- Негізгі бет
- 15 сәуір 2015
- Тараздықтар ғашықтар күні...
Тараздықтар ғашықтар күні атап өтті
15 сәуір – Қазақстанда ұлттық ғашықтар күні. Осы атаулы дата қарсаңында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «ТарМПИ ғашық жұптары» атты фестиваль өтті. Шарада аталған оқу орнының студенттері махаббат жайлы өлеңдер оқып, әуезді әндер шырқап, өз сүйіктілеріне деген сезімдерін түрлі өнерлері арқылы паш етті. Бұл туралы ТарМПИ-дің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұрын ақпан айында аталып өтіп жүрген халықаралық ғашықтар күніне балама ретінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаты мен сүйіспеншілігіне арналған мерекелі күнді ТарМПИ ұжымы жыл сайын жоғары деңгейде атап өтуді дағдыға айналдырған. Осы арқылы елімізде ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделген жаңа тұрпатты мерекеге айналдыруды үрдіске айналдырмақ. Енді оны ұлттық дәстүрлерімізбен жарастырып, одан әрі байыту, әрі қарай жалғастыру қоғамның, әсіресе, жастар қоғамының міндеті болып отыр. Мерекелік шарада оқу орнының тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова мейрамның мән-маңызына тоқталып өтті. О. Көпбосынқызы өз сөзінде: «Ғашық жүрек сүйгені үшін бола алмайды жазалы, Адам азса ғашықтықтың жоқтығынан азады... Ғашық болу келсе кімнің қолынан, әлем соған сенеді. Құлай сүю –ерлікпен тең себебі!» деп ұлтымыздың ақиық ақыны Мұхтар Шаханов жырлағандай адал ғашық болып, ерліктерге жол бастар күн 15 сәуір елімізде «Ғашықтар күні» болып белгіленгеніне бүгінде бірнеше жылдың жүзі болды. Аталмыш мерекені атап өту жүрегі елім деп соққан әрбір ұлтжанды азамат үшін үшін маңызды» деді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша, бір-біріне адал сезімдерін шынайы білдірген Филология факульетінің атынан сынға түсіп отырған жұп үздік деп танылды. Кешкілік серуенге шыққан жастар Тараз қаласы тұрғындары мен қонақтарына бүгінгі мереке турасында үгіт-насихат жүргізді.
Сурет: ТарМПИ Баспасөз қызметі
Ш. Талап