Жұптасқан жандардың бір-біріне деген сезімі қарым қатынасынан көрініп тұрады. Жауапкершілік, қамқорлық, көңіл бөлу – барлығы осыдан шығады.
Сіз серігіңізбен кез келген тақырыпта ашық сөйлесе білесіз бе? Бұл жерде ешқандай айыптау, кемсіту, келеке ету, сынау болмауы керек. Иә деп жауап бере алсаңыз, өзіңізді бақыттылар қатарына қоса беріңіз. Демек жүректеріңіз махаббат пен үйлесімге толы, бір-біріңізді тауып қосылғансыздар.
Бір бірін шын сүйетін жандар сағаттап сөзі таусылмай сөйлесе беретінін өмірде көріп жүрміз. Күдік, үміт, сенімсіздік, қорқыныш, қызғаныш... тақырып таусылмайды. Тек бір-бірінің дене бітіміне қатысты (физиологиялық) ерекшеліктер мен өткен жеке өмірінен басқа барлық арнада әңгіме өрбіте беруге болады.
Адам өзі іштей ойланғанда қай «ғаламға» болса да барып келеді. Жолдасын да өзі сияқты қабылдап, оған айта алмайтын ойы болмауы керек. Бұл аңқылдап, не болса соны айта беру деген мағына емес. Сіз сөйлескіңіз келгенде, іштегіні ақтарғыңыз келгенде, ол әрдайым құлақ қоюға дайын болсын деген сөз. Жай ғана тыңдамай, шын ниетпен түсініп, сезініп, қолдай білгені жөн.
Ол өз пікірін айтуы мүмкін, тіпті сіздің пікіріңізбен келіспеуі де ғажап емес. Тек сіздің құбылмалы күйіңізде көңіліңізге кірбің келтірмеуді ойлауы тиіс. Өз ойын айтатын қолайлы сәтті күтеді не сөзін сізге тігісін жатқызып, жұқалап жеткізеді. Шынайы жақындық осыдан көрінеді. Оның санасында әрдайым «Мен оның жанына жара салмауым керек» деген ой тұруы керек. Ұсақ-түйек болса да... Тек қана аялап, әлпештеу... Тіпті келіспеушіліктің өзі нәзік түрде өтіп кетуі керек.
Өзіңіз қиналып, мәселеңізді айтып тұрғанда, ол өзін тәжірибесіз мұғалім секілді ұстап: «Көрдің бе, айттым саған, бәріне өзің кінәлісің. Айқайлайсың, шу шығарасың, ашуланасың, одан да өзіңді тәртіпке шақыр» десе, ондай мұғалімнің не керегі бар? Олай айту кез келген кісінің қолынан келеді.
Сүйетін адам ешқашан бұлай «қолдау көрсетпейді». Ашуланып, жаның ауырып тұрса, ол түсінеді.
Шын жақсы көретін жан сіздің жаныңызды жаралар тұсқа қарай бармайды, себебі онда өзінің де жаны ауырады.
Сүйетін жан үшін нағыз жақын жаны жетіле түскені, арманын іске асырғаны маңызды. Сүйген жан бақытты болуы тиіс. Егер екеуі де осылай ойласа, араларында шынайы сезім бар болғаны.
Егер ол сізді азаптаса, демек сіздің жүрегіңіз ауырғанына ол қиналмайды. Көңіліңізге қарамайтын болса, сөзіңізге құлақ асқысы келмесе, оған сіздің бақытты болуыңыз маңызды емес.
Егер серігіңізбен дәл өз-өзіңіз секілді қарым-қатынас жасай алмасаңыз, демек өзіңізден өзге жақыныңыз жоқ болғаны.