Қыз баланың жігітке сезімін білдіруі дұрыс па, бұл сұраққа жауап алу үшін 19-24 жас аралығындағы қыз-жігіттерге сауалнама жүргізіп көрдік. Алайда сауалнама нәтижесінде жігіттер қауымының мүлде қарсы екенін байқадық. Ал нәзік жандыларымыз бұл жайында не дейді? Сауалнамаға көз жүгіртіп көріңіз.
Әсем Нұрмахан: Адам ғашық болғанда ақылдың айтқанына көнбей, сезімнің ықтиярында болады ғой. Қыздың бірінші болып жігітке сезімін білдіруі, әрине, біздің болмысымызға, санамызға тұрпайы. Десе де әңгіме махаббат жайында болғанда, шынайы сезімі бар қыз бойындағы ерік-жігерін бойына жинап өзі бірінші сезімін білдіріп жататын тұстар жиі кездеседі. Алайда мұндай қадам батылдықтың көрсеткіші болғанымен, қыз баласына нәзіктік тән. Сондықтан батыл қадамға жігіт аяқ басуы керек.
Ақылбек Жүнісбеков: Меніңше, қыздың ашық түрде жігітке сезімін білдіру дұрыс емес. Дегенмен қыздарда да сезім бар. Ертедегі қазақ қызы бір жігітті ұнатып қалса, сол жігітке жай ғана жымиып қойған. Оның барлығы тəрбиеге қатысты. "Қызды қырық үйден тыю" деген аталы сөздің астарына барар болсақ, қыз бала үшін бұл артық.
Перизат Абдрасилова: Әр тұлғаның өз пікірі бар. ХХІ ғасырда әркімнің өз еркіндігі бар екенін еске сала отырып, қыз баланың бірінші болып сезім білдіргені бұрыс деп айта алмаймын. Әрбір жанның өз сезімі мен махаббаты үшін күресуге хақы бар. Тек ата-ананың тәрбиесі мен инабаттылықты ұмытпай, әр қадамының өз орны мен салдарын білу керек.
Қымбат Слямбеков: Меніңше, дұрыс емес тәрізді. Әрине, бұл жағынан қыз балаға қарағанда ер балалардың мүмкіндігі жоғары. Алайда қыз баланың табиғатына берген жігітті баурап алуға деген харизмасының өзі жігітке "сезімін білдірумен" бара-бар емес пе?! Қыздардың өздері де мұндай әрекеттерді жақсы пайдаланады. Жақсы көрген жігіттің алдында назданады, еркелейді дегендей... Қыз да жігітке сөз білдіре беретін болса, онда жігіттің "жігіттігі", "серілігі", "азаматтығы" қайда қалады?! Қыз қашан жігітке қатысты бірінші қадамды жасаса, сол кезден бастап жігіттің де жігері құмға айналады. Алғашқы қадамды жасау жігітке тән, оның батылдығына сын. Ал онсыз, яғни сезімін білдіруден өзге де қыздардың таңдауы жетіп жатыр. Мәселен, жігіт келіп қызға сөз салса, қалай ойлайсыздар, таңдау кімде? Әрине, қыздарда!..
Таңсұлу Есенбекқызы: Менің ойымша, қыздың алғашқы болып сезім білдіруі дұрыс. Кез келген адам өз ойын ашық айта білуі тиіс. Әртүрлі жағдай болады. Кейде екінші тарапынан қызға қарсылық білдіріп ара-қатынасын үзсе, кейде ол қызды жігіт те ұнататын болып жарасымды жұптарға айналып жатады. Жалпы сүйген адамына деген сезімін білдіру ешқандай қылмысқа жатпайды.
Абылайхан Жұмашев: Мен қыздың жігітке сезімін білдіргенін дұрыс деп санамаймын. Қашан да қазақтың қызы ұяңдығымен, ақылдылығымен, көркем мінезімен ерекшеленген ғой. Қыз баласы жігітке сезімін білдірсе, өз қадірін жоғалтып алуы мүмкін. Сезімін әртүрлі әдіспен сездіруге болады ғой. Егер жігіт те ұнатса, қыздың көңілі бар екенін бірден байқайды. Қашан да бірінші қадамды жігіт жасағаны дұрыс деп ойлаймын.
Назерке Тұрғанбекова: Өз тарапымнан қарсымын. Бірақ бұл бүгінгі таңда таң қалатын жағдай емес. Қазіргі кезде бәрі мүмкін...
Нұрғазы Көлен: Қыздың жігітке сезімін білдіруі, бүгінгі таңдағы аяулы аруларымыздың өз дәрежесін түсіретінін білсе жөн болар еді. Өткен ғасырдың аруларындай үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киіп, күмісті шашбау тақпаса да, сол ана-апаларымыздың бойындағы жақсы қасиеттері бойында болса, ешқашан жігітке бірінші сезімін білдірмес еді...
Жанна Мәлік: Меніңше, қыздың жігітке сезімін білдіруі онша сәтті шықпайды. Жігіттің ұнатқан қызына сезімін өзі бірінші болып айтқаны әлдеқайда абзалырақ. Ол табиғат заңдылығы ғой.
Ернұр Сағатбек: Қазақтың табиғатында қыз сезімін жігітке бірінші білдіруі ерсі деп қабылданады. Ал, кейде ғашықтық ұлттық танымның ауқымынан шығып кетеді. Дегенмен "қыздың қырық айласы бар". Қалайда тұспалмен болсын тігісін жатқызып жеткізуге қыздардың құдіреті жетеді. Ары қарай шалма түсірген басқа жүгенін кигізеді де, бір жүректің "vip" мекенін жаулап алады. Қашанда әйел тумысынан әйел ғой!
Ал сіз қалай ойлайсыз? Қыздың алғашқы болып жігітке сезім білдіруі дұрыс па?