"Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат – таусылмайтын әңгіме!" деп Мұхтар Шаханов жырлағандай, бұл ұлы сезім ешқашан құндылығын жоғалтқан емес, жоғалтпайды да. Ақындық өнері бар әрбір адам осы бір ыстық сезімді көркемдеп жазуға ынтызар. Бір-біріне сүйсіне қарайтын ғашықтарға арнап, махаббат туралы бірнеше өлең ұсынуды жөн көрдік.
…Керім
Сал көктемнің қоңыр кеші.
Кездесудің әсері әйбат.
Сен еркелеп өмірге осы
Келе жаттың көше бойлап.
Келе жаттың кердең басып,
Көрініп-ақ көзге әдемі.
Сол сәт бір ой кеудемді ашып,
Сабырымды қозғап еді…
Жүздесу бұл бірінші рет,
Қарайлайсың жылып бейнең.
Бір жағынан күлімсіреп,
Бір жағынан күдікті оймен…
Жаның балқып күн көзіне,
Жайлы қандай жымиғаның,
Жарасып-ақ тұрды өзіңе,
Жұпар шашып гүл-иманың!
Қиылған қас арасынан
Қос нүктедей көрдім меңді.
Көрімдік қып мен осыған
Көк аспанды бергім келді.
Саған қарап ой көшінен,
Кейпіне еніп бақытты ердің.
«Арманымның бейнесінен»
Арнап өлең оқып бердім.
Болмас, сірә, өмірде тең,
Сенім, сезім – ол екі ұғым.
…Сағынамын дедім бе екем,
«Сағынышты» неге оқыдым?
Жанарымнан тайғанап мұң
Бара жатты…
Кездескенде
…Тылсым, терең ойға баттым,
Түсіне алмас өзге еш пенде.
….Ал сен ше?
Қалқаман Сарин
Білектей арқасына өрген бұрым...
Абай
О, махаббат!
О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Көзімнен ғайып болған күнім едің!
Гүлім едің,
Елтіген түнім едің.
О, махаббат сен әлі тірі ме едің?!
Мен сені ұмытқанмын
Жылытқаның есте жоқ, суытқаның,
Суып қаным,
Жинағам құрып хәлім.
Құлаған отауымның уықтарын,
Содан бері мен сені ұмытқанмын.
О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Тірі болсаң, мен де енді тірілемін
Ақ періште алдына жүгінемін,
Қолдай гөр, ғашықтардың пірі мені!
Мұқағали Мақатаев
Аяймын махаббатты жетім қалған
Өкінбеймін біреуді өпсең де өліп,
Өкінбеймін біреуге кетсең де еріп.
Жазмыштың маған жазған пендесіне
Мен-дағы кезігермін көп сенделіп.
Мұң ба екен,
Мұның бәрі уайым ба екен?!
Бүгінде ойым бөтен, жайым бөтен.
Қойнына қона алмаған қос аққуға
Қол бұлғап қала берер – қайың мекен…
Жабықпа,
жарылқасын бетіңді алдан.
Өткен күн өшкен, көшкен секілді арман…
Болар-ау бәрі де ұмыт,
Амалым не,
Аяймын махаббатты жетім қалған.
Исраил Сапарбай
Аңсар
Шексіздікке шырмалған бір шерлі едім,
Сезімі елткен сағымға.
Ең аяулы әнім болдың сен менің,
Әлдилейін жанымда.
Әлди, әлди... алыстағы аңсарлы ән,
Көңіл сенсіз дерттенер.
Бізді қандай тағдыр күтер қарсы алдан?
Сеніміңді сертке бер.
Түндер кештім - нені сездім, не білдім?
Көзім алды байланып.
Ақ бұлттардан нөсер болып төгілдім,
Сағынышқа айналып.
Ой зарығып, үміт алдап бүтін күн,
Жолға қарап жалтақтай.
Жалғыздықтың жанарына жұтылдым,
Қол созарға жан таппай.
Өмірімді шуақ қылған затың нұр,
Сенсіз күннің бәрі мұң.
Түнге сіңіп, тағы адасқан сәтім бұл,
Қайдасың сен, жарығым?
Шерхан Талап