15 сәуір – қазақтың махаббат күні. Ғашықтардың төл мерекесі. Қозы Көрпеш Баян сұлу күні. Бұл күнді асыға күтетін ғашық жандар аз емес. Кейбір жігіттер қауымы сүйген қызына сөз салу үшін сарылып күтсе, нәзік жандыларымыз сүйген жігітіне сыйлық сатып алып, өзі де ерекше сыйлық күтеді. Алайда сол нәзік жандыларымыз бұл күннің жартысын мерекелік кешкі кездесуге немесе түрлі отырыстарға дайындықпен өткізеді. Бұл күні киетін көйлек те қыздар қауымы үшін өте маңызды. Ал кешкі кездесуге бет әлпетіңіз мінсіз болу үшін мінсіз жасалған макияждың рөлі зор.
Көпшілік жігіттер қауымы қыздардың бетіне бояу жаққанын құп көрмегенімен, жақсы көрген қызының әдемі болып жүргенін қалайды. Біз де сізге баттастырып, үсті-үстіне жағылған макияж жайында айтпаймыз. Қанша жерден боянғаныңызбен, сіздің басты сұлулығыңыз – көркем мінезіңіз бен сүйкімді қылығыңыз болып қала бермек. Тек төмендегідей кейбір ескерілетін жайттарды ұмытпасаңыз болды.
1. Ең әуелі өзіңізге нақты бір образ таңдаңыз, не көзіңізді, не ерніңізді айқындаңыз. Кірпігіңізді жасанды ұзартатын болсаңыз, ерніңізді бейтарап түспен боясаңыз да жетіп жатыр. Егер ерніңізді қызыл немесе жылтыр түсті далаппен боямақ болсаңыз, көзіңізді барынша қарапайым бояуға тырысыңыз.
2. Бет терісінің реңін тегістеу үшін тері түсіне сай тоналды крем немесе опа пайдаланыңыз. Есіңізде болсын, ешқашан құрғақ теріге тоналды крем немесе опа жақпаңыз.
3. Көзіңізге бояу түсін таңдарда абай болыңыз. Жігітіңіздің де талғамынан шыға білу үшін, оның көзқарасы өте маңызды. Ол сіздің көк түспен боялған көзіңізді көрмесе, ерекшелік үшін батыл тәуекелге бармағаныңыз абзал. Көк түс көбіне қой көзді немес көк көзді қыздарға жарасады. Қабақты бояуда 3 реңктен артық бояуды пайдаланбаңыз.
4. Астыңғы қабаққа қара сүрме жақпаған дұрыс. Ол сізді есейтіп және көзіңізді кішірейтіп көрсетеді. Қошқыл қоңыр көз бояуын пайдалансаңыз, көзіңізді үлкейтіп қана қоймай, қарапайымдылығыңызды да сақтап қаласыз.
5. Кірпік бояуын бірнеше қайтара бояп, өрмекшінің аяқтарына ұқсатып жібермеңіз. Кірпіктерді арнайы тарақпен тарап, тушьті баттастырмай жағыңыз. Ал астыңғы кірпіктерді жаққыштың ұшын тигізу арқылы бір қайтара жақсаңыз жетіп жатыр.
6. Жіңішке қас адамды есейтіп, бет әлпетін жалпақ етіп көрсетеді. Әр қызға табиғат берген қас пішіні жарасады. Тек артық қылшықтарды жұлып, қасқа арналған щетка-тарақпен тарап отырса болғаны.
7. Әрдайым шаш, қол, мойын мен кеуде терісінің жағдайын бақылауда ұстаңыз. Оларды да ылғалдандыруды ұмытпаңыз.