- Негізгі бет
- 15 сәуір 2016
- 15 сәуір. Қашықтықтағы...
15 сәуір. Қашықтықтағы ғашықтық
Арасынан қыл өтпейтін жұптың сезімі қашықтықта сыналады. Алыста жүріп, ұлы сезімнің елшісі болып жүрген ғашықтар қаншама? «Қашықтықта ғашықтық болмайды» («Любовь на расстоянии не бывает») дегенді сыныққа сылтау етіп, қателіктерін километрге байлап қоятындар бар. Олар махаббаттың барлық жерде өмір сүретінінен, сүре беретінінен бейхабар-ау. Бір-бірінің қадірін түсініп, өткен күнді күнтізбеден сызып отыруды әдетке айналдыру – бір бақыт.
Уақыт белдеуі
Жер шарының әр нүктесінде уақыт белдеуі әртүрлі болады. Сіз және ғашығыңыз тұрған қала бір белдеуде жатпауы мүмкін. Уақыт белдеуіне, жұмысыңызға не сабағыңызға кедергі келтірмейтіндей бір уақытты белгілеген дұрыс. Белгіленген уақытпен желіде кездесіп, сағыныштарыңызды басасыздар.
Жүректің сөздері
Бір-біріңізді еркелетіп, сағыныштан сарғайған жаныңызды жылы сөздермен жылытып тұрыңыздар. Бұл сөздер айтылуы керек міндет деп немесе араны суытып алмас үшін айту керек деп түсінген адам қателеседі. Махаббат бағында жүрген жанның жүректен шыққан сөзі иесіне жол табады.
«Арамыз суып барады»
Ешқашан мұң шақпаңыз. «Сөйлеспегенімізге 2 күн болды», «маған бос уақыт таппайсың», «арамыз суып барады» деп алыста жүрген адамның жүйкесін жұқартпаңыз. Өзіңіз сағынышыңызды жеткізіп, таңғы хабарлама жазыңыз, әр күніне сәттілік тілеңіз. Әйтпесе мұның арты сенімсіздікке ұласады.
Сенімге шек келтірмеңіз
Міне, сенім – ең басты дәрумен. Сүйіктіңіздің не ішіп, не қойғанын сұрап, бақылау – тіпті ерсі. Махаббатқа сеніммен қараған адам ғана бар сынақтан сүрінбей өтеді.
«Сен жүрген жермен жүргім келеді...»
Екеуіңіз бір уақытта бірдей әрекет жасаңыздар. Қазір ғаламтордың дамыған дәуірі ғой. Skype желісімен сөйлесіп, екі жақта отырып, кітап оқыңыздар, сурет салыңыздар, суретке түсіңіздер, тамақ дайындаңыздар, жаттығу жасаңыздар, ән айтыңыздар, қысқасы бірге жүргендей сезініңіздер.
Суреттер
Бірге өткізген оқиғаларды еске түсіретін суреттер жіберіп отырыңыздар. Бір жүрген алаң, көл жағасы, балмұздақ, бірге көрген кино, бірге оқыған кітаптардың суретін жіберіп, өткенді еске алып отырыңыздар.
«Сен маған хат жазуды ұмытпа»
Хат – ең асыл зат. Себебі, ескірмейді, өшпейді де. Аппақ қағазға сезіміңіз бен сағынышыңызды түсіріп, суретіңізбен хатқа салыңыз. Мүмкіндік болса, сол жаққа жолы түскен жолаушыдан беріп жіберсеңіз, шетте жүрген жанға медеу болары сөзсіз.
Біз кездесер күн жақын
Кездесетін күнді санап, сол күнге ерекше дайындалып жүрсеңіз, ол келетін не өзіңіз қайтатын күнді қалай өткізетініңізді ойлап жүрсеңіз, жаныңыз тынышталады. «Сағыныш деген тәтті мұң», қауышар күннің одан да тәтті боларына сеніңіз.
Г. Берік