. Фелица тезірек жар атануға асыққандықтан ба, оның жұмсақ сылтауын елемегендей кейіп танытты.

Кафка дегенінен қайтпай, енді бұл жолы Фелицаны мүлдем сүймейтінін ашық білдіріп, некеден бас тартады. Араға бір ай салып, күмән мен қорқынышқа толы ынжықтау жігіт қайтадан Фелицаға жазып, некеге тұруды өзі ұсынады. Бұл қылығын қалай жоритынын білмеген ару сүйіктісі туралы толығырақ білу мақсатымен оған ең жақын құрбысы Грета Блохты аттандырып, өзінің жолын байлай түседі. Себебі оның «жан құрбысы» Кафкамен кездесіп қана қоймай, көңіл қосып үлгереді. Кездесуден кейін енді Кафка мен Гретаның арасында махаббат хаттарын алысу басталады. Әрине, мұның бәрінен Фелица бейхабар еді. Екі қызбен де қарым-қатынасын жалғастыра жүріп, Франц Фелицаға сақина салады. Бірақ именшек жігіт әдетіне салып, үйленуге асықпай, енді уағдаласқан сөзін бұзудың амалын іздестіре бастады. Оған Грета көмекке келіп, дереу құрбысына Кафкамен жазысқан хаттарын көрсетті. Шамданған Фелица тайғақ күйеу жігітпен байланысын біржолата үзіп, ешқашан өзіне жолатпауға уәде берді. Алайда, өзі де именшек Фелица Бауэр үш жылдан кейін Франц Кафканың қайтадан жасаған үйлену ұсынысын қалай тез қабылдағанын өзі де аңғармаса керек. Олардың бір болуына тағдыр жазбаған екен. Бір айдан кейін Франц ауруға шалдықты. Мұны белгі деп таныған ол өзінің «үздіксіз қалыңдығымен» қайта айрылысуға бел байлайды. Түбінде екеуі біржолата айрылысты. Алайда, Фелица өз бақытын тауып, тұрмысқа шығып, екі балалы болады. Ал Франц Кафка Фелицадан кейін Милена Есенская, Дора Димант есімді арулармен көңіл қосады. Ешбірімен некеге тұрмай, соңғысының қолында асқынған науқасынан 1924 жылы көз жұмады.

www.anabol.kz

А. Оралқызы