Махаббат тақырыбында түсірілген үздік клиптер

Қазір қазақ эстардасында махаббат тақырыбындағы әндер көп шырқалады. Оған соңғы он жылда шыққан сағыныш пен қызғаныш һәм өкініш туралы туындылар дәлел. Жағдайдың бұлай болуы да себепсіз емес. Тыңдарманның дені жастар болғандықтан әншілер осы буынның талғамына жұмыс істеуге тырысып бағуда. Ән шығару бар да, сол әнге клип түсіру бар. Біздің бүгінгі тақырып екінші жағдай жайында болмақ. Нақтырақ айтсақ, назарларыңызға 2017 жылы махаббат тақырыбына түсірілген үздік 5 клипті ұсынамыз.

Туындылар бірнеше белгі бойынша таңдалды:

1. Сюжеттің ерекшелігі;

2. Түсірілім сапасы;

3. Көрілім мен лайк саны;

Ендеше, кеттік! (Клиптер шығу уақытына байланысты реттілікпен көрсетілген)

1. Көпшілік назарына қаңтардың басында ұсынылған "BN" тобының "Топ-томпақ" әніне түсірілген клип мектеп жасындағы жасөспірімдердің махаббат хикаясын баяндайды. Сюжеті қарапайым болса да әнге жақсы үйлескен және түсірілім сапасы мен әдемі кадрлар, қолданылған эффектілер туындыны үздік бестікке кіргізуге әбден жарап тұр. Айта кетерлігі, клип үш айдың ішінде youtube желісінде 1 758 987 көрілім жинаған. Дәл қазіргі уақытта есебінде 16 445 лайк пен 687 дизлайк бар. Бұл сандар әлі де өсіп келеді. 

2. Айқын Төлепбергеннің "Сені сағындым" атты әніне түсірген клипі де өзіне елдің назарын аудартатындай деңгейде. Туынды сюжеті Майкл Саксидің "The Vow" ("Клятва") деген фильміне қатты ұқсайды. Десе де, бұл жайт көрерменді еш қынжылтпады. Керісінше, жұрт сапалы көшірмені мақтауда. Оған youtube желісіндегі 1 213 238 көрілім мен 14 мыңнан астам лайк дәлел бола алады. Клиптегі басты рөлді Айқынның өзі ойнайды. Ал оның ғашығының рөлінде өз жұмысын жақсы атқарған – Гүлназ Жоланова.

3. Youtube-те 1 628 628 рет қаралып, 20 мыңнан астам лайк жинаған Жанар Дұғалованың "Ала кетпедің" деген әніне түсірген клипі көрермен назарына ақпан айында ұсынылды. Бұл туындыдағы басты басымдылық айтар ойды ерекше стильде жеткізуінде және түсірілімді техникалық тұрғыда жақсы жүзеге асыруында. Жанардың ашық киімі, Тәуекел Мүсілімнің актерлік шеберлігінің төмендігі көпшілікке ұнамағаны анық. Оған 3 мыңнан астам дизлайк та дәлел. Дегенмен, жоғарыда көрсетілген басымдылықтарына байланысты, бұл клип үздік бестіктің қатарынан көрінуге лайық деп танылды. 
 
4. Серік Ибрагимовтың 2016 жылы шыққан "Махаббатым" деген әніне клип түсірілуін күткендер көп. Содан болар, халық назарына ұсынылғанына бір ай болса да туынды youtube видеохостингінде 448 286 рет қаралып үлгерген. Әлбетте, "Аллоның" рекордын жаңарта алмады. Дегенмен, Қазақстан үшін бұл жақсы көрсеткіш. Клип көпшілікке ұнағанымен, өндірушілер оқиғаны көрерменге анық жеткізе алмаған. Оны жазылған пікірлерден де байқауға болады. 8 мыңға жуық лайк пен 178 дизлайкы бар туындыны көріп, сіз де өз бағаңызды беріңіз.
 
5. "Ғашықтар күні" қарсаңында "Мен қайтып келдім!", – деп, жанкүйерлеріне ұзақ үзілістен кейінгі жаңа клипін ұсынған Қайрат Түнтеков те бестіктен табылды. Оның "Ұшқан бағым" атты әніне түсірілген клип үш күн ішінде youtube желісінде 124 мыңдай көрілім, 5 мың лайк пен 122 дизлайк жинап үлгерді. Алғаш қарағанда қатардағы клиптерден еш айырмашылығы жоқтай көрінеді. Алайда, туындыны толық көріп шықсаңыз олай емес екенін түсінесіз. Ән мен видеоның үйлесімі, түсірілім сапасы мен көрермен ықыласы – клип сәтті шықты деген осы емес пе?
 
Біз ұсынатын бестік осындай. Қосарыңыз бар ма?