Акация ғұмырлы сезім

 Акация – алхимия ілімінде мәңгілік ғұмыр белгісі  

Сүйіспеншілік...

“Онсыз дүние бос,” - деген өнегелі өмірі ұрпаққа үлгі, кемеңгер Абай атамыз. Сүймегенің – өмір сүрмегенің. Әркім де сүйсем дейді, сүйікті болсам дейді. Алайда ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай зор махаббат “кез келгеннің уысына түспейді, кез келгеннің бақшасында піспейді”. Ұлы сезім асқарын шыңдау  тек ізгі ниетті, сұлу мінезді, жомарт жүректі, көркем  тілді, кісі қалыпты пенденің пешенесіне ғана жазылады-ау, сірә.

Балғын балалығы мен жалынды жастығы сұрапыл соғыс даласында  әділет үшін күреспен өткен; хас батыр, қаһарман, ер мінез Бауыржан бейнесін жастарға өшпес мұра етіп қалдыруымен қатар, ұлт ұлының ойын таным көкжиегінің шексіздігі мен парасаттылығы арқасында  тереңнен түсіне білген;  өзіне ғана тән шешендігі мен шебер суреткерлігі арқылы көпшіліктің көңіл пернесін дөп баса  алған;  ұлт құндылықтарын ұлықтауды ұрпаққа үндеген, ең бастысы, кез-келгеннің бағына бұйырмайтын, өмір мәні саналатын ұлы сезімнің асқақ шыңының биігіне өрлеп, сол биікте тұрақты мекен еткен, мәңгілік махаббат жыршысы Әзілхан Нұршайықов атамыз.

Әдебиет әлемінің ақсақалы Әзатаның шығармашылығымен таныстығым былай басталған.

Қазақ отбасының салтына сай, әсіресе ауыл қазақтары, үлкен ұлдың тұңғыш перзенті болғандықтан атамның үйінде тәрбиелендім. Ауылдың дәл ортасындағы ауласы жұмақ бағындай, шырынды шие теректеріне, өрік өркендеріне, жұпар иісі естен тандыратын алуан түрлі гүлдер мен тәтті жидектерге толы қарапайым қара шаңырақтың тағы бір байлығы – сөре толы сан түрлі кітаптар. Мен үшін сабырлылығы, тектілігі және даналығымен мәңгі есімде сақталатын марқұм атамның кітап оқуды тоқтатқан кезі болмайтын. Себебі, өмірлік тәжірибесі мен оқыған әдебиеттерінен ол “оқуды тоқтату - ойлауды тоқтату”  екенін жақсы білетін. Ескі сөрелерден әлем, орыс, қазақ әдебиеттері де, сан алуан поэзия да, түрлі жанрдағы шығармалар да, әр кезең мен саланы қамтитын газет-журналдар да, бәрі-бәрі табылатын. Атадан дарыған қасиет пе, әйтеуір, бала кезден басталған әдебиетке деген құштарлық уақыт өткен сайын шарықтамаса, толастаған емес. Керісінше, сұлу шаһар Алматыға Алатаудай арман қанатында ұшып келіп, білім ордасы ҚазҰУ-да біліктілік арттырып жүргенде аз уақытқа берілетін жазғы демалыста үй кітапханасын оқып үлгермей, құмарым қанбай қалады-ау деген сезім менің тойымсыздана, тағатсыздана  оқуыма, сиқырлы әлемге тереңірек бойлауыма түрткі болатындай. Үлкен, ұйыған отбасымыз әр кеш сайын бас қосып, мол дастархан басында шүйіркелесе әңгімелесіп, шахмат ойнауды әдетке айналдырған. Сондай кештердің бірінде қара шаңырақта асыр салып бірге өскен жеті немере апамыздан есімдеріміздің қойылу сырын сұраған едік. Әр атаудың қызықты тарихы болғанымен, маған ой салғаны сіңлім Меңтайдың есімінің ерекшелігі еді. Оны белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат, қызық мол жылдар” романының кейіпкерінің  есімімен атапты. Меңтайдай көргенін көкейіне тез тоқитын зерек, ешкіммен сөз жарыстырмайтын ибалы, сезімін бағындыра  білетін сабырлы, гүлмінезді бойжеткен болсын деген ниетпен қойылыпты. Осы әңгімеден соң, романды көп кітаптың арасынан тауып алдым. Көркемсөз шеберінің хас суреткерлікпен айрықша әдіптеліп, әдемі өрілген, адам жанын толқытып, еріксіз есеңгірететін сезім мен құштарлыққа толы, кейіпкерлерінің пәктігі мен тазалығы жүрекке жылулық ұялататын шығармасын бір деммен оқып шықтым. Бір қызығы, Меңтайдың апасының айтқандары әжемнің әр күн сайын қайталап айтып, құлаққа сіңген кеңестерінен айнымайтындығы таң қалдырды. Жастығы майданмен сәйкес келіп, ерте еңбекке араласқан әжемнің сауатсыз болса да, кез-келген оқығаннан асқан дана екенін бұрын елемеппін. КейінМеңтайдың апасының айтқандарын шағындап “ “Қызға қырық үйден тию” немесе Бойжеткен тәрбиесі” деген атаумен  жазып алдым да, ал әжемнің  айтқан әр сөзін санама тоқып алуға тырысатын болдым. Әзілхан Нұршайықов тұлғасына деген сүйіспеншілік сол кезден басталды. Алғашында қарымды қаламгер, көркемсөз шебері ретінде құрметтесем, кейін туындыларынан ой түйіп, олардың көп жағдайда автобиографиялық екеніне көз жеткізгесін абзал азаматтың адами тұлғасына тәнті болдым.

