Жүректерді жарастырған – Алматы

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналған «Жүректерді жарастырған – Алматы» атты байқау өтті. Мың жылдық тарихы бар әсем қала Алматының мәдени-тарихи мұралары мен сұлу табиғатын насихаттап, бұл қаланың нағыз ғашықтар қаласы екенін дәлелдеу мақсатында ұйымдастырылған шараға университеттің ізетті, сұлу да сымбатты, халқымыздың салт-дәстүрін жетік меңгерген арулары мен сегіз қырлы, бір сырлы сері жігіттері қатысты. 

Байқауға оқу орнының алты факультетінен 6 жұп қатысты: Орман, жер ресурстары және жеміс-көкөніс шаруашылығы факультетінен Олжатай Қайсар мен Қантөреева Гүлжауxар, Инженерлiк факультетінен Азирбай Ердаулен мен Дарынбай Камила, Ветеринария факультетінен Еркебай Əбдіқалык және Дүйсеналина Жансая, Агробиология және фитосанитария факультетінен Сугирбекова Айдана мен Махашов Айдынбек, Гидротехника, мелиорация жане бизнес факультетінен Ыдырыс Алмат пен Өмірзак Еркеназ, Технология жане биоресурстар факультетінен Мәдәлі Тоғжан және Асқар Ахмет. 

Қатысушылар 3 кезең бойынша бақ сынасты. Бірінші кезеңде сайысқа қатысушы жұп өзінің факультетін, мамандығын, аты-жөнін әнмен, поэзиямен немесе бейнеролик арқылы таныстырса, екінші «Бәйге» кезеңінде үміткерлердің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы жөнінде білімдері тексерілді. Байқаудың үшінші кезеңінде сәні мен салтанаты келіскен қыз-жігіттеріміз мың бұрала жұптық би билеп, көпшіліктің ықыласына бөленді. 

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Анар Қашағанова, танымал актриса, әнші Салтанат Бақаева, белгілі ақын, аудармашы, журналист Алмат Исәділ, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актері Абзал Асхатұлы және «Ерке-Нұр» сән үйі директорының орынбасары Айжан Байзақова төрелігін айтып, қазылық жасады. 

Кешке «Жігер» тобының әншісі Болатбек Досыбаев арнайы келіп, әннен шашу шашты. Сонымен қатар, көрермендер елімізде шеберліктің сырын талмай шертіп, ұлтымыздың мақтанышына айналған «Ерке Нұр» сән үйінің әйелдерге арналған ұлттық нақыштағы киімдері көрсетілімін тамашалады.


Байқау қорытындысы бойынша, көпшіліктің көңілінен шығып Бас жүлдені «Технология және биоресурстар» факультетінің студенттері Мәдәлі Тоғжан мен Асқар Ахмет иеленіп, нағыз бүгінгінің Төлегені мен Жібегі үлгісін көрсетті. Бас жүлдеге ие болған байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен, «Ерке-Нұр» сән үйінің арнайы сертификаттарымен марапатталды.