---

Оқыған кітап, ойландырған оқиға, көрген кино тағы да басқа толғандырған мәселені түртіп жүргенді әдетке айналдырдым. Әсіресе, суымай тұрып , ыстық күйінде қағазға түсіргенді жөн санаймын. Көрген, білгенді зерделеп, саралай отырып өз ойыңның дұрыс екенін біліп, кәміл сенімді боласын, немесе, оның қателік екеніне көз жеткізесін. Үлкен өмірге жаңа аяқ басқан тәжірибесіз жас кезіңде әр нәрсеге әуес боласың. Өне бойымды бойлаған көрсем, білсем деген тынымсыз елгезектік жас жанымдағы қайнаған күш пен бұлқынған жігерді  өмір мәнін түсініп, сезім құсын қолына қондыра білген  марғасқалар махаббаты, талай дарындының шабытын оятқан, көрікті хас сұлулар мен  қулығымен қылықты қыздар, ер қатарлы ел қорғап, тәж тағынған арулар, арыстан мінез алыптардың  жалғыз осал тұсы болған нәзік жандылар өмірі  туралы оқуға жұмсауыма әсер етті. Осының негізінде, сезім шыңын бағындыра алу мен ерінің ес- түссіз сүюі әйелдің мықтылығы деп ұғындым. Себебі, нағыз әйел тәнімен тәнті етіп, ақылдылығымен арбап, ерінің шын сезімге бой алдыруына  себеп болады. Сөйтсем, қателесіппін. Әйелдің сұлу тәніне сүйсініп, ақылдылығын ардақтай біліп, әйелдік қасиетін әлпештеуге  барлық еркек атаулы емес, Нағыз Ер ғана қабілетті екен. Өйткені, түсінген жанға ,бірінші, әйел мүсінінің сымбаты жас жұпқа тән құштарлық ты қартайғанша сақтауға, ал, екінші, әйел даналығы өмірден өткенше “әңгімесі таусылмаған жұп”  болып, жан үйлесімділігін сақтауға  үлкен ұйытқы болады. Ал, махаббатқа жан мен тән үйлесімділігінен артық не керек?! Лайықты әйелді  көкке көтере білген Әзата да – Нағыз Ер еді.

Оның барша шығармашылығы осындай нәзік жандылардың бойына біткен асыл қасиеттерді жырлауға арналған. Жастардың шөлі қанбай қайта-қайта оқитын “Махаббат, қызық мол жылдар” романында Әзата өзімен бір қара шаңырақ астында білім нәрімен сусындаған группалас қыздар мен достарының қадіріне жетіп, олардың адалдығы мен адами құндылықтарға беріктігін баяндады. Ол жырлаған  арулар қатарында қазақтың қаһарман қыздары Мәншүк Маметова мен Әлия Молдағұлова да бар. Шығыс шынарларының от кешкен тағдыры мен қайпас қайсарлығын келер ұрпақ жадынан мәңгі өшпестей етіп тасқа қашап жазып кетті.  

Өмірлік жолдасы, құдай қосқан қосағы, мәңгілік махаббаты о дүниеге аттанып, жалған дүниенің босағасына байланып қалған қарт ғашықтың жаралы жүрегінің мұңды зарынан “ Мәңгілік махаббат жыры” туды.

Барша әлем таңданып, ғашықтар жырына қосатын Дантенің Беатричеге, Петрарканың  Лаураға деген махаббаты қол жетпеген махаббат. Ал арманына жетіп, махаббат туын желбіреткеннен кейін қолда бар алтынды қадірлей білу кез келгеннің қолынан келе ме? Ағылшынның ұлы ақыны Байронның өзі: “Егер Лаура Петрарканың әйелі болса, ақын оған өмір бойы сонеттер арнар ма еді?” – деген.

Талай тарлан тағдырынан адаспады ма? Бір емес, бірнеше аруды сүйсе де, қол жетпеген аруын ақтық демі қалғанша аңсаса да, тіпті жауапсыз болса да, махаббаттың аты махаббат демексіз ғой. Алайда 9 жыл ғашық болып, 54 жыл үйлесімділікте отбасылық ғұмыр кешкен Әзілхан мен Халиманың махаббаты – ұлы махаббат, нағыз махаббат, мәңгілік махаббат! Себебі, қос ғашық махаббат мұратына жете білді. Талай арудың тәрбие құралына  айналып, өмірлік жетелеушісі болған  “Махаббат, қызық мол жылдардың” кейіпкері Меңтайдың  “апасының айтқандары”  бойынша махаббат мұраты-тұрақтылық. Сол тұрақтылықты тұмар ғып тағынған  қос аққу пәк сезіммен қосылып, арына дақ түсірмей, адалдық айдынында жүзіді. Тұрақсыздық талай марғасқалар махаббатын шыңырауға құлатқан. Әзата мен Халима ананың мәңгілік махаббаттың бал дәмін татып, тұрақтылық сақтай білуі тектілік белгісі болса керек деп түсіндім. Тектілік - қазаққа тән құндылық, ұлттық қасиет. Текті жүректі мекен еткен махаббат қана мәңгі болмақ.

....Текті  жүрек иелерінің тағдыр тармақтарын жаратушы таңдап тоғыстырып, сүйікті пенделерінің сыртынан өзі сүйсініп қарайтындай деген ойға қаласың